Ол қазан айының басында абақтыда отыр еді. Қапасқа жабылғанына 3 жыл болған. Алайда айдың ортасында бір елдің жаңа басшысы атанып шыға келді. Сырттай қарағанда оны баз біреу қырғыздың Манделасы деп ойлар. Алайда ол апартеидке қарсы күреспеді. Кезінде митинг ұйымдастырып, адамды тұтқындамақ болғаны үшін сотталды. Міне, Жапаров енді Қырғыз Республикасының келесі президенті атануы мүмкін. Қазірше мемлекет басшысының міндетін атқарушы, сәйкесінше бар билік соның қолында. Енді ол өзі уәде берген таза қырғыз елін құра ала ма?
Садыр Жапаровты қатардағы қырғыз азаматы деуге келмес. Жастайынан көзге түскен. Кеңес армиясының үздігі атанған. Елге оралған соң совхоз басқарған. Тіпті, 1 жылдай милиция қатарында болған. Кейін мұнай компаниясына жетекшілік етті. Алайда алған арнайы білімі терең деп айтуға келе қоймас. 1991 жылы денешынықтыру институтын тәмамдаған. Кейін 2006 жылы парламент депутаты кезінде заң факультетін сырттай оқып алған. Жапаров саясатқа экс-президент Құрманбек Бәкиевтің жақтасы ретінде келді. 2005 жылы төңкерістен соң ол Жогаргу Кенеш депутаты атанды. Бірнеше комиссия мүшесі болды. Ал Бәкиев парламентті таратқан соң 2007 жылы оның кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Алайда 2010 жылғы талай жанның қаны төгілген төңкерістен соң басшысының артынан ермеді. Елде қалды. Кейін берген сұхбаттарында Бәкиевтің жақтасы емес едім деп одан бас тартып шыға келді. 2010 жылы қырғыз елінің оңтүстігінде болған қырғыз-өзбек қақтығысында ол ерекше белсенділік танытып, көзге түседі. Бірақ қос тарапты табыстырушы ретінде емес. Куәгерлер Жапаров қырғыз ұлтшылдығын қоздыруға үлес қосқан деседі. Ондаған кісі көз жұмған қайғылы оқиғадан соң Садыр Жапаров саясаткер ретінде қырғыз халқының арасында абырой жиып, қолдауына ие болды. Сол жылғы парламент сайлауында ол жетекшілердің бірі болған Ата-Жұрт партиясы (төрағасы Камчыбек Ташиев) 16% дауыс жиып, заң шығару органындағы 28-орынға иелік етті. Аталған депутаттық тізімде Садыр Жапаров та болды. Дегенмен Жапаров заңға жай дауыс беріп отыратын депутат болмай шықты. Ол өзінің туған жері – Ыстық-көл облысындағы «Құмтор» кен орнын мемлекет қарамағына қайтару керегін айтып, бірнеше митинг ұйымдастырды. 2012 жылы осы мақсатта Бішкекте ереуілге шығып, Ақ үйді басып алмақ болды. Бұл әрекеті үшін 1 жылдан соң Ташиев, Жапаровты Бішкектің аудандық соты 18 айға бас бостандығынан айырды. Алайда үш айдан соң қалалық сот оларды сот залынан босатты. Бір қызығы, сол 2013 жылы оларды бостандыққа жіберген судьялардың бірі алдыңғы аптада президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды. Жапаров өзіне жақсылық жасағандарды ұмытпайды екен. Алайда «Құмтор» кен орны оны мазалауын қоймады. Бостандыққа шыққан соң 2013 жылы шілде айында Ыстық-көл облысының орталығы Қаракөлде кезекті митинг өткізіп, облыс басшысы Эмилбек Қаптағаевты кепілдікке алмақ болған. Яғни, Жапаров осы шабуылы арқылы өз мақсатына жету үшін қылмыстық әдістен таймайтынын дәлелдеген. Көп өтпей осы әрекеті үшін айыпталады. Оның жақтастары тұтылса, өзі Кипрге қашып кетеді. Тек 2017 жылы Отанына оралған тұста құрықталып, 11 жылға сотталады. Аталған кен орны шетелдіктердің иелігінде еді. Жапаров оны үкіметтің бақылауынан бұрын өз қарамағына алғысы келгендей. Сол үшін де талай ереуіл ұйымдастырған сыңайлы. 6 қазан күні жақтастары оны түрмеден күшпен босатқанға дейін Жапаров қапаста 3 жыл жатты. Алайда мұнда да тыныш жүрмеген секілді. Бішкектің ішкі саясатынан хабардар сарапшылар Садыр Жапаровты қылмыс әлемінің серкесі Камчибек Колбаев қолдап тұр деп есептейді. Егер бұл болжам шындыққа жанасса, онда көрші елді қылмыстық топтар басқаруы мүмкін деген ой қылаң береді. Садыр Жапаров соңғы 2 аптада бостандыққа шығып қана қоймай, Қырғыз Республикасындағы бүкіл билікті қолына байлап алды деуге болады. Алдымен жақтастары оны күштеп премьер-министр қызметіне тағайындады. Кейін астанадан қашқан Сооронбай Жээнбеков елді тәртіпке шақыруға тырысты. Бірақ оның шешімдерін парламент депутаттары қолдамай қойды. Жээнбеков қызметінен кеткен соң заң бойынша оның орнын басуы тиіс парламент спикері ол міндетті атқарудан аяқасты бас тартты. Осылайша, үкімет басшысы бірден президенттің міндетін атқарушы лауазымына ие болды. Енді Жапаровтың негізгі мақсаты – өзінің билігін заңдастыру, жақтастарын, яғни Ата-Жұрт партиясының мүшелерін парламентке өткізу. Бірақ бір кедергі бар. Қырғыз Республикасының заңы бойынша, президент міндетін атқарушы сайлауға қатыса алмайды. Алайда Жапаровқа ол да аса үлкен қиындық емес секілді. Себебі жақында берген сұхбатында парламент және президент сайлауы туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар еніп жатқанын мәлімдеді. Басқаша айтсақ, депутаттар оның ел басшылығына келуіне құқықтық тұрғыда жағдай жасап бермек. Бұдан басқа, оның президент атануына тағы да кедергі бар еді. Ол – Жапаровтың қылмыстық тарихы, яғни сотталғандығы. Мұндай адамның ел басқару түгілі мемлекеттік қызметке тағайындалуы мүмкін емес. Алайда алынбайтын қамал жоқ екен. Қазан айының бел ортасында Қырғыз Республикасының Жоғарғы соты оны барлық бап бойынша ақтап шықты. Енді Садыр Жапаровтың өткен биографиясы тап-таза, кез келген сайлауға сай келеді деуге болады. Жапаров бұл күндері жай жатқан жоқ. Үзеңгілестерін лауазымды қызметтерге тағайындауда. Мәселен, өзінің қанды көйлек ескі досы, Ата-Жұрт партиясының жетекшісі Камчыбек Ташиевті мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне төраға етіп тағайындады. Осылайша, химик-технолог бір күнде арнайы қызметтің басшылығына келді. Ал вице-премьер қызметіне Равшан Сабировты апарды. Бір қызығы, бұл кісі әлеуметтік даму министрі кезінде пара алғаны үшін 5 жылға сотталған. Осылайша, көрші қырғыз елі үшінші мемлекеттік төңкерістің салдарын көріп жатыр. Әзірге билікке келген Садыр Жапаров жемқорлықпен күресіп, оффшордағы ақшаларды қайтарып, бюджетті толтыруға уәде етті. Ол үшін күмәнді жолмен байлыққа кенелгендерге 30 күн берді. Дегенмен мұндай популистік жоспар өз нәтижесін бере ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.Әлихан ИСМАН