Қыркүйектің 27-і күні Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағында басталған соғыс әлі жалғасып жатыр. Соңғы дерекке қарағанда, Әзербайжан армиясы аймақтың оңтүстігіндегі бірқатар аудандарды қайтарып алған. Тіпті, атышулы Лашын дәлізіне де жақындап қалғаны айтылады. Ал бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео қос елдің сыртқы істер министрлерімен кездеседі. Сөйтіп, тағы да атысты тоқтату мәселесі талқылануы мүмкін. Бірақ Таулы Қарабақ мәселесін Әзербайжан қарудың күшімен түбегейлі шешуге бел буған тәрізді.
Елшілер емес, қару «сөйлеп» тұр
Әзербайжан тарапы Таулы Қарабақ мәселесін келіссөздермен шешуден бас тартпайтынын айтумен келеді. Олардың нақты шарттары да бар. Ресми Баку Таулы Қарабақтың айналасындағы 5 ауданды ешбір шартсыз босатуды, қалған екі ауданның жайын кейін талқылауды ұсынған. Ал Таулы Қарабаққа автономия статусын беретінін де алға тартқан. Негізі, бұл Минск тобының жобасы болатын. Әзербайжан жағы оған келісіп отыр. Алайда Армения билігі бұл жоспармен келіспеді. Ақыры 30 жылға жуық уақыттан соң соғыс қайта басталды. Қазіргі жағдайда Әзербайжан армиясы қарсыластарын қарудың күшімен келіссөзге мәжбүрлеудің аз-ақ алдында тұр. Жылдар бойы оккупацияда болған аймақтар бірінен соң бірі азат етіліп келеді. Таулы Қарабақтың солтүстігінде Әзербайжанның 1-армиялық корпусы әрекет етсе, күңгейінде 2-армиялық корпусы ұрыс жүргізіп жатыр. Ел Президенті Илхам Әлиев соғыс басталғалы бері қарсыластың 248-ге жуық танкі, 198 көлігі, 192 зеңбірегі мен гаубицасы, 6 «Эльбрус» оперативті-тактикалық зымыран кешені, 21 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы, 4 С-300 зениттік зымыран кешені, 17 қоймасы, 17 радиоэлектронды барлау машинасы жойылғанын айтқан-ды. Ал Әзербайжан армиясы Зангилан, Гадрут тәрізді қалашықтарды, Физули, Жәбрайл тәрізді аудандардың көптеген ауылдарын аза етті. Таулы Қарабаққа кіретін екі жолды да бақылауда ұстаудың мүмкіндігі туған. Бұл дегеніңіз ендігі келіссөздер ресми Бакудің дегенімен ғана жүруі мүмкін екенін байқатады. Бірақ...Мәскеу мен Вашингтонның көздегендері екі түрлі дүние
Келіссөз демекші, бірқатар сарапшылар Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің АҚШ-қа сапары еш нәтиже бермейтінін алға тартады. Өйткені дәл қазір АҚШ Таулы Қарабақ мәселесіне бас қатырып отырған жоқ. Ол жақта президент сайлауы додасы қызып тұр. Сондықтан Трамп америкалық армяндардың көңілінен шығу үшін екі елдің министрлерін шақыруды көздеген деседі. Әрі армяндарды жақтайтыны туралы мәлімдеме де жасап тастаған. Әйтпесе, Минск тобы төрағаларының бірі ретінде АҚШ бұған дейін жанжалды реттеуде белсенділік танытқан жоқ. Ал топ төрағаларының бірі – Франция ашық түрде Ереванды жақтады. Үшінші төраға Ресей болса келіссөздерді алға тартты. Әрі оны ұйымдастырды. Сонымен бірге Армения жерінде тұрған Ресей әскері Әзербайжан армиясының көрші елдің шекарасына еніп кетуіне жол бермеуге бекінгені байқалады. Бұл өз кезегінде майдан тек Әзербайжан жерінде болып жатыр деген мәлімдеме жасаған В. Путиннің сөзін растап, Бакудің жоспардан тыс қадам жасауына жол бермеу үшін жасалған қадамға ұқсайды. Демек, Кавказдағы жанжалды реттеуде Минск тобынан Ресей ғана белсеніп тұрғандай көрінеді. Сонымен қатар Ресей, Түркия және Иран өзара келіскен дейтін тұспал қисынға да келетін сияқты. Ресейдің әрекетін көрдік. Түріктердің де ашық мәлімдеме жасап, бауырларын қолдап жүргені, біраз техника бергені жасырын емес. Ал Иран ше? Біздің пайымдауымызша, Иран Таулы Қарабақ мәселесіне өз ішіндегі әзербайжан ұлтының наразылығына бола араласа алмай отырған тәрізді. Әйтпесе, Әзербайжанға көмектесіп, жақтас болып отырған Израиль үшін Бакуге ренжімеуі мүмкін емес еді. Сонымен қатар Ресей және Түркиямен орынсыз кикілжіңге барудың да қажеті жоқ. Сондықтан ресми Тегеран әзірге «сен тимесең, мен тимен» деген сыңай танытады. Бірақ парсылардың аймаққа қару-жарақ өткізбек болғаны, түрлі елдерден қару тасымалдаған ұшақтарды өткізгені жайлы мәлімет бар. Алайда олар ақиқатты бәрібір анық көрсете алатын дүние емес.Еріктілерді майданға шақырды
Армения премьер-министрі Никола Пашинян бірер күн бұрын күллі армян жұртына сауын айтып, қолға қару алуға жарайтындарды майданға ерікті ретінде аттануға шақырған. Сөйтіп, шабуыл жасап келе жатқан Әзербайжан әскерлерін тежеуге тырысқаны байқалады. Әрі НАТО жаққа да қарайлап, батыс жұртынан көмек күтетінін ашық айтты. Алайда ресми Ереван Таулы Қарабақтың де-юре Әзербайжан жері екенін, оны БҰҰ мойындағанын, әскерді шығару туралы 4 резолюция бар екенін көзге ілмей келеді. Пашинянның мәлімдемесіне қарағанда, Әзербайжан Таулы Қарабақтан шығып, Арменияға шабуыл жасамақ екен-мыс. Алайда мұндай қадамға өңірдегі ірі мемлекеттердің жол бермейтіні анық. Сондықтан Армения премьер-министрінің байбаламын ел алдында ақталу деп бағалаған жөн. Армян халқы соғыс жағдайында премьерге базына айта қоймас, соғыс аяқталған соң одан есеп сұрайтыны сөзсіз. Ел дүрлігіп, саяси дағдарыс та орнауы мүмкін. Пашинян соны білгендіктен соғыс арқылы қоғамды топтастыра түсуге ұмтылып жатқан сыңайлы. Бірақ бұл тәсіл ұзаққа бара қоймайды. Тек қатардағы қарапайым сарбаздар құрбан болып жатыр. Демек, еріктілерге ұран тастау оның қарақан басының қамын күйттегеніне көбірек ұқсайды. Әйтпесе, дипломатия арқылы соғысты тоқтатудың түрлі мүмкіндігі болып еді.Амангелді ҚҰРМЕТ