Грузияда кезекті парламент сайлауы өтті. Биліктегі миллиардер Иванишвилидың «Грузин арманы» партиясы тағы да жеңіске жетті. Жеке-дара үкімет құруына мүмкіндік бар. Алайда күтпеген жайт та тіркелді. Елінде іздеу жарияланған Михаил Саакашвили жетекшілік ететін партия екінші орын алды. Сәйкесінше, негізгі оппозициялық күшке айналмақ. Аталған сайлау нәтижесінен соң Украинада реформаларға жауапты болып жүрген Саакашвили Тбилисиге оралуы мүмкін бе?
Сенбі күні өткен парламент сайлауы Грузия үшін ескі қарсыластардың текетіресі жалғасқан алаңға айналды. Бір тарапта бүгінгі Грузияның ресми билігінің «сұр кардиналы» миллиардер Бидзина Иванишвили болса, қарсы жақта 2008-2013 жылдары осы елдің президенті болған Михаил Саакашвили. О баста бұл азаматтарды әріптес болған деседі, алайда кейін миллиардер бастаған партия экс-президенттің елден қашуына түрткі болған. Тіпті, оның сыртынан бірнеше қылмыстық іс те ашты. Атап айтсақ, бюджет қаражатын ретсіз жұмсау, депутаттың денсаулығына зақым келтіру, телекомпанияны заңсыз тартып алу, демонстранттарды таратуда заңсыз күшке жүгіну. Сондықтан Михаил Саакашвили Грузияға оралса, шекарада тұтқындалуы мүмкін. Сонымен, сайлау нәтижесі Грузиядағы саяси күштердің салмағын өзгерткен дода болды. Бірінші орында – Бидзина Иванишвилидың «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» партиясы, сайлаушылардың 48,16% дауысын жинады. Екінші орында – Михаил Саакашвили жетекшілік ететін «Тұтас ұлттық қозғалыс» партиясы, 27,12%. Сондай-ақ парламентке «Еуропалық Грузия» (3,78%), «Грузияға Лело» (3,16%), «Грузия патриоттары альянсы» (3,15%) және басқалар өтті. Жалпы, енді сайлауға қатысқан 48 партияның 9-ның заң шығару органында өкілі болмақ. Себебі биылғы сайлауда партиялар бар болғаны 1 пайыздық белесті бағындыруы керек еді. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші, Грузиядағы бұл сайлау бұған дейінгілерінен өзгешелеу болды. Неге? Біріншіден, аралас жүйеде өтті. 150 депутаттың 120-сы пропорционалды жүйемен, қалған 30-ы мажоритарлы жүйемен сайланады. Екіншіден, жоғарыда айтылғандай алғаш рет партиялар парламентке өту үшін 5 пайыздық емес, 1 пайыздық межені өтуі керек болды. Үшіншіден, шетелге қашып, бас сауғалаған Саакашвили Грузияда қайтадан қолдауға ие болды. Төртіншіден, халықаралық бақылаушылар осы сайлауда заңбұзушылықтардың көп болғанын мәлімдеп, бұл елдің бір қадам артқа шегінуі деп бағалады. Мәселен, тек «Transparency International – Грузия» ұйымы 170 ереже бұзу фактісін тіркеген. Ал 2 250 сайлау учаскесін бақылаған Грузияның жас заңгерлер қауымдастығы да «бұл «Грузиялық арман» партиясы билікке келгелі ең нашар ұйымдастырылған сайлау болды» деген қорытынды жасап отыр. Елдің Ішкі істер министрлігі бірден 12 қылмыстық және 16 әкімшілік іс қозғаған. Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланғанымен, Саакашвили бастаған оппозиция оның қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеп, жаппай ереуіл ұйымдастыруға кірісіп кетті. Айтпақшы, осы тұста екі нәрсені айта кеткен жөн. Экс-президент Украинада тұрып жатқандықтан, өзінің сайлауалды үгіт-насихатын онлайн жүргізді. Онлайн кампания үшін 27 пайыз жаман көрсеткіш емес екенін айта кеткен жөн. Оған қоса, сонау 2004 жылы Саакашвили кезекті парламенттік сайлаудың нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, төңкеріс нәтижесінде билікке келген болатын. Сол сценарийді осы жолы да қайталай ала ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ тырысып көретін секілді. Өйткені оппозиция өкілдері дүйсенбі күні-ақ парламент үйінің жанында митинг ұйымдастырып, шатыр тіге бастаған. Әрине, оқиғаның түрліше өрбіп кетуін жоққа шығаруға болмайды. Қырғыз Республикасында жақында болған кезекті мемлекеттік төңкеріс оған анық дәлел. Бірақ қазіргі Грузия 2004 жылғы Грузия емес. Бір революцияны бастан кешірген, көп нәрсе өзгерген, реформалар жүрген. Тағы бір төңкеріске жол бере қоймас. Алайда оппозиция өткен сайлауда биліктегі «Грузиялық арман» партиясының жеңісі үшін дауыс сатып алу, жаппай бюллетень тастау, сайлау учаскесіндегі төбелес фактілері жиі кездескенін айтып отыр. Не де болса, Грузияның ішкі саясатында саяси салмақ өзгерді. Бұған дейін биліктегі «Грузиялық арман» парламенттегі 150 орынның 116-сын иемденсе, осы жолы 60-қа жуық орынмен шектелетін сияқты. Ал Саакашвилидің «Тұтас ұлттық қозғалыс» партиясы соңғы сайлауда 6-орынды місе тұтса, сенбідегі сайлаудан соң 40 депутатын парламентке отырғызуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда бір-екі өкілі үкімет құрамына кіруі де ғажап емес. Яғни, енді миллиардер Иванишвилидың билігі шектелетіні анық. Ал Саакашвили Грузияға оралатын жағдай әлі туындамады. Иванишвили оған жол бере қоймас. Себебі экс-президент еліне оралса, онда саяси жағдайды шайқап, тұрақсыздық туғызуы бек мүмкін. Оны Петр Порошенко кезінде алыстағы Украинада да дәлелдеді. Сол себепті Грузиядағы қазіргі ресми билік, «Грузиялық арман» партиясының басшылығы Украинада Реформалардың ұлттық комитетіне жетекшілік ететін Саакашвилидың елге келуіне барынша кедергі жасайды.Нұрмұхамед БАЙҒАРА