Джо Байден: демократ, католик, әккі сенатор, жаңа президент
Джо Байден:  демократ, католик, әккі сенатор, жаңа президент
241
оқылды

Қазақ «тойдың болғанынан боладысы қызық» десе, биыл АҚШ-та сайлаудың өткенінен оның санағы қызық болды. Қос қарияның президенттік таққа таласуы пандемиямен, Black Lives Matter қозғалысының салдарымен тұспа-тұс келіп, күрделеніп кетті. Ал дауыс санағы 3 күнге созылды. Осылайша, Джо Байден 46-президент атанса, ал 4 жыл бұрын популизм толқынымен билікке келген Дональд Трамптың саяси карьерасы аяқталып жатыр. Енді әлем демократ-президенттен не күтеді? Ол елінің саясатын қалай өзгертуі мүмкін?

Джозеф Робинетт Байден сая­сатқа Трамп секілді сырттан қо­сылған «легионер» емес. Ол 29 жасында Дэнуер штатынан сенатор болып сайланып, елдің ең жас саясаткерлерінің бірі атанды. Кейін осы қызметін 35 жыл бойы, яғни 1973-2008 жылдары атқарды. Бұған дейін екі рет президенттікке үміткер болған, алайда сәті түспеді. Бірде праймеризге жетпей жолдан тайса, 2008 жылы Х.Клинтон мен Б.Обама алдын орап кетті. Сенаторлықтан жалықты ма, сол жылы алғашқы қара нәсілді президентке вице-президент атануға келісті. Биылғы президент сайлауына демократтар ұзақ дайындалды. Себеп көп. Соның бірі – Трамп Обаманың 8 жылда жеткен жетіс­тіктерін, реформаларын жоққа шығарып, тоқтатып тастады. Есе қайтару керек болды. 4 жыл бұрын сайлауда жығылған Хиллари Клин­тон тағы бағын сынап қалар деген болжам да айтылды. Саяси додаға жас үміткерлер де, Берни Сандерс секілді тәжірибелі қар­сыластар да қатысты. Алайда Демо­­кратиялық партияда Байден секілді тәжірибелі ешбір кандидат жоқ еді. Сөйтіп, ол партияішілік праймеризде жеңіп шықты. Дегенмен бас қарсылас Дональд Трамп болатын. Бірбеткей, мінезді, популизмге жақын және ең бастысы биліктегі президентті жеңу оңай емес. Әдетте АҚШ-та ел бас­шылары қос президенттік мерзімінде қатар отырады. Ұтылуы қиын. Соңғы рет алғашқы 4 жылдықтан соң «жығылған» үлкен Джордж Буш болатын, сонау 1992 жылы. Алайда ол кезде ақсақал-президентті жас демократ Билл Клинтон жеңіп кетті. Бұл жолы Байден де, Трамп та жалындаған жас энергиясымен мақтана алмады, алғашқысы осы айда 78-ге толады, ал кейінгісі 74 жаста. Неге Байден жеңді? Джо Байден қалайша жеңіске жетті? Дональд Трамптың «қызық» саясатына, имиджіне қарамай, оны қолдау­­шылар неге әлі де азаймай тұр деген сұрақтар көп. Біртіндеп жауап табуға тырысайық. Байденнің 46-шы президент атануына бірнеше фактор ықпал еткен сияқты. Біріншіден, коронавирус пандемиясы, локдаун, шектеулер, одан туындаған жұ­мыссыздық, қызмет орын­дарының жабылуы Америка халқына үлкен соққы болды. Бұл қоғамда билікке (Трампқа) қарсы ашу туғызды. Екіншіден, мамыр айында Мин­неаполистегі қара нәсілді Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған Black lives matter қозғалысы (қара нәсілділердің құқығын қорғау) Байденнің ұпайын арттырғандай болды. Неге? Себебі бұған дейін Трамптың сөздерінен расизм сезіліп қалатын. Ал Демократиялық партия өкілдері либерализмді қолдаушылар (вице-президенттікке қара нәсілді Камала Харристі таңдауы тегін емес). Оған қоса, қозғалыс өкілдері түрлі қалада митинг өткізгенде Трамп оларды басуға полиция, тіпті Ұлттық гвардия әскерін де қол­­дануды тапсырды. Бұл қоғамды өзіне қарсы қоюдың тағы бір қадамы еді. Үшіншіден, биыл АҚШ-тың саяси, ғылыми, әскери исте­­блишменті Байденге болысып бақты. 780 зейнеттегі жоғары шенді әскерилер (адмирал, генерал, т.б.), 81 Нобель сыйлығының лауреаты және өзге де ықпалды тұлғалар Байденге дауыс беруге шақырды. Бұл қоғам көз­қарасына әсер ететіні анық. Оған қоса, бұрын-соңды экс-прези­­дент­тер кейінгі сайлауларға аралас­­пайтын, алайда демалысқа шыққан Барак Обама биыл өз үзеңгілесінің билікке келуіне бар күшін салды. Төртіншіден, Америка халқы 4 жыл бойы Трамптың қиқар мінезінен, шоу жасайтын қылықтарынан, Туиттер-саясатынан мезі болғандай. Трамп көбіне популизмге беріліп, ел мүддесін қорғаймын деп әлемнің жартысымен қарым-қатынасын бұзды. Мұның жанында Байденнің салмақты болмысы сенім оятқандай. Яғни, осыншама миллион адамның дауысы мен қолдауы тек Байденді қолпаштау үшін емес, Трампты биліктен кетіруге бағытталғандай. Трамптың қолдаушылары аз емес. Штаттардағы дауыс беру нәтижесіне қарасақ, көбінде Джо Байден қар­­­сыласын 0,5-1% жеңіп жатты. Бұл Трампты қолдаушылар армиясы аз емес екенін көрсетеді. Байденге 75 млн кісі дауыс берсе, Трмапты 70 млн азамат қолдады. Неге? Трамп кезінде жұмыссыздық рекордтық деңгейге азайды (3,5%), жеке секторда жалақы өсті, акциялар нарығы да көтеріліп отырды. Ал АҚШ мүддесін үнемі жұрттың құлағына жағатын популистік сөздермен қорғап отыр­­­ды, мигранттардың елге келуін шек­теді. Бұл Америка қоғамындағы жұмысшы тап пен ақ нәсілді байыр­­ғы тұрғындарға маңызды жетістіктей көрінді. Дегенмен пандемия аталған көрсеткіштердің барлығын жуып-шайып кетті. Жұмыссыздық бас­­­­­­талды. Осылайша, коронавирус эпи­­­­­­­демиясы саяси доданың нәти­­­­жесіне шешуші өзгеріс енгізді. Болашақ президенттің бағдары. Енді президенттік қызметіне қаңтар айында кірісетін Джо Байден қандай саясат ұстанады деген сауал әлем саясаткерлерін ойландырып отыр­­­ғаны белгілі. Себебі Дональд Трамп­­тың санкциялары, күрт өзгеретін бағыты көп елге шығын әкелгені рас. Сарапшылар Джо Байден Обаманың бастамаларын жалғастырып, Трамп­­тың саясатын тоқтатпақ деген бол­­жам айтады. Ең алдымен, 2014 жылы Украинада кеткен есесін қайтарып, оккупацияланған Қырым үшін Ресейге қарсы жаңа санкциялар жа­­риялауы мүмкін. Жоспарланған Кремльге қарсы қатаң саясаттың та­­ғы бір себебі – Мәскеудің АҚШ сайлауына араласты деген айыбына Байденнің сенімді болуы. Оған қоса, Байден кезінде Ресеймен страте­­­­гиялық қаруларды қысқарту туралы келісімді жасақтауға қатысқан және бұл бағытта жұмысын жалғастыруы мүмкін. Ал Украинаның Донбаста әлі де соғыс жүргізіп жатқанын ескерсек, онда Байден Киевке жоға­­­­ры технологиялық қаруларды сатуға келісіп те қалар. Бейбіт ми­­тингті басып отырған Беларусь билі­­гіне қатысты да қатаң бағыт басшы­­лыққа алынуы мүмкін. Себебі Лу­­кашен­­коның бассыздығына ләм-мим де­­­меген Трампты Байден тамыз айын­­да сынап алған. Қатаң бағыт ертең қатаң санкцияларға ұласуы ғажап емес. Трамп өткен 4 жылда Қытаймен жүргізген сауда және IT технология үшін соғысымен есте қалды. Деген­­­­­мен 2021 жылдан бастап Бай­­ден Қытайға қатысты прагма­­­­­тикалық саясат жүргізеді деп бол­­­жануда. Яғни, ашық сауда соғысы жалғаспауы мүмкін. Бірден құшақ жайып, тонның ішкі бауындай берік қарым-қатынас та орнай қоюы неғайбіл. Бірақ Байденнің жеңіске жеткені мәлім болғанда Қытай бірден АҚШ-тың сұйытылған газын сатып алуға келісімін берді. Мұны Бейжіңнің Байденмен жақсы байланыс ор­натуға үміттіміз деген ниеті ретінде бағалауға болады. Қазақстан ше? Джо Байден вице-президент кезінде сыртқы саясатқа белсене араласты. Деген­мен Орта­­­лық Азияға қатысты ба­­ғыт-бағдарын ашық білдірмеді. Сай­­лауалды кам­­­паниясы кезінде де бұл өңірді аузына алмады. Себебі АҚШ-тың сыртқы саясатында Ау­­ғанстанды есеп­­­темегенде Орта­­­лық Азия маңызды аймақ ретінде са­­­налмайды. Жалпы, АҚШ экс-пре­­зидент Барак Обама­­ның кезінде-ақ Орта­­лық Азиядан «кете бастаған». Алайда С5+1 фор­­матында диалог жүргізіп келеді. Байден келешекте Орталық Азия, Қазақстанға қатыс­­ты осы бағытты ұстанатын болар. Бірақ Ресейге жариялануы мүмкін экономикалық санкциялар Қазақ­станға жанама түрде зиянын тигізуі мүмкін. Себебі Қазақстан солтүстік көршімен бірге ЕАЭО аясында бір экономикалық кеңістікте. Санкция аясында Мәскеу компанияларына, банк­­теріне несие беруге, қосымша қар­­жыландыруға шектеулер қойыл­­­са, оның салқыны отандық қаржы жүйесіне де тиіп кетуін жоққа шығара алмаймыз. Жаңа сайланған президент пен елі­­­мізді бұған дейін оның баласы Хантер Байден мен кәсіпкер Кеңес Рақы­­шев бай­­­ла­­­ныстырған сыңайлы. Бұл жайлы жақында Британияның Daily Mail газеті жазды. К.Рақышев сол кезде ағасы прокурор, әкесі вице-пре­­­­зи­­дент болған Хантердың есеп­­­шо­­­­тына бірнеше мың доллар жіберді деген ақпар тарады. Сондай-ақ президент қыз­метіне кіріскен бойда Джо Байден Трамп­тың бірнеше жарлығының күшін жоймақ деген мәлімет жария­ланды. Нақтырақ айтсақ, ол АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосып, Дү­ние­­­жүзілік ден­­­саулық сақтау ұйымы­­­­­нан шығу процесін тоқ­­татпақ. Сондай-ақ кей­бір мұ­­сыл­­ман елде­­рінен АҚШ-қа аза­маттардың ке­­луі­­не тыйым сала­­тын шектеуді де алып тастамақ. Періште емес. Әрине, Джо Бай­деннің қандай саясаткер болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ол 50 жылға жуық Уашингтондағы саясатта біте қайнады, кемшіліксіз емес. Мәселен, ол өз сөздерінде та­лай рет деректерді шатастырған. Жұрттың ашуына тиетін не күлкісін келтірген сөз айтқан. Мүмкін кәрі­ліктің салдары шығар. Ал 1987 жы­­­лы президенттік праймеризге қа­­­­тыс­қанда ел алдында «мен шах­тердің ұрпағымын» деп сөз бас­тайтын бол­­ған. Дегенмен оның ешбір атасы шахтер болмағаны анықталғанда жалған сөйлегені үшін президенттік додадан түсіп қалған. Кәсіпкер­­­­­лермен «тығыз бай­ла­­­нысқан» ұлы Хантер де әкесінің абы­­­ройына кір келтірген. Түрлі болжамдар бойын­­ша ол Джо Бай­деннің байланыстарын пайдаланып, сан алуан істерді (заңсыз істер болуы да мүмкін) ше­­шіп отырған және сол қызметі үшін үлкен көлемде ақы алған. Дональд Трамп осы үшін Байденді сайлау кампаниясы ба­рысында талай сынға алды.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА