Қаланы саяси ойын құралына айналдырып еді...
Сөз басында айтқанымыздай, әу баста Шушаға қарай шабуыл жасау Әзербайжан армиясының жоспарында болмаған сияқты. Алайда 27 қыркүйекте басталған ұрыстың басты мақсаты осы қаланы алу екені енді белгілі болып жатыр. Рас, Таулы Қарабақтағы сеператистердің жетекшісі Араик Аратюнянның қыркүйек айында Шушаға «Парламентті» көшіретінін мәлімдеуі, сөйтіп қалаға түбегейлі иелік етуге ұмтылуы, Армения премьер-министрі Н.Пашинянның баласын өңірге әскер ретінде жіберуі Әзербайжан халқының шамына тиген-ді. Бірақ ұрыс басталған соң бірден Шушаға шабуыл болатыны туралы әңгіме тарамады. Керісінше Таулы Қарабақты қоршап жатқан 7 ауданның бесеуі азат етіліп, екеуін дәліз ретінде қалдырып, содан соң Ереванмен келісімге келу жоспарланғандай еді. Алайда армян тарапының Гәнжә қаласы мен тағы бірқатар ауданды атқылауы Әзербайжан Бас штабының жоспарына өзгеріс енгізген тәрізді. Осылайша, Лашын дәлізіне қарай бағыт алған күштер Шушаны алуға барын салғанын байқау қиын емес. Яғни, Баку тәуекелге барғаны байқалады. Сонымен қатар соғыстың алғашқы апталарында қарсыласын әбден зерттеп, аймаққа шоғырланған техникаларын қиратқан соң ғана Әзербайжан әскері Шушаға қарай жылжыды. Енді Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды ешкім тоқтата алмайтынына әлемдік қауымдастықтың көзі жетіп отыр.Енді не болады?
Біздің пайымдауымызша, Шуша қаласын алған Әзербайжан әскері енді Хожавенд, Хожалы қалаларына бағыт алуы мүмкін. Ұрыс қимылдары Хожавенд қаласының төңірегінде жүріп жатқаны жайлы деректер бар. Ал Хожалы жақ әзірге тыныштау. Бұл шаһарлардың Әзербайжан үшін стратегиялық һәм рухани маңызы бар. Хожавендке иелік еткен жағдайда Таулы Қарабақтың астанасы саналатын Ханкенді шаһарын үш жақтан қоршап алып, ондағы қарулы топтарды шегінуге мәжбүрлеуге мүмкіндік туады. Ал Хожалы болса 1992 жылғы ақпанда сепаратистер бейбіт тұрғындарға қарсы геноцид ұйымдастырған шаһар ретінде есте қалған. Әрі онда әуежай бар. Сондықтан Ереванмен бітімге келе алмаған Әзербайжан бұл қалалардың барлығын қыс түспей тұрып азат етуді көздейтіні анық. Бәлкім, келіссөздер содан соң басталуы мүмкін. Алайда ендігі келіссөздердің мән-маңызы, шарттары өзгеруі ғажап емес. Тіпті, Таулы Қарабақтағы жағдай Арменияда биліктің ауысуына да түрткі болуы ықтимал. Бәлкім, содан соң ғана Минск тобының жоспарын жүзеге асырудың сәті түсетін сияқты. Бірақ Шуша қаласы Әзербайжан армиясының бақылауына өткені жайлы мәліметтер тараған соң Ханкендіден мыңдаған тұрғын Арменияға асыққаны байқалды. Яғни, қала тұрғындарының саны күрт кеміді деген сөз. Бұл өз кезегінде Таулы Қарабақтағы армян диаспорасының қарасы да азайғанын көрсетеді. Демек, соғыстан соң Таулы Қарабаққа жоғары деңгейдегі автономия беру мәселесі де екінші сатыға ығыстырылуы мүмкін. Ереванның дер кезінде бітімге келмей, қасарысуының салдары осындай болмақ.А.ҚҰРМЕТ