Биыл посткеңестік елдердің бірқатарында «сайлау текетірестері» трендке айналған сыңайлы. Алдымен Беларусь, одан соң Қырғыз Республикасы сайлаудан кейін дүрліксе, оған соңғы күндері Грузия мен Молдова қосылды. Бәрінде де сайлауда жеңгендер мен жеңілгендер өзара келісе алмады. Әрине, бұл жерде кімнің қалай «жеңгені» басқа мәселе.
Жалпы, ТМД-ның бірқатар елінде өткен сайлаулардан кейін саяси қарсыластардың бір-бірінің жеңісін мойындамай қойғаны «қызық» болып тұр. Одан бөлек, «таулықтардың» сайлаудан кейінгі ереуілдері де агрессияға толы болатыны көзге түсіп тұр. Қырғыз елі мен Грузиядағы жағдай соның көрінісі. Әрине, гүржілердің «бас жарып, көз шығара» қоймағаны рас. Дегенмен ол жақта да қырғыз ағайын тәрізді қызбалық байқалып қалады. Ал Беларусь пен Молдовадағы жағдай сәл өзгеше. Минск пен Беларустің өзге аймақтарындағы ереуілдерге, шерушілерді тұтқындап жатқан полицияның әрекетіне етіміз үйрене бастады ма, қайдам әйтеуір соңғы кездері ол жақтағы оқиғалар тек сарапшылардың ғана назарында жүр. Өзге жұрт ұмытты. Ал енді кезек Молдоваға келген сыңайлы.Президент сайлауының екінші туры өтеді
Жуырда Молдовада өткен президент сайлауында басты үміткерлер бір-бірін айқын басымдықпен жеңе алмады. Сөйтіп, ресейшіл бағыт ұстанатын Игорь Додон мен еуропашыл ұстанымдағы Майя Санду екінші турда қайта сайысқа түсетін болды. Өйткені сайлауға молдовандардың 43 пайызы ғана қатысқан. Бірақ сонда да сайлау комиссиясы сайлау өтті деп таныды. Дегенмен елдің заңдарына сәйкес сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын жинаған үміткер ғана президент болып сайлануы керек. Ал И.Додон 40,9, Майя Санду 34,6 пайыз дауыс жинаған. Ал сайлауға қатысқан 7 үміткердің ішінен алғашқы екеуінен бөлек тек Ренато Усатый ғана сайлаушылардың біршама қолдауына ие болыпты. Ол 11,5 пайыз дауыс жинады. Ал тағы бір үміткер Виолетта Иванова болса 6,3 пайыз дауыс алған. Өзгелері сайлаушылардың 3 пайыз да қолдауын ала алмапты. Осылайша Молдовияда президент сайлауының екінші туры өтетін болды. Сайлау 15 қарашаға белгіленген. Бір қызығы, тура осындай жағдай төрт жыл бұрын болған еді. Сол кезде де үміткерлер бірінші турда жеңімпаздарды анықтай алмаған болатын. Әрі екінші турға И.Додон мен М.Санду шыққан еді. Сөйтіп, сайлауда И.Додон 52 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланған еді. Биыл қалай болатыны бір аптадан кейін анықталады.Батыс пен шығыстың тартысы
Негізі, ТМД-ның батыс аймақтарындағы соңғы сайлауларға назар аударған адам көп мемлекетте батыс пен шығыс ықпалының тартысы жүріп жатқанын байқайды. Әрине, мұны тура мағынасында еуропашыл көзқарастағылар мен ресейшілдердің бәсекесі деп ұғу керек. Молдовада да тура сондай жағдай қалыптасып тұр. 2016 жылғы сайлауда да еуропашылдар мен ресейшілдер бәсекеге түскен. Бірақ жеме-жемге келгенде халық Ресейге арқа сүйеген топты жақтады. Биыл да жағдай түбегейлі өзгере қояды деу қиын. Өйткені әлеуметтік сауалнамалардың қорытындысына қарағанда ел халқының 42 пайызы Еуразиялық экономикалық одақпен интеграцияны, 41 пайызы Еуропалық Одақпен жақсы қарым-қатынас орнатуды жақтайтыны белгілі болған. Демек, алдағы сайлауда нақты ұстанымын әлі анықтай қоймаған 17 пайыз сайлаушы шешуші рөл атқаруы ғажап емес. Алайда мұндай екіұдай күйдің қалыптасуы елдің саяси бағытын түбегейлі өзгертуге қауқарсыз болмақ.Ресей тағы АҚШ-тың «ізін көрді»
Ресейлік сарапшылар Молдовадағы президенттік сайлаудың екінші туры өтпей тұрып-ақ ереуілдер басталуы мүмкін екенін алға тарта бастады. Олардың пікіріне сенсек, Молдова қоғамы жік-жікке бөлініп кеткен-мыс. Тіпті, Ресей сыртқы барлау қызметінің бастығы С.Нарышкин АҚШ Молдовада «түрлі-түсті төңкеріс әзірлеп жатыр» дегенді де айтқан. Сөйтіп, ел халқын елеңдетіп қойды. Әрине, АҚШ-тың Молдоваға қатысты нақты қандай саясат ұстанатынын болжау қиын. Сол сияқты Ресейдің айтқандары да ақиқат деуге келмейді. Біздің пайымдауымызша, батыс елдерін құбыжық ретінде көрсетуге «маманданған» ресейлік саяси технологтар молдовандардың көңіліне күмән салып, алдағы сайлауда И.Додонның жеңісін қамтамасыз ету үшін түрлі тәсілдерге көшкен тәрізді. Сөйтіп, өзінің ықпал ету аймағын сақтап қалуға тырысып жатса керек. Әйтпесе, Днестр бойындағы аймақтың Молдовадан бөлініп, елдің аумақтық тұтастығына нұсқан келуінде Ресейдің «ізі болғанын» молдовандар ұмытпауы тиіс еді.А.СҰЛТАН