Ретсіз урбанизация неге әкелмек?
Ретсіз урбанизация неге әкелмек?
387
оқылды
Кейбір футуристер келешекте әлемде мемлекеттер жойылып, тек мегаполистер қалады деген болжам ай­тады. Бұл ойды зерттеушілер де қолдап жатыр. McKinsey Global Institute ұйымы болашақта әлемнің 600 ірі қа­ласы жаһандық ІЖӨ-нің 60 пайызын береді дейді. Мұ­ның барлығы әлем мен ел дамуында шаһар­лардың маңызы мен мәні артатынын көрсетіп отыр. Алайда ол да­мудың сапасы қандай болмақ: ретсіз, жоспарсыз, жан-жағына жайыла өсе ме, әлде нақты бір концепцияға сай жүре ме? Біздің қалалар ше?

Елдің миллионер үш қаласын қа­расаңыз да өзіндік даму жолы, ар­хитектуралық ерек­шелігі бар. Бі­рақ ортақ дүниесі де же­тер­­лік. Соның бірі – қаланың тыс­қа­ры жеріндегі ауыл типтес ық­­шамаудандар, жер үйлер, жер­төлелердің шоғыры. Онда кө­­біне өңірлерден көшіп келген тұр­ғын­дар ме­кендейтіні жасырын емес. Оған қоса, сол азаматтар үне­­мі әкімдікпен дауласып жү­реді, ауыз­су жеткізіп, жол салуды, электр же­лісін, газ құбырын тартуды талап ете­ді. Ал­дымен қала орталығын жөн­деуді, әрлеуді құп көретін әкім­дер шеткері аудандарға баруға асық­пайды. Солардың мәселесін ше­­шіп тастап, неге тыныш тап­пай­д­ы екен деп ойлағың да келеді. Бі­рақ облыстардан ор­талық қала­лар­ға ағылған көш еш тоқтаған емес.

«Времянканы» кімдер жал­дайды? Урбанизацияның жарқын үлгісі – елордамыз Нұр-Сұлтан. Ха­лық саны соңғы 20 жылда жылдам өсті. 1997 жылы тұрғын саны 300 мың болса, биыл 1 млн 78 мың­ға жетті. Экс-әкім Бақыт Сұлтанов биыл жыл басында бас қаланың хал­қы 2030 жылы 2 миллионға же­теді деп болжам айтқан еді. О баста миллионер қала болуға жоспарланбаған еді. Бірақ жыл сайын өңірлерден көшіп келетін жұрт аз емес, 2017 жылы 135 мың кі­сі астанаға қоныс аударған. Осы уақытта 121 мыңы Алматыға көшкен. Әрине, келгеннің бәрі­не бірдей пәтер мен жұмыс жет­пейді. Жалақысының 70%-ын пәтерақыға жұмсайтын мыңда­ған отбасы бар. Екі-үш бөлме­лі үйді бірлесіп жалдайтындар да жетерлік. Ал табысы аздар қа­ла шетіндегі Кеңес заманынан қал­ған тар тамдарды жағалайды. Бөл­мелерді 30-35 мың теңгеге жал­дайды. Ірі шаһарларда осы­лай жалға беру үшін арнайы жер алып, 4-5 «времянка» салып тас­­­тайтындар аз емес. Тұрақты та­быс көзі. Қаланың орталық ком­муникацияларына қосыла бер­мейді. Ресми мекенжай бо­лып есептелмеген соң баласын мек­теп­ке, балабақшаға орналастыру оңай емес, жедел жәрдемнің келуі де қиын. Үй мәселесі көп­ші­лікке уақытша болса да, осылай шешілгендей болады. Бірақ өмір сапасы төмен. «Жан бағу» дейді мұны.

Шетелде ше? Қазақстанда ур­банизация қазір 58%, яғни халықтың осынша пайызы қалада тұрады және жыл өткен сайын арта түсуде. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «бұл көрсеткішті 62 пайызға жеткізу қа­жет, себебі дамыған елдерде ха­лықтың 70 пайызы қалада тұрады» де­ді осы жазда. Рас, өзге елдермен салыстырсақ, жоғары көрсет­кіш емес. Мәселен, АҚШ-та – 82%, Оңтүстік Кореяда – 83%, Гол­ландияда – 90%, Жапонияда – 94% халық шаһарға мекен ауыс­тыр­ған. Аймақ пен қала қатына­сын тиімді қолданған елдің бірі – Нидерланды. Халқының 90%-ы қала тұрғындары, 10%-ы ауылда. Де­генмен Нидерланды әлемдік на­рыққа ауыл шаруашылығы өнім­дерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейін 2 орында, Еуропада көш­басшы, ал территориясы – 41 мың шаршы шақырым. Еліміздегі жер көлемі ең аз Солтүстік Қазақ­стан облысына екі Нидерланды сыйып кетеді. Яғни, агросекторға ин­вестиция тартып, жоғары тех­но­логияны енгізіп, жерді «жұмыс іс­тет­пейінше», кең даланың иесіміз деп мақтанғаннан коммерциялық пайда шамалы.

Алайда урбанизацияның са­пасы да маңызды. Мәселен, Қа­зақ­станда ресми түрде 87 қала бар, бірақ оның 70%-ы ұсақ қала, 20-сының ғана халқы 100 мыңнан асады. Шағын қалаларда, әсіресе жалғыз өндіріс орнына қараған моноқалаларда инфрақұрылым (мектеп, балабақша, инженерлік коммуникация, жол) толық ше­шілмегені мәлім. Осы және өз­ге де әлеуметтік мәселелер (жұ­мыс тапшылығы, жалақының аз­дығы) аймақтағы жұртты ірі шаһар­ларға жетелейді. Былтыр тек қаңтар-мамыр айларында ас­танамызға 35 мың адам көшкен. Негізінен Ақмола, Түркістан және Қарағанды облысынан. Ұлттық құрамына келсек, жайлы өмірді қиялдап келгендердің 89%-ы қазақ. Басқаша айтсақ, ішкі миграцияда ең белсенді ұлт қазақтар болып тұр. Жалпы, ішкі миграция жыл өткен сайын артып барады, 2012 жылы 337 мың болса, 4 жылда 610 мыңға жеткен.

Егер бұл процесс ретсіз жүре бер­се, нәтижесі не болмақ? Әлемдік тәжірибеде ауылдан қалаға ауа көшкен халық шеткі аудандарда орын теуіп, сонда өзіндік қауымдастыққа айналады. Рио-де-Жанейродағы фавеллалар, Киншасадағы лашықтар, Париждегі мигранттар мекені, Нью-Йорктегі геттолар осыған ұқсас қала бөлігі. Әдетте қылмыс, антисанитария, жұмыссыздық, қараңғы көшелер сондай мекен­дерді сипаттайтын сөздер. Әрине, еліміздің үш миллионер қаласы әлі мұндай деңгейге жеткен жоқ. Бірақ урбанизация процесі рет­тел­месе, үш ірі шаһарымызда да өз фавеллалары пайда болуы әбден мүмкін.

Ел қалаға неге көшеді? Урба­ни­зацияның негізгі екі түрі бар. Бірі – индустриялық не табиғи. Ел­дің бір аймағында ірі құрылыс, өн­діріс басталғанда, жұрт сол жаққа қоныс аударады. Екіншісі – амалсыз немесе тұрмыстық. Өкі­нішк­е қарай, Қазақстанда екінші түрі жүріп жатыр. Жоғарыда ай­тыл­ған ауыл-аймақтағы жұмыс­сыз­дық. Соның салдары. Неге? Өңірлер әлі экономиканың ло­ко­мотиві деуден аулақпыз, тіп­­ті қолдаушы компонентіне ай­­­­налмады. Республикалық бюд­жет­тің көмегімен өмір сүреді. Әсіресе, оңтүстік өңір. Мысалы, сол облыстың қазіргі өндіріс өнімі 1991 жылғы көрсеткіштен 22 есе кем екен. Ақмола облысы 15 есе, Жамбыл облысы 10 есе аз. Ал 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лысының атауы әлі өзгермей тұр­ғанда бюджеттің 80%-ы рес­публиканың берген дотациясы еді. Басқаша айтсақ, «екі қолға бір күрек» болатын жұмыс аз. Соның нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қа­м­тушылар деп аталатын үлкен тап шықты (саудагер, құрылысшы, шаштараз, таксист). Бүгінде Қазақстандағы барлық 2 млн 700 мыңдай өзін-өзі жұмыспен қам­тушының 45-50%-ы Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарына тие­сілі. Яғни, бұл санаттағы аза­маттарда тұрақты жұмыс бол­мағандықтан, оларды ішкі миг­рацияға дайын ең мобильді топ деп ата­сақ, қателеспейміз. Олар бүгін Шымкентте жолаушы тасып, ертең Алматыда құрылыста жүруі әбден мүмкін. Әрине, еңбек күшінің ел­дегі қозғалысына ешкім тыйым сала алмайды. Бірақ қызметтің бұл түрлерінде еңбек шарты жасалып, заңға сай зейнетақы төлемі жүреді деп айту өте қиын.

Аймақтардың халы. Қазақ­стан­да өңірлерді дамытудың түрлі амал-әдістері қарастырылды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ғұ­мыры қысқа болған Өңірлерді да­мыту министрлігі де құрылды. Моноқалалар, «Дипломмен – ауы­л­ға!» бағдарламалары қабыл­дан­ды. Ауыл жылы жария лан­­ды. Олардың тиімділігін, нә­тижесін оқырман өзі бағалар. Алайда облыстарда жаңа өндіріс орындарын ашып, ауылшаруашылығына жаңа технологиялар енгізбейінше, Үкімет ретсіз урбанизацияның салдарымен күресе беретін секілді. Себебі жыл сайын 100 мыңнан аса азамат Нұр-Сұлтанға, Алматыға ағылып жатқанын естен шығармаған жөн. Бұл сөздің барлығы урбанизация зиян дегендік емес. Қайта әдетте қала халқы өскен сайын көптеген елдің ІЖӨ-сі де артады, экономикасы түрленеді. Себебі қалада білімді мамандар, технология, қаражат, коммуникация, жұмыс орны мол. Олар табысты арттырады. Тіпті, қала халқы 1,5-2 млн-ға жетсе, ол өзін-өзі асырай алатын деңгейге шығады деген ұғым бар. Бірақ тек Үкімет урбанизацияны басқара алса, қалаға көшіп келіп жатқан азаматтарға жағдай жасай алатын мүмкіндікке ие болса. Ал біздің миллионер қалалар ше? Былтыр республика бойынша 473 мың азамат баспана алуға кезекке тұрған. Оның 47 мыңы Нұр-Сұл­танда, 21 мыңы Алматыда. Ал қала әкімдіктері жақын 5 жыл­да осынша тұрғынды үймен қам­та­масыз етуге қауқары жете ме?

Сөз соңында. Урбанизация – тоқтамайтын процесс. Мамандар 2025-2030 жылдарға қарай Қа­зақ­стан халқының 63 пайызы қа­лада тұрады дейді. Бірақ қазіргі іш­кі миграцияны ескерсек, бұл сан 10-11 жылда тағы өсуі әбден мүм­кін. Қолында Қазақстанның төл­құжаты бар азамат елдің қай же­рінде тұрамын десе де құқылы. Де­генмен Үкімет бұл процесті ба­қыламаса, қаладағы әлеуметтік жа­рылыс не қақтығыстың болу мүмкіндігін ешкім жоққа шы­ғар­майды.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА