Демократиялық қоғамда сайлау жүйесі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, саяси элитаны сұрыптайды, билік қызметін азаматтардың жіті бақылауына жағдай жасайды. Бірақ кейде демократиялық тетіктерді дұрыс пайдаланбау елді алға жетелеудің орнына кері кетіреді. Араб көктемі, Украина мен Қырғыз Республикасындағы саяси дағдарыстар осыған дәлел.
Дүниені дүбірлеткен АҚШ-тағы президент сайлауында демократ Джо Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысын алып, жеңіске жетті. Ал республикашылар атынан бәйгеге қосылған Дональд Трамп 232 дауысты місе тұтты. Ақ үйге кімнің кіргені алпауыт АҚШ-тың алдағы 4 жылдағы бағыт-бағдарын айқындайды. Әсіресе, бізбен шектесетін Қытай, Ресей, Иранмен қарым-қатынасына әсер етеді. 2015 жылдан бері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және АҚШ арасында «С5+1» форматы жұмыс істейді. Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы жиі кездеседі. «С5+1» форматы Барак Обаманың тұсында құрылған. Бұл саясат Трамптың кезінде де сақталды. Биыл ақпанда АҚШ мемлекеттік департаменті Вашингтонның 2025 жылға дейінгі Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын ұсынды. АҚШ-тың бұл жоспары ОА-ның тәуелсіздігін нығайтуды, аймаққа терроризм қаупін азайтуды, адам құқығын жақсартуды көздейді. Вашингтонның аймақтағы бірден-бір ерекше назары түскен мемлекет, ең маңызды экономикалық серіктесі – Қазақстан. Себебі бізде ірі америкалық мұнай-газ компаниясы бар. Алайда кейбір жерлерде демократияның жөні осы екен деп әртүрлі ұрандарды алаулатып-жалаулатып, мыңдаған азаматты ереуілге алып шығатын әдет қалыптасқан. Наразылық акцияларының аяғы шерушілер мен полицейлердің қақтығысына ұласып, арасында адам шығыны болып жатады. Мұндай ырду-дырдуға жастардың еліккіш келетіні белгілі. Нақты мысалды алыстан іздеп қажеті жоқ. Ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз елін, кешегі советтік бұғаудан бірге құтылған Украинаны айтсақ та жеткілікті. Ондағы жаппай тәртіпсіздіктердің неге әкеп соққанын білеміз. Халық толқыды, төңкеріс жасады, билік ауысты. Бірақ ішкі саяси ахуалы да, экономикасы да, тұрғындардың әл-ауқаты да жақсара қоймады. Қайта кері кетті. Оған бірден-бір дәлел – осы елдердің өсіп отырған сыртқы қарыздары. Украина. Бұл ел ТМД аймағында ең қуатты елдің бірі еді. Әлемнің бүкіл құнарлы топырағының оннан бір бөлігін иемденген мемлекеттің әлеуеті мол болатын. Қара металды қорытуда көшбасшы саналатын. Көптеген өндірістік кәсіпорындар, ғылыми мекемелер, дамыған білім жүйесі Украинаның аса жоғары ғылыми-техникалық мүмкіндігін айғақтайтын. Әйтсе де, қоғам әсіре саясиланып, оның соңы экономиканы тұйыққа тіреді. Бірнеше президентін төңкеріс арқылы тақтан тайдырған украин жұртының шекесі қызғаны шамалы. Керісінше, Украина егемендік жылдары халқының 20 пайызынан айырылып қалды. Донбастағы азамат соғысы – өзінше бөлек қасірет. Украина экономикасының ең осал тұсы – қарызы. Биыл Украинаның сыртқы қарызы 122 млрд долларға жетті. Оның ішінде мемлекеттің берешегі 52,9 млрд доллар. Сөзсіз, бұл экономика үшін қауіпті жағдай. Шаруасы шатқаяқтаған мемлекеттің ең басты инвесторлары – АҚШ, Еуроодақ және Халықаралық валюта қоры. 2014 жылдан бері АҚШ үкіметі жыл сайын Украинаға 306-518 миллион доллар көлемінде өтеусіз көмек көрсетті, 2020 жылы оның сомасы 2,7 миллиард долларға жетті. ЕО шамамен 14-15 миллиард еуро берді. 25 жыл ішінде Украина Халықаралық валюта қорынан 31,3 миллиард доллар несие алды. Мамандардың пікірінше, елдің қаржылық ахуалын сипаттайтын ең негізгі көрсеткіш – сыртқы қарыздың жалпы ішкі өнімдегі үлесі. ЖІӨ-дегі берешек 10-15 пайыз деңгейінде болса, бұл қалыпты саналады. Міне, осы көрсеткіш бойынша Украина 80 пайызбен ТМД-да бірінші орында тұр. Екінші орында Қырғыз Республикасы – 68,8 пайыз. Үшінші орында Армения – 46,6 пайыз. Төртінші орында Молдова – 42 пайыз. Қазақстан 23,3 пайызбен жетінші орынға табан тіреген. Беларусь. Ал Украинамен көршілес Беларусь президент сайлауынан кейінгі қарсылық акцияларынан кем дегенде 500 миллион доллар шығын шеккен. Бұл ақпаратты 19 тамызда Лукашенконың қаржы-несие жүйесі жөніндегі көмекшісі Валерий Бельский хабарлады. Ол неше жылдар бойы қалыптасқан шетелдік несиелеу тәртібі бұзылғанын, елдің инвестициялық тартымдылығы жоғалып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. 2020 жылғы 1 сәуірдегі есепке сәйкес, Беларусьтің сыртқы қарызы 39,5 млрд долларды құраған. Оның 16,7 млрд доллары – тікелей үкіметтің, 19,6 млрд доллары – банктер мен корпорациялардың борышы. Беларусь Орталық банкінің резерві 9 млрд доллар ғана екенін ескерсек, жағдай қиын. Экономистер мұны проблемалардың басы ғана дейді. Қазірдің өзінде беларусь рублі 3-7 пайыз арзандаған. Халық банк депозитіндегі ақшасын шешіп алып, үйде сақтауды ұйғарған. Яғни, азаматтар үкіметке сенбейді. Саяси-экономикалық дағдарыс салдарынан IT бизнес өкілдері, оның ішінде «Яндекс» компаниясы өз кеңселерін Беларусьтен көшірген. Қырғыз елі. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайыннан маза қашса, қазақтың да қабырғасы қайысады. Өйткені бірлігін нығайтып, еңбекке жұмылып, дамудың даңғыл жолына түсудің орнына әлдебір күштердің айтағына еретін бауырлас халықтың қазіргі жайы күрделі. Қазан айының басында парламент сайлауының нәтижесі бұрмаланды деп шеруге шыққан қырғыз ереуілшілері кезекті президентін ауыстырып тынды. Бір қарағанда, бұл халықтың әділетсіздікке қарсы жеңісіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінгі Қырғыз елінде үміттен гөрі күдік басым. Сонау 2005 жылы Асқар Ақаевты биліктен қуғанда азаматтар түбегейлі өзгеріс күткен. Амал қанша, Ақаевтың орнына отырған Құрманбек Бакиевке де көптің көңілі толмады. 2010 жылы қайта көтерілген халық оны да елден аластатты. Содан кейін жаңа конституция қабылданды. Президенттік мерзімге шектеу енгізілді. 2010 және 2015 жылғы парламент сайлауында жағымды жаңалықтар байқалып, шетелдік бақылаушылар саяси науқандарды оң бағалаған. Соған қарамастан, биыл қырғыздар осымен үшінші рет преидентін тақтан тайдырды. Сарапшылар елдің ертеңіне алаңдап отыр. Халық моральдық-психологиялық тұрғыдан шаршаған. Революция сайын экономика зардап шегеді. Мысалы, соңғы көтеріліс кесірінен банктер жабылып, қызмет көрсету саласы тоқтады. Сауда орталықтары, дүкендер, өзге де бизнес нысандары тоналды. Бірнеше кен орындарына шабуыл жасалды, белгісіз адамдар басып алды. Тіпті, Ақ үй де өртенді. Қырғыз Республикасының сыртқы қарызы қазір 5 миллиард долларға жетті. 1 миллиондай қырғыз сыртта жалданып жұмыс істеп жүр. Биылғы төңкерістен ел экономикасы шамамен 104 миллион доллар шығынға ұшыраған. Саяси тұрақсыздықты діни ағымдар мен қылмыстық топтар өз мүддесіне пайдаланып кете ме деген қауіп бар. Молдовада президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде көп дауыс алған екі кандидаттың біреуі – «Әрекет және ынтымақ» (PAS) партиясының өкілі, бұрынғы премьер Майя Санду, екіншісі – қазіргі президент Игорь Додон, оны социалистер партиясы қолдайды. Алғашқы сында Санду 36,16 пайыз, Додон 32,61 пайыз жинаған. Жан саны 3,5 миллиондай Молдова Еуропадағы ең кедей мемлекеттің бірі саналады. Халық Ресейге бүйрегі бұратындар мен Еуроодақпен ынтымақтасуды қалайтындар болып қақ жарылған. Қысқасы, саясат қуалап, экономиканы ұмытқандар көп. 2020 жылдың екінші тоқсанында ЖІӨ былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға құлдыраған. Әсіресе, жылжымайтын мүлік нарығы мен ауыл шаруашылығы тоқыраған, табиғи газ қымбаттаған, сырттағы гастербайтерлерден түсетін ақша аударымы азайған. Өнеркәсіп өндірісі де тұралаған. Сыртқы қарыз үздіксіз өсіп барады. Тіпті, сарапшылар пандемия салдарынан Молдовада біраз уақыт зейнетақы мен жәрдемақы төленбеуі мүмкін деп топшылайды. Грузия Саакашвили жасаған төңкерістен соң түлегені ақиқат. Бірақ жаңа билік демократия талаптарынан кері шегінген сыңайлы. Сайлауға 600 бақылаушы жіберген Transparency International Georgia ұйымы 31 қазандағы дауыс беру «2016 жылғы парламент сайлауымен салыстырғанда бір қадам кері шегіну болды» деді. Ұйымның дерегіне сенсек, бір адамның кемі 10 рет дауыс бергені, дауысты сатып алу, төбелес, бақылаушылар жұмысына кедергі келтіру секілді түрлі заңсыз фактілер тіркеліпті. «Грузин арманы» билік партиясы биыл өткен сайлауда өзін парламент сайлауының жеңімпазы деп жариялады. Елдегі ең ірі оппозициялық партия нәтижені мойындамай, халықты Тбилиси орталығында қарсылық акциясына жиналуға шақырды. Кезінде төңкеріс жолымен билік басына келген Михаил Саакашвили де сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, тұрғындарды жаппай мобилизацияға үндеді. Грузиялық оппозиция үкіметті экономиканың еңсесін тіктемеді, әділдік орнатпады, халықаралық қатынаста әлсіздік танытты, демократиялық стандарттарды ескермеді деп айыптайды. Енді ақырын аяңдап өзімізге қайтайық. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары 6 рет парламент сайлауы, 5 рет президент сайлауы, 1 рет президент өкілетін ұзарту туралы республикалық референдум өтті. Оппозициядағы саяси күштер сайлау нәтижелері бұрмаланды деп кейде келіспегенімен, жалпы халық жаппай наразылық акцияларына шыққан емес. Қазақстан билігі сонда да демократиялық жаңғыруға талпынып, биыл «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарды өзгертті. Бұдан былай елімізде саяси партияны тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Партиялар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтағанда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруы қажет. Парламенттік оппозиция институтын құру мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында Мәжіліс сайлауы болады. Саяси додаға қатысатын 6 партияның тізімі бекітілген. Алдағы саяси науқан қарсаңында «Қоғамдық пікір» зерттеу институты партиялардың рейтингісіне байланысты сауалнама жүргізді. Сұхбат түріндегі сауалнамаға 1 200 адам қатысқан. «Егер сайлау келесі жексенбіде болса, қандай саяси партияға дауыс бересіз?» деген сұраққа респонденттердің 72,1 пайызы «Nur Otan» деп жауап беріпті. «Ақ жол» партиясы – 5,1 пайыз, ҚКХП (Халық партиясы) – 2,9 пайыз, «Ауыл» партиясы – 2,7 пайыз, ЖСДП – 2,3 пайыз, «Бірлік» партиясы (Адал) 1,9 пайыз «жинаған». Демек, шынайы бәсеке нәтижесі де осы ауқымнан ауа жайылмайтыны анық.Айдар ДӘУІТҰЛЫ