Жұмыс аптасының қысқаруы қызметке оң әсерін тигізеді деген мәлімет көптен бері ақпарат айдынын аралап жүр. Алайда пәлен компания, түген фирма ақырындап төрт күндік жұмыс режиміне өтіпті деген мысалдар ғана айтылды. Яғни, ешбір ел әлі жүйелі түрде, кезең-кезеңімен бұл межеге ұмтылып келе жатқан жоқ, тек жеке менеджерлердің бастамалары. Осы себепті бұл өзгеріске біржақты көзқарас жоқ.
Үкімет деңгейінде бұл мәселені көтерген елдің бірі – Ресей. Осы жылы шілдеде Ресейдің үкімет басшысы Д.Медведев қызметкерлер үнемі жетістікке жетемін деп жұмыста зорығып кетеді, тұрақты стреске ұшырайды. Осы себепті келешек – төрт күндік жұмыс аптасында деді. Яғни, мақсат – қызметкердің көбірек демалуына жағдай жасап, жұмыс өнімділігін арттыру. Ресей үкіметі жұмыс берушілер және кәсіподақ өкілдерімен сұхбаттасып, келесідей қорытындыға келген. Біріншіден, 4 күндік жұмыс аптасына көшу қызметкерлерді жалдау құны мен компания өнімдері бағасының артуына әкеліп соғады. Екіншіден, бұл идеяның оң тұстары да бар. Азаматтардың өз денсаулығына назар аударуына, кәсіби тұрғыда дамуына, жұмыс тиімділігінің артуына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, бос уақыты артқан жұмысшылар отбасына көбірек көңіл бөліп, спортпен шұғылдануына мүмкіндік алады. Яғни, тиынның екі тұсындай артықшылығы да, кемшілігі де жетерлік. Бірақ компания иелері қызмет күнін қысқартуға асығып тұрған жоқ.
Егер әлемдік тарихқа қарасақ, жұмыс күні қысқара түскен сайын өнімділік те арта берген. Ford Motor Company-дың негізін қалаған Генри Фордтың ұсынысымен аптасына 40 сағаттық жұмыс уақыты енгізілгенде, аталған бастамаға оның біраз әріптесі қарсы шықты. Алайда бұл жолдың тиімді екенін уақыт дәлелдеді. Қалай десек те, 4 күндік жұмыс аптасы айтуға оңай, іске асуы күрделі міндет. Себебі жұмыс берушілер қол астындағы жұрттың қызметте көбірек жүргенін қалайды. Ал жұмысшылардың басым бөлігі бос уақытының артып, оны отбасымен өткізуді аңсайды. Мұндай түрлі көзқарастар әдетте еңбек кикілжіңіне, кәсіподақтың араласуына әкеліп соғады.
Төрт күндік жұмыс аптасына ауысу ойы еліміздің ең үлкен жұмыс беруішісі Қазақстан темір жолдары компаниясында да болған екен. Алайда олар 2015 жылы бұл бастамадан бас тартыпты. Себебін былай түсіндірген: «Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банкінің жаңа ақша-несиелік саясатының енгізілуіне орай, теңгенің еркін айналымға шығарылуына байланысты компания толық емес жұмыс күніне көшуді қажетсіз деп шешім қабылдады. Бұл шешім отандық тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсекелестікке қабілеттілігінің өсетініне және алдағы уақытта экспорт көлемінің, транзиттік тасымалдың болжалды өсуіне байланысты қабылданып отыр».
Қызық, Ұлттық банктің ақша-несиелік саясаты стансадағы теміржолшының жұмыс уақытына қалай әсер етеді? Ойға қонымсыз екен. Бірақ биыл вице-премьер Бердібек Сапарбав та аталған ұсынысты қолдамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, елімізде жұмыс күші жетпей тұрғанда бұл жаңашылдықты енгізу қиын.
Еңбек уақыты әдетте сағатпен есептеледі. Ол әр елде әртүрлі. Жыл бойы ең көп жұмыс істейтіндер Мексика (2 148 сағат), Коста-Рика (2 121 сағат), Оңтүстік Корея (2 005 сағат), Ресейде (1 972 сағат) тұрады екен. Бұл тізімге Қазақстанды да қосуға болар. Себебі біздің елде аптасына 5 күн немесе 40 сағат жұмыс істейтіндердің жылдық қызмет уақыты 1 968 сағат. Бір қызығы, Еуропаның ең дамыған мемлекеттері екі қолға бір күректі ең аз алатындардың қатарында. Мәселен, Германияда азаматтар орта есеппен – 1 363 сағат, Дания-да – 1 392 сағат және Норвегияда 1 416 сағат еңбек етеді. Егер неміс еліндегі жалпы жылдық сағатты 49-50 аптаға бөлсек, бұл елдің азаматтары аптасына бар болғаны 26-27 сағат қызметте жүреді. Дегенмен осыған қарамай Еуропа экономикасын алға сүйреуші ел саналады. Яғни, неміс тәжірибесі көп жұмыс істеуден көрі тиімді еңбек етуді көрсетіп отыр.
Жалпы, аталған тиімділікті арттыруға бағытталған иннновациялар аз емес. Мысалы, Германияның Rheingans Digital Enabler компаниясы қызметкерлеріне 5 күнде 5 сағат маңдай терін төгуге рұқсат берген. Таңғы 8-ден түскі 1-ге дейін. Бірақ біраз шектеу бар. Барлық әлеуметтік желі блокталып, азаматтар смартфондарын арнайы жерге өткізеді. Жиналыс 15 минуттан аспайды, бос әңгімеге тыйым салынған. Нәтижесі жаман емес екен. Компания қажетті көрсеткішке жетіп, пайдасы арта бастаған. Ал қызметкерлер бос уақыты артқанына қуанып жүр.
Қысқасы, аптасына 4 күн еңбек етудің артықшылығы да, кемшілігі де бар секілді. Әзірге көп компания оған бара алмай тұр. Бәлкім, қалыптасқан стереотиптер кедергі шығар. Себебі әлемдік тарихта кей кездері бала еңбегі, тәулігіне 12-15 сағат жұмыс істеу де қалыпты жағдай болған. Бірақ адамзат демалу құқығын жұмыс берушілер алдында жеңіп алды. Егер бұл идеяны алға тарта берсе, келешекте кәсіподақтар 4 күндік режимге өтуді талап ете бастайтын да шығар. Не де болса, адам жұмыс істеу үшін өмір сүрмейтінін ұмытпаған жөн.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА