Кадрлық резервке іріктеу жүргізілуде
Кадрлық резервке іріктеу жүргізілуде
5,216
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп атады.

Партия Төрағасы алдымен пар­тияның белсенді мүшелерін топтас­тыруға көп мән беру керектігіне баса назар аударған еді. Яғни, қоғамдық мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын азаматтарды партияға тартудың жайын қозғаған бо­латын. Бүгінде партия мүшелерінің қоғамда болып жатқан жағдайларға немқұрайды қарамай, дер кезінде үн қатуы, нақты іс-шаралар қолдануы басты назарға алынды.

Партия Көшбасшысы ұсынған бағдарламаның бірінші серпіні – партияның белсенді мүшелерін топ­тастыру. Осы мақсатта еліміздің әрбір аймағынан бір-бір ауданда қанатқақты режим түрінде партиялық кадрлық резервке іріктеу жүргізілуде. Қазіргі кезде Жуалы аудандық филиалының кадрлық резервіне тіркелген 44 кан­дидат аудандағы елді мекендерде өз бағдарламаларын түсіндіріп, ха­лықтың мәселелерін тыңдап, насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Nur Otan партиясы Жуалы аудан­дық филиалының кадрлық резервіне үміткерлер арасында дебат басталды. Оған Б.Момышұлы атындағы орта мек­тебінің директоры Руслан Сайлаубаев, Білім беру мекемелерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнұр Қадырбек, «Жуалы» аудандық газетінің директор-бас редакторы Заирбек Сұлтанмұратов, Жуалы аудандық кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Асима Шекеева қатысты. Үш кезеңнен тұратын дебат барысында үміткерлер бағдарламалары туралы айтып, партия филиалы ұсынған та­қырыптар бойынша сөз сөйлеп, кан­дидаттар бір-біріне сұрақ қойып, жауап алмасты.

Айта кетейік, кандидаттар арасында 5 дебат өткізу жоспарланып, оған 20-дан аса үміткер қатысады деп күтілуде.


Әбілмансұр ЖАСАН