Этнотуризмді қалай дамытамыз?
Этнотуризмді қалай дамытамыз?
1,623
оқылды

Әлемде соңғы он жылда ту­ризм қуатты индустрияға айналды. Туризм әлем­­нің өндірістік-сер­вистік нарық айналы­мының 10 па­йызын иеленген. Әлем ел­дерінің басым бөлігі ту­ризм­ді дамыту арқылы табыс­қа кене­ліп отыр. Ал біз Дүние­жүзі­лік туристік ұйымының мүше­лі­гіне кіргенімізге ширек ғасыр­дан асса да, бұл салада кен­же­леп қалдық.

Шыны керек, Қазақстанда этнотуризмді дамыту жұмыстары енді ғана қарқын алып келеді. Әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен танымал болғандықтан, аdventure-туризмге сұраныс жыл сайын 46 пайызға дейін артуда. Шартарап еліміздегі демалу мүмкіндіктері жайлы енді ғана біліп жатыр. Қа­зақстанның төл тарихы, архео­ло­гиялық қазбалары, таби­ғаты, салт-дәстүрі басқа елдер қы­зы­ға­тындай өте жоғары деңгейде. Бірақ этнотуризмнің дамуы сала­ның басқа түрлеріне қарағанда кемшін қалып отырған жайы бар. Ал экотуризмді алсақ, бүгінде оның аса дамыған өңірі – Алматы өлкесі. Бұл өңір бүгінде туристерді ең көп қабылдайды. «Алматы облысының алтын алқасы» туры бар. Ол Ұлттық парктерді, Көлсай мен Қайыңды көлін, Шарын шат­қалын, Іле Алатау Ұлттық паркін қамтиды. Сондай-ақ Щучинск–Бурабай курорттық аймағының әлеуеті зор. Бурабайға бүгінде турист көптеп тартылады. Мұны, бәлкім, экотуризм деуге келмес. Бірақ оған адамдар табиғатта демалу үшін, атқа мініп, қымыз ішу үшін барады. Демек, осы эко­туризмнің элементтері бар. Ал Шығыс Қазақстан облысының бұл жағынан мүмкіндігі өте жоғары болғанымен, онда тұру орындары барлық жерде жасақталмаған.

Жалпы, экотуризм – табиғатқа зиянын тигізбейтін немесе септігін тигізетін кез келген туризм түрі. Яғни, адамдар міндетті түрде шатырларда тұрмайды, олар қонақүйлерде де тұра алады. Олар сонымен қатар эколодждарда да тұра алады. Әлемде далада немесе орманда туристерді қабылдап қана қоймай, жаңартылатын энергия саласында ең үздік тәжірибелерді қолданатын эколодж тұратын мысал өте көп. Бұл тәжірибені өз кезегімізде қолдансақ болады.

Көбіне қонақтарды сол елдің тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі қызықтыратыны рас. Олар өздерінде жоқты өзгеден көргісі келеді. Біз осыған дайын емеспіз. Себебі қолда бар құндылықты насихаттай алмай отырмыз.

Іргеміздегі Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Моңғолияны ғана мы­салға алсақ, оларға туристер әле­м-нің түкпір-түкпірінен барады. Елімізге келетін турист саны осы елдермен салыстырғанда тө­­мен. Өйткені көрсетілетін қыз­м­ет халықаралық стандарттар жүйе­сіне сай емес. Мамандар күні бүгінге дейін осы этнотуризмді, жайлау туризмін дамытуды айтып-ақ келеді. Бірақ оны қолға алған нақ­ты бастама әлі күнге дейін қара көр­сеткен жоқ. Осындайда ұлттық ойын­дарымыздан, киіз үй, саят­шылық және басқа да көшпенді дәуірдегі ұлттық ерекшелігімізден өзіміз қашып отырғандай күй ке­шетініміз бар. Әйтпесе, «көш­пенділер өркениетін» иемденіп, оны дәл осы саладағы үлкен же­тіс­тігіне айналдырып отырған моң­ғол­дарға жете алмай қалмас едік. Дүние­жүзілік тәжірибеге сүйен­­сек, бізге ұлттық парктерді да­мыту керек. Тарихымыздан, мәдениеті­мізден хабар беретін көшпенділер дәуірінің паркін жасау қажет. Сонда ғана туризмнің дамуына үлес қоса аламыз. Өзгеге тек ұлттық ерекшелігімізбен ғана тартымды бола аламыз.

Бүгінде елімізде 9 000-нан астам археологиялық және тарихи ескерткіш, 118 ерекше қорғалатын табиғи аймақ, оның ішінде 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар.

«Ел туризмін дамытуды ең алдымен жол жөндеуден бастау керек. Біздің елдегі ең бірінші кемшілік – осы. Өйткені саяхатқа шыққан кез келген адам діттеген жеріне жете алмай шаршайды. Ал адам саяхаттан ләззат аламын деп жолға шықпай ма? Тағы бір айта кетерлігі, біздегі көрнекі орындар бірі-бірінен өте алшақ орналасқан. Ол да туризмнің дамуына кедергі. Тағы бір бай­қа­ғаным, керемет та­рихи орын­дарымыздың насихаты аз. Мәселен, шетелдіктер еш­қан­дай аңызға құрылмаған жер­лерін әспеттеп, ойдан шығарса да тар­тымды етіп, жұртты өзіне ша­қы­ру­дың бар амалын қарастырып жа­тады. Бізде керісінше бар та­ри­­хымызды көрсетіп, шынайы мы­салымызды жеткізе алмаймыз» дейді ел аралап, жиһангез атанып жүрген Дана Ескендір.

Этнотуризмнің дамымай тұр­ған тағы бір себебі – тарихи құн­ды дүниелерімізді дұрыс сақтай ал­май отырғанымыз. Қажетті ақ­па­раттарды гидтердің өзі қызықты етіп жеткізе алмайды. Тағы бір ай­та кетерлігі, этнотуризм – киіз үйіміз ғана емес. Ол – ұлттың бар­­лық әдет-ғұрпы, салты, жөн-жорал­ғысы. Дәл қазір шетел­дік­тер тек осы дүниелерге қат­ты қы­зығады. Осындай құнды­лық­тар­ы­мызды жандандыру арқылы этнотуризмді дамытамыз. Ал этно­туризмнің дамығаны – ел тари­хы­ның жаңарғаны.

 

Ақбота ӘЛІМ