Тәжікстанда SMS арқылы талақ айтып, ажыраса береді
Тәжікстанда SMS арқылы талақ айтып, ажыраса береді
300
оқылды
Тәжік парламентінің төменгі палатасында СМС-хабарлау арқылы талақ айтып ажырасатындарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң жобасы енгізілді, - деп хабарлады centralasian.org.
Жобада заңды бұзғандарды үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тәжікстан заңдарына сәйкес СМС арқылы талақ айтып ажырасу заңсыз болып есептеледі. Елдің Мұсылмандар діни басқармасы азаматтарды мұндай тәжірибеден бас тартуға шақырып келеді. Парламентте құжатты әзірлеп жатқан депутаттардың айтуынша, заң жобасы "адамдарды сөзсіз түрде еркінен ажыратуды" көздемейді.
"Негізгі мақсат жастарды отбасы мен балаларының алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақыру, көпшілік жағдайда мұндай ажырасулардың құрбаны болып жатқан әйелдердің құқығын қорғау. Соңғы жылдары телефон арқылы ажырасу тәжірибесін сыртта жұмыс істеп жүрген мигранттар көп қолданып жатыр", - деді депутаттардың бірі.
Тәжікстанда СМС арқылы талақ беріп ажырасудың дұрыс еместігі тоғыз жыл бұрын көтерілген. Онда елдің Дін істері бойынша мемлекеттік комитеті Ақсақалдар кеңесімен бірлесіп телефон арқылы ажырасуға тыйым салуға фатва шығарған. Ресми мәліметтер бойынша Тәжікстанда былтыр 12,5 мың отбасы ажырасқан. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрын 10 мың болған.