ІІМ: Олеся Кексельге қатысты тергеу тоқтаған жоқ
ІІМ: Олеся Кексельге қатысты тергеу тоқтаған жоқ
5,140
оқылды

ҚР Ішкі істер министрлігі Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты тергеудің тоқтатылғандығы туралы ақпаратты растамайды. Бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Ішкі істер министрлігі Олеся Кексельге қатысты істің тоқтатылғандығы туралы хабарламаны растамайды. Тергеу амалдары жалғасуда. Оған қатысты іс тоқтатылған жоқ», – деп хабарлады ІІМ тергеу басқармасынан.

Бұған дейін бұрынғы бас прокурор, қазіргі Сенат депутаты Қайрат Қожамжаров Олеся Кексельге қатысты іс тоқтатылғанын айтқан болатын. Ол сонымен бірге Арнайы прокурорлар қызметінің экс-бастығына қарсы мәлімдеме қорғаныс тактикасының бірі болуы мүмкін деп болжады.

«Время» газетінің хабарлауынша, Олеся Кексель мен Бас прокуратураның жедел-тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

Кейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Бір азаматтан тергеу барысында оған Бас прокуратураның Қылмыстық-атқару қызметінің бұрынғы бастығы Кексельдің тергеудің заңсыз әдістеріне жол бергендігі туралы арыз түсті» деп мәлімдеді.

Айта кетейік, Олеся Кексель осы жылдың мамыр айында Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы қызметінен босатылды. Ол бұл қызметке 2018 жылдың қаңтар айында келген болатын, оған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеу басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.

2017 жылы Олеся Кексель «Жылдың мемлекеттік қызметшісі» атанды. Көптеген күрделі сыбайлас жемқорлық істерін зерттеп, II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.