Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы хақында: «Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және де басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде» дегені белгілі. Халық қазынасынан бөлінген теңгенің тиімділігі атқарылған жұмыстың көлеміне ғана емес, сапалығы мен елге қажетін дөп басқан.
Президент Жолдауында айтылған жол инфрақұрылымын дамыту бойынша облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалпы, Қызылорда облысы аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 3 451 шақырым. Оның 1 016 шақырымы республикалық маңыздағы жол. Ал 5 063 шақырымы облыстық болса, қалған 1 872 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар саналады. Ал енді сол жолдардың жағдайы қандай десек, қанағаттарлық деуге болады. Өйткені облыстық және аудандық маңыздағы автожолдардың жағдайы өткен жылдың қорытындысымен 63,5 пайыз деп бағамдалған. Биыл бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Енді бұл көрсеткішті 2025 жылға 95 пайызға жеткізу жоспары бар. Жағдайды жылдан жылға ілгерілету жоспарына негіз – осы.
Әйтсе де, жолға қатысты жақсы жаңалық көп. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында біршама жұмыс жүргізілуде. Мәселен, ұзындығы 20,4 шақырымды құрайтын Арал ауданындағы Сазды елді мекеніне кіреберіс, 10 шақырым болатын Райым-Водокачка елді мекеніне кіреберіс автожол түсті. Қызылжар ауылы тұсындағы Сырдария өзеніне қалқымалы көпір қайта салынып, пайдалануға берілді. Бұған жалғасып «Самара – Шымкент – Жақсықылыш – Тоқабай – Абай» жолын, 23 шақырымды құрайтын «Жаңақұрылыс – Бекарыстан би» трассасын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Ақлақ – Қаратерең» және «Самара – Шымкент – Бекбауыл» автожолдары орташа жөндеуден өтуде. Арал аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 681 шақырымнан асады. Оның 14,78 пайызы жақсы, 30,22 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Ал 54,61 проценті қанағаттанарлықсыз жағ-дайда тұр. Бірақ 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш түбегейлі өзгертілмекші.
Осы бойынша облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу байқауы жүруде. Келесі жылы теміржол өткелінен техникалар жүретін, жүргіншілер жолы бар аспалы көпір салынбақшы. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аспалы көпір – Арал ауданында да өзекті мәселенің бірі. Шиелі ауданындағы көпірге республикалық бюджеттен қаржы бөліне бастаса, сол көпір жобасын жер бедеріне байланысты қайта жобалап, аз қаражат жұмсап республикаға ұсынауға болады. Жұмысты Шиелідегі аспалы көпір құрылысын аяқтамай тұрып та бастау мүмкін.
Облыс аумағында шешімін табуы тиіс қанша теміржол өткелі бар. Соның арасында Қармақшы ауданында теміржол өткелі «Батыс Европа – Батыс Қытай» жолы аясында салынған. Негізінен, теміржол өткелі мәселесі осы екі ауданда өткір болып тұр. Ал Жаңақорған ауданда кеңес үкіметі уақытында салынған көпір тұр. Бюджеттен қаражат бөліп, сараптама жасағанда, ол көпірді пайдалану тиімсіз болып шықты. Өйткені кеңес үкіметі кезінде жартылай салынған көпірдің конструкцияларын күтіп ұстау жұмыстары жасалмаған. Жаңақорғанда 2 теміржол өткелі бар. Алайда ауданда теміржол өткеліне аса сұраныс жоқтығы байқалады. Жалағаш, Сырдария ауданы бойынша да сондай жағдайлар көзделді.
Қызылорда аумағынан өтетін магистралдық теміржол желісінің ұзындығы – 1 055 шақырым. Теміржол бойында 8 вокзал бар. Қызылорда аумағынан 24 жұп пойызы жүріп өтеді. Оның 6 жұбы Қызылорда қаласынан жүреді. Өңір жұртшылығы үшін әлеуметтік маңыздағы «Қызылорда – Бесарық – Қызылорда» теміржол қатынасымен 27,2 мың жолаушы тасымалданған. Сондай-ақ «Марал-Нұр» ЖШС өз қаржысы есебінен «Қызылорда – Жезқазған – Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап төрт вагон қызмет көрсетті.
Күнделікті тұрмыстың тоқтаусыз көрінісі, тірлік тынысы жолдар мен жолаушылар тасымалы тарапындағы жаңалықтар аз емес. Тірлік қажетімен, қаражат қауқарымен жолдар, көпірлер жөнделіп, қайта салынып, алыс-жақынға сапарлаған жолаушылар ағыны арта түсуде. Биылғы жылы атқарылған ауқымды жұмыстың бірі – Жаңақорған ауданының «Келінтөбе – Қандөз – Көктебе» ұзындығы 47 шақырым болатын жолының 28 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілуі. Бұл жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 1316,3 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ биыл Жаңақорған ауданы аумағындағы «Самара – Шымкент – Шалқия» автомобиль жолы толығымен күрделі жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, Қазалы ауданындағы дария бойында «Әлсейіт» учаскесіне де көпір салу, Қызылорда қаласындағы дарияның сол жағалау бөлігіндегі «Шіркейлі» арнасына көпір салу жұмысын аяқтау межеленген.
Шіркейлі көпірі толығымен аяқталуға жақын. Желтоқсан айында пайдалануға берілмекші. 2017 жылдан бері құрылысы жүргізіліп келе жатқан «Әлсейіт» көпірі де жақын уақытта аяқталады. Соның өзіне 2,5 млрд теңгедей жұмсалды. Көпір құрылысын жүргізіп жатқан алматылық «Қазстрой» компаниясының келісімшарты да 2 желтоқсанда аяқталады. Соған дейін жұмыс аяқтап, өткізеді деп күтілуде. Қызылорданың сол жағалауындағы 2 магистралды көшенің құрылысы да биылғы ауқымды жобалардың бірі. Дегенмен бұл жол құрылысы облыстық бюджеттен бөлінген қаржының толық игерілуімен келер жылы аяқталмақ екен. Жол жұмыстарының ауқымды бөлігі бірқатар елді мекендердің кіреберіс жолдарын, көшелерін жөндеуге жүргізілген.
Айталық, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Жосалы, Жалағаш кенттерінде 15 көшені жөндеу жұмыстары жоспарланды. Оған қоса, Жосалы кентіндегі 8 көше жөнделді. Сонымен бірге Жалағаш көшелеріндегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Иіркөл ауылына кіреберіс ұзындығы 16 шақырым, Қараөзек ауылына кіреберіс ұзындығы 3 шақырым жол жөнделіп пайдалануға берілді. Ал Қызылорда қаласы аумағында көше жөндеу жұмыстары едәуір қамтылды. Оның арасында облыс орталығындағы 21 көше орташа жөндеуден өтті. Оған аймақтық бюджеттен 581,1 млн теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар қаланың шет аймақтарында да көшенің жөндеу жұмыстары қамтылған. 2019-2021 жылдарға бағытталған шет аймақ көшелерін жөндеу жұмыстары бойынша жол картасы қабылданған. Соған сәйкес биылғы жылы 6 көшені жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Алты Алаш көшесі, Ясауи тұйығы бойын қамтыған жөндеу жұмыстары аяқталған. «Жол картасына» орай, шет аймақ көшелерін жөндеу жұмыстары алдағы жылы да жалғасын таппақшы. Тұрғындар қажетіне барлық жол жөнделгені дұрыс. Бірақ қаржы қауқарын ескере отырып, кезең-кезең жоспарға бағындыратыны белгілі.
Ал әуеқатынасы бойынша бүгінде «Қорқыт ата» әуежайы арқылы аптасына 25 тұрақты рейс жасалады. Нақтылағанда, Мәскеуге – 4 рейс, Нұр-Сұлтан қаласына – 12 рейс, Алматыға – 7 рейс, Қарағандыға – 2 рейс. Әуеқатынасы тарапындағы өзекті мәселеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысын жатқызуға болады. Жолаушылар терминалы құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүргізуге BI guonp компаниясы кезеніп отыр. Автокөлік тасымалы бойынша облыс аумағында 212 елді мекенге аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 203 бағыттағы автобус қатынасы ұйымдастырылған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбеге қатынайтын, халықаралық бағыттағы Ташкент қаласына қатынайтын автобус қатынасы бар. «Қызылорда – Тараз» бағытындағы автобус қатынасын ұйымдастыру қарастырылып жатыр.
Қорыта келсек, Үкіметтің жұмысын, халық күткен нәтижені қамтамасыз ететін негізінен жергілікті атқарушылар екені белгілі. Атқарушылардың тек біліктілігіне байланысты емес, сонымен бірге адамгершілік, азаматтық жауапкершілігіне байланысты жүктелген міндеттеріне мүлтіксіз орындайды деп сенеміз. Өйткені Президент өз Жолдауында тапсырған нәтижеге жұмыс істеп, «жүрдім-бардыммен» жүрерлік жағдайдың жоғын ескерткен болатын. Сондықтан әр азамат өз ісіне жауапты қарауы тиіс. Сонда ғана бастаған істің еңбегі жемісті болады.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы