Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған бір сөзінде: «Әлемдік нарыққа шығатын бір жол бар. Ол – ауыл шаруашылығы» деп еді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіруге зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді» деп атап көрсетті.
Ауыл шаруашылығы өркендеген Сыр елінде бұл сала экономиканың негізгі драйвері екені айқын. Жыл сайын бұл салада ілгерілеу байқалады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2019 жылдың 8 айында 35,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 2,7 пайыз артқан. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі осы кезеңде 25,8 млрд теңге болып, 8,8 пайыз ұлғайды. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі қаңтар-тамыз айларында 2 045,5 млн теңгені болып, 2018 жылдың 8 айына қарағанда 2,2 есе өсіп отыр. Мал санында да өсім байқалады. Төрт түлікті түгендесек, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара – 6,7, қой мен ешкі – 9,4, жылқы – 12,6, түйе 6,7 пайыз көбейді. Сондай-ақ аграрлық секторға көрсетілген мемлекет қолдауы былтырғыдан 28 пайыз артқан. Биыл облыс бойынша 183,1 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 97,5, майлы дақылдар – 7,9, мал азықтық дақылдар – 60,2, картоп, көкөніс, бақша – 17,4 мың гектар. Негізгі дақыл – күріш 87,9 мың гектар. Қазір аймақта егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Облыс бойынша 87,9 мың гектар күріштің 42 078 гектары орылып, оның 33 290 гектары бастырылып, 165,3 мың тонна өнім алынды. Орташа өнім көлемі – 49,7 центнер. Өңірде ерте егілген 3,8 мың гектар күздік бидай толығымен жиналып, 9,7 мың тонна, 4,1 мың гектар жаздық бидайдан 4,5 мың тонна, 527 гектар жаздық арпадан 440,4 тонна және 63 гектар сұлыдан 45,4 тонна өнім алынды. Сонымен қатар картоптың әр гектарынан 126 центнер, көкөністен 171,5, бақшадан 213 центнер өнім алынуда. Мақсары дақылын жинау аяқталды. Бүгінде 7,7 мың гектары жиналып, 7 мың тонна өнім түсті. Ауыл шаруашылығы үшін техниканың сақадай-сай болуы – басты мәселе. Елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде егін жинау және дала жұмыстарына 1 636 трактор, 806 комбайн, 460 жатка, 323 автомашина, 766 трактор тіркемелері қатысуда. Биыл ауылшаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы барлығы 5,4 млрд теңгеге 167 ауылшаруашылық техникаларын сатып алса, егін жинауға мемлекет тарапынан 16 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Егін жинау жұмысына білек сыбана кіріскен Сыр диқандарының еңбегі еленер күн жақын. Соңғы бес жыл қатарынан рекорд көрсеткіштен түспеген күрішшілер биыл да биіктен көрінетіні сөзсіз. Сыр елінде мал шаруашылығының жайы айтылғанда «мал басының өсімі жағынан ең табысты деген 1993 жылдан асып кеттік» деген салыстырмалы бағалау жиі қолданылады. Қазір облыс бойынша
7 462 бас мүйізді ірі қара, 68 127 бас қой, 6 380 бас жылқы, 3 547 бас түйе бар. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста асылтұқымды мал басының өсу динамикасы білінеді. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға биыл жергілікті бюджеттен 2 684,2 млн теңге қаржы қарастырылған. Мал шаруашылығын қолдауға арналған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға 8 шаруашылықтан 1 091 бас ірі қара алуға өтінім түссе, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға 8 шаруашылықтан 927 өтінім түскен. Сонымен қатар 20 516 бас қой сатып алуға 82 шаруашылықтан өтінім түсіп, 12 273 бас қаржыландырылған. Биыл барлығы 46 417 бас мал сатып алуға өтінім қабылданып, 77,4 пайызке жоспар орындалған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – саладағы көкейтесті мәселенің бірі. Статистикалық деректерге сүйенсек, тамақ өнімдерін өңдеу бойынша барлығы 25,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайыз болған.
Егін жинау жұмысына білек сыбана кіріскен Сыр диқандарының еңбегі еленер күн жақын. Соңғы бес жыл қатарынан рекорд көрсеткіштен түспеген күрішшілер биыл да биіктен көрінетіні сөзсіз. Сыр елінде мал шаруашылығының жайы айтылғанда «мал басының өсімі жағынан ең табысты деген 1993 жылдан асып кеттік» деген салыстырмалы бағалау жиі қолданылады.
Салада ұсақ шаруашылықтарды біріктіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыста барлығы 2 199 жеке шаруашылықтың бірігуімен 86 кооператив жұмыс істеуде. Бұл жұмысты ілгерілету мақсатында өңірде жеңілдетілген несие беру жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 4 кооперативтің мүшелеріне барлығы 15,8 млн теңге несие берді. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несиелендірілмек. Бұл ауылшаруашылық құрылымдарының ісін ілгері жылжытуға үлкен сеп екені сөзсіз. Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту қажеттігі атап айтылған болатын. Былтыр облыста 34,5 млн долларды құрайтын 95,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, 2017 жылмен салыстырғанда 18,2 пайыз артқан. Оның ішінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі – 94,5 пайыз. Экспортталған өнімнің өткізу нарығында Тәжікстан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің үлесін атап айтуға болады. Биылғы тамыз айына дейін облыстан 18 608,3 мың доллар болатын 44 533,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Айта кетелік, 2013 жылы экспортқа 3 түрлі өнім шығарылса, бүгінде оның саны 19-ға жеткен. Біз әлі де кәдеге жарата алмай жүрген малдың жүні де экспортқа шыға бастады. Мәселен, Қытайға 20 тонна жүн экспортталған. Сондай-ақ жыл басынан бері Иранға 789 бас қой, Өзбекстанға 59 бас түйе, 250 бас ірі қара малы, Біріккен Араб Әмірлігіне 950 бас қой жөнелтілген. Жыл соңына дейін Иранға 150 бас ірі қара малы, Біріккен Араб Әмірлігіне мың бас ірі қара мал мен 200 бас қой және бақша дақылдарын экспорттау жоспарланып отыр.
Биыл салаға серпін берер құны 8 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Сыр маржаны» ЖШС-ның экспортқа бағытталған жылдық қуаты 5 мың тонна ет өңдеу комбинатының құрылысы жүруде. Қала іргесіндегі Талсуат елді мекенінде орналасқан ет комбинаты іске қосылғанда шұжық, консервіленген ет өнімдері шығарылатын болады. 25 адамды жұмыспен қамтитын комбинат өнімінің 60 пайызы экспортқа бағытталған. Қармақшы ауданындағы «Қармақшы құс» ЖШС жылына 1 500 тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысын жүргізуде. Жыл соңына дейін іске қосылатын фабриканың 95 пайызы аяқталды. Сондай-ақ «КазАгроМир» ЖШС-ның Қызылорда қаласындағы автоматтандырылған кешенді жылыжайы биыл іске қосылмақ. Жылыжайға Италиядан 425,1 млн теңгеге құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылды. Бүгінде электрмен, сумен жабдықталып жатыр. Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» ЖШС-да қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш ақтайтын қытайлық зауыт іске қосылды. Арал ауданында «Ақбай» шаруа қожалығының «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірге «Мал сою пункті және асылтұқымды репродуктор шаруашылығын құру» жобасы жүзеге асты. Тәулігіне 10 бас ірі қара малын союға арналған пункттің құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, енді құрал-жабдықтармен қамтылып жатыр. Биыл іске қосылуға даяр инвестициялық жобалар бұл ғана емес. Жаңақорған ауданында «Барыс Агро» ЖШС-ның мал сою пункті, Арал ауданында «Аста» ЖШС-ның тәулігіне 15 тонналық балық өңдеу цехы және «Әулиетөбе» шаруа қожалығының 120 бас ірі қара малына арналған репродуктор шаруашылығы, Қармақшы ауданында «Тұрмағанбет» ЖШС-ның жылына 365 тонна сүт қабылдау және қайта өңдеу цехы, Жалағаш ауданын да «АгроЛидер Таң» ЖШС-ның жылына 120 тонна ет өңдеу цехы, Шиелі ауданында «Жылқайдаров» ШҚ-ның мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, Қызылорда қаласында «МТС АС Агро» ЖШС-ның мал бордақылау алаңы іске қосылмақ.
Миуа НАЗАР,
Қызылорда облысы