Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 8-ші парламенттік дода өз мәресіне жетті. Оның қорытындысында VII шақырылымдағы жаңа депутаттық корпус жасақталуда. Неге 7-ші? Өйткені отандық парламентаризмнің жаңа тарихы 1995 жылдан басталады: сол жылы қабылданған жаңа Ата Заңға сәйкес, Қазақстанда қос палатадан тұратын кәсіби Парламент қалыптасты. Оған дейін жалғыз палатадан құралған, әрі тек жалпы отырыстарға ғана жиналатын кеңестік үлгідегі Жоғарғы кеңес жұмыс істегені мәлім.
Бұл сайлаудың бес ерекшелігі
Халықаралық және отандық сарапшылар мен саясаттанушылардың ортақ байламынша, бұл жолғы сайлау, шынында бұрынғылардан ерекшеленді. Жаңа үрдіс-тенденциялар бой көрсетті. Біріншіден, 16 жыл ішінде алғаш рет Мәжіліс сайлауы уақытынан бұрын емес, өз мерзімінде өтіп отыр. Әйтпесе, алдыңғы сайлаулардың бәріне «кезектен тыс» деген айқындауыш жалғанатын. Екіншіден, қазақ тарихында тұңғыш рет жалпыұлттық сайлау пандемия және карантин аясында ұйымдастырылды. Тиісінше, қауіпсіздік мәселесі, яғни сайлаушылардың коронавирус індетін жұқтырмауы бірінші орынға қойылды. Ал үгіт науқанында партиялар өз бағдарламасын ақпарат құралдары, әлеуметтік желі, интернет, сондай-ақ ауыл-аймақтардағы шағын кездесулер арқылы елге түсіндіруге күш салды. Үшіншіден, бұл сайлау әйелдер мен жастардың мүмкіндігін кеңейтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау және партиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізіліп, партиялық тізімдерде нәзік болмыс иелері мен жас ұрпақтың жасы 35-ке жетпеген өкілдеріне 30 пайыздық квота берілді. Төртіншіден, «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен 17 тамыз бен 3 қазан аралығында Қазақстан тарихында тұңғыш рет кең ауқымды, барлық өңірлерді теңдей қамтыған праймериз – партияішілік сайлау өтті. Яғни, көшбасшы партия ашық саяси бәсекелестікті қамтамасыз ететін, азаматтық қоғамның саяси процеске белсенді қатысуына жаңа өріс ашатын тың тәжірибені енгізді. Бесіншіден, бәйге жолына тұрған бес партияның екеуі атауын өзгертіп, ребрендинг жасады. Тұтастай алғанда, шетелдік және отандық байқаушылар бұл сайлауды ашық, әділ, жария, тыныш әрі қауіпсіз өтті деп бағалауда. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, сайлау, соның ішінде үгіт-насихат науқаны мен дауыс беру үдерісі елде КВИ ахуалының нашарлауына соқтырмады.Жеңіс тұғырында – үш партия
Сонымен, Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттары сайлауының алдын ала қорытындыларын жариялады. Ең алдымен, яғни дауыс беру аяқтала салысымен, ОСК аса маңызды бірінші көрсеткішті – сайлаушылардың дауыс беруге келуінің (явка) нәтижелерін хабарлады. Осы мақсатта 2021 жылғы 10 қаңтарда ашылған 10 мың 60 сайлау учаскесінде (оның 66-сы 53 шетелдік мемлекетте орналасты) дауыс беру негізінен сағат 20.00-де аяқталды. Тек сағат белдеулерінің өзгешелігіне орай 5 өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру астана уақыты бойынша сағат 21.00-де аяқталды. 10 қаңтарда сайлау бюллетеньдерін тізімдерге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,3%-ын алды. Өңірлер бойынша деректерге жеке тоқталсақ, Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылардың – 75,5%-ы, Қызылорда облысында – 73,9%, Алматы облысында – 73,5%, Ақмола облысында – 72,8%, ШҚО-да – 72,4%, Жамбыл облысында – 72,2%, Қостанай облысында – 71,8%, Павлодар облысында – 71,3%, Қарағанды облысында – 70,7%, Түркістан облысында – 65,8%, БҚО-да – 62,4%, Ақтөбе облысында – 58,8%, Атырау облысында – 56,4%, Шымкентте – 56,5%, Маңғыстау облысында – 55%, Нұр-Сұлтан қаласында – 45,1%, Алматы қаласында 30,3%-ы дауыс берген. Ал 11 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауының алдын ала қорытындыларын да жария етті. Осылайша, 10 қаңтарда өткен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылардың дауысы былайша бөлінді: «Nur Otan» партиясына – 71,09%; «Ақ жол» демократиялық партиясына – 10,95%; «Қазақстан Халық партиясына» – 9,10%; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 5,29%; ADAL саяси партиясына – 3,57%. Мұның ішінде 7%-дық шектен өте алған үш партия – «Nur Otan», «Ақ жол» және ҚХП Мәжілісті қалыптастыратын болады. «Ауылға» осы қатарды толықтыруға небары 1,8 пайыздай ғана жетпей қалды. Ортсайлауком шетелде дауыс берген қазақстандықтардың қандай таңдау жасағанын кешірек айтады. Дегенмен ол осы нәтижелердің көп өзгеруіне әдетте ықпал етпейді. «Бұл сайлауда жетекші «Nur Otan» партиясының мерейі үстем боларына, оның басым дауыспен жеңеріне пессимистердің өзі күмәнданбаған шығар. Ендігі ең қызығы – жеңіс тұғырына көтерілген үш партияның бюро отырыстарын өткізуі болмақ. Сонда депутаттық мандат әр партияда нақты қандай тұлғаларға берілгені, яғни жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының тізімі белгілі болады», – дейді белгілі саясаттанушы Максим Казначеев. Атап өтер жайт, «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне – 126, «Ақ жол» партиясы – 38, ал «Қазақстан Халық партиясы» тізімінде 113 үміткер болды.Айхан ШӘРІП