Бұл сайлау – елдің елеулі жетістігі
Бұл сайлау – елдің елеулі жетістігі
255
оқылды

Қазақстандағы сайлау бірнеше тәуекелмен тұспа-тұс келді, бұлар – коронавирус пандемиясы, карантин шектеулері, экономикалық дағдарыс, ұрпақтардың алмасуы және басқасы. Соған қарамастан мемлекет ашық, әділ әрі қауіпсіз сайлау өткізе алды. Бұл байламды Sailau Talks-2021 ала­ңын­­да пікір алмасқан сарапшылар айтты.

Мәселен, Ресей СІМ-інің Мәскеу мем­лекеттік халықаралық қатынастар инс­ти­туты жанындағы Сараптама орталығының бас ғылыми қызметкері Андрей Казанцевтің тұжырымдауынша, эпидемиологиялық күрделі ахуал қалыптасса да, Қазақстанда Парламент пен мәслихат додасында дауыс бергендер саны көп болды. – Байқаушылар әу баста сайлау науқаны күйзеліс кезеңіне сәйкес келіп қалғанына алаңдаушылық білдірді. Біріншіден, қазір әлемде экономикалық дағдарыс және онымен тығыз байланысты коронавирус дағдарысы белең алуда. Мұны сайлаушылар да психологиялық тұрғыдан ауыр қабыл­дайтыны белгілі. Екіншіден, посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда ерекше құбылыс – ұрпақтың алмасу үдерісі жүруде. Соның аясында Қазақстанда билік транзиті жүзеге асырылды, – деді Андрей Казанцев. Сондықтан байқаушыларға осындай ауанда өткен сайлауды қадағалау қызықты болыпты. «Сыртқы байқаушы ретінде айтарым, ең алдымен сайлау барысында елдегі тұрақ­тылықты сақтап қалу өте маңызды. Әйтпесе, сайлау соңы тәртіпсіздік пен бүлікке ұласып жатқан елдер әлемде жетерлік. Ал Қазақстан сайлауда тұрақтылықты сақтай алды. Сонымен бірге сайлау жаңғыруға жол ашты. Парламентте жастар мен әйелдер саны артты. Партия құрылысы саласында да ел болашағына ықпал етердей қарқынды өзгерістер болып жатыр. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы өткізген праймеризді, өзге партиялардың ребрендингін мысал ретінде келтіруге болады. Яғни, Қазақстанның тұрақтылық пен реформаны үйлестіре білуі сыртқы байқаушылар үшін қызықты болды», – деді ресейлік сарапшы. Ол жаһандық пандемияға қарамастан Қазақстандағы сайлауға шетелдік байқау­шылардың үлкен ынта-ықылас танытқа­нына, олардың көп келгеніне назар аударт­ты. Салыс­тыру үшін айтсақ, таяуда өткен Молдовадағы президенттік сайлауға еуро­палық бай­қаушылар COVID-19 індетінің таралуына байланысты бармай қалыпты. «Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 қаң­тар күні жасайтын халыққа және жаңа депутаттық корпуске Үндеуін күтеміз. Ал­дағы реформалар қандай бағыттарды қам­ти­тыны сонда анықталып қалар. Қ.Тоқаев­тың реформалары экономикалық және саяси прагматизмге негізделген. Яғни, сая­сат халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет етеді» деп түйді А.Казанцев. Президент жанындағы Қазақстан стра­тегиялық зерттеу институтының Әлеуметтік зерттеулер бөлімінің басшысы Мадина Нұрғалиева елді Парламенттің жаңарған құрамы қалай жұмыс істейтіні қызықтырып отырғанын айтты. Сондықтан карантин шек­теулері енгізілгенімен, ел арасында індет жұқтыруға қатысты жаппай үрей болғаны­мен, сайлаушылар үлкен белсенділік та­нытты. «Бұл жолғы сайлау қазіргі күн тәртібіндегі негізгі және өзекті болып отырған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселе­лер­ге халықтың назарын аударта алды. Пан­демияға және індетпен күрес шектеулеріне қарамастан дауыс беру процесі бар жерде қалыпты ахуалда, тәртіпті және тиімді өтті. Сайлауға халықтың 60%-дан астамының қатысуы осыған дәлел», – деді М.Нұрғалиева. Оның бағалауынша, Қазақстан бұл науқанды табысты өткізе алды. 2021 жылғы парламенттік доданы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері қатарына жатқызуға болады. «Қазақстанның сайлауды сәтті өткізе алғаны қуантады. Тұрақтылықты қалаған қоғамымыздың үміті ақталды», – дейді сарапшы.

Елдос СЕНБАЙ