Былтыр мамырда отандық киноиндустрияда үлкен дау туды. Ұлттық киноның өрісін кеңейтіп, әлемдік деңгейге шығаруды мақсат ететін орталықтың басшысы «ірі көлемде пара алды» деген күдікпен ұсталған болатын. Бір қызығы, сол күдікке ілінерден бірнеше күн бұрын ғана Гүлнәр Сәрсенова мемлекет қолдаған фильмге кеткен қаржыны, оған қоса өз қалтасынан тағы қосып, отандық киноның дамуына үлес қосатынын мәлімдеген. Сөйтсек, бірінші секірген сезіктінің сөзі болып шығыпты. Даулы мәселенің мән-жайы қалай болған еді?
Алдымен, Сәрсенованың кім екенін таныстырып өтсек. Гүлнәр Болатқызы – кинопродюсер, режиссер, сценарист, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. Кино саласында ондаған беделді жүлдеге ие болған. Eurasia Film Production компаниясының негізін қалаған. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрайымы қызметіне 2019 жылдың шілде айынан бастап кіріскен. Сөйтіп, 2020 жылдың мамырында басы дауға қалды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекет бюджетінен қаржы бөлуге, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюға көмектескені үшін аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша, сонымен бірге жалпы қамқорлығы мен салғырттығы үшін «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» (бұдан әрі – ҰКҚМО) басқарма төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр» делінген еді. Ең қызығы енді басталады. Осындай күдік туғаны жайлы ақпарат тарамастан бұрын, Сәрсенова жаһанға жар салып, мемлекеттің қаржысын қайтарып, ол аз болғандай, өз есебінен де қолдайтынын білдіріп пікір берген еді. Ол ақша жымқырудың тізбесін қалай құрғанын тәптіштеп айтып берейік. Айтқандай, отандық, соның ішінде ұлттық киноны дамыту мақсатында құрылған орталыққа Сәрсенова 2019 жылы басшы болып сайланған. Сол кезде Гүлнәр Болатқызы Eurasia Film Production ЖШС директоры еді. Ал аталған фирма дәл осы сәтте «Нартай» фильмін түсіріп жатқан. Түсірілім жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен, қаражат та жеке есебінен бөлініп қойған. Бірақ ақыры білдей бір орталықтың басқарма төрайымы болып орналасқандықтан, өзі продюсер, өзі режиссер болып жатқан туындыға «неге мемлекет есебінен қолдау алмасқа?» десе керек. Сөйтіп, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына» 441 млн теңгеге сұраныс жібереді. Ол жерде Eurasia Film Production қызметкерлері бұл қаражатқа түсірілімді аяқтап, туындыны монтаждап, прокатын жолға қоятынын көрсетеді. Десе де, 2019 жылдың тамызында түсірілім жұмыстары толық аяқталып, монтажы басталады. Яғни, әу бастағы «түсірілім үшін керек» деген қаражат қажет емес деген сөз. Сәйкесінше, ендігі қалған жұмыс — монтаж бен прокат үшін 441 млн теңге керек емесі анық. Соған қарамастан сұраныс жіберіледі, «Нартай» келісімнің барлық кезеңінен өткізіліп, ҰКҚМО тарапынан 380 млн теңге бөлінеді. Қарап тұрсаңыз, мұнша қаражаттың қажеті шамалы. Соған қарамастан барлық құжат толтырылып, рәсімделеді. Ақша Eurasia Film Production шотына түседі. Содан соң демде әлгі қаражат Сәрсенованың жеке есепшотына аударылады. Ал құжатта ақшаның Германиядағы түсірілімге, актерлердің гонорарына кеткені көрсетілген. Ал шын мәнінде Гүлнәр Болатқызы бәрін қалтасына салып алған. Мемлекеттен ақша жымқырудың Гүлнәр Сәрсенова көрсеткен тағы бір үлгісі бар. Оны да назардан тыс қалдырмайық. ҰКҚМО Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі, 12/1 мекенжайында орналасқан. Сайтындағы ақпарат сондай. Десе де, «Алматыдан да бір ғимарат керек» деген желеумен сол жақтан орын жалға алады. Time.kz журналисі бұл істің ақ-қарасын тексеру барысында қызық деректерді көптеп тапқан. Атап айтқанда, бақуатты адамдар тұратын ауданда орналасқан Royal тұрғын үй кешенінен кеңсе жалға алып, Сәрсенованың жүргізушісі өзінің атына тіркелген «Баяхметов» ЖК атына рәсімдепті. Одан кейін Eurasia Film Production кеңсеге арналған техника мен жиһаз сатып алып, әлгі «Баяхметов» ЖК-ға жалға береді. Айына – 3,5 млн теңге. Кейін ҰКҚМО Сәрсенованың жүргізушісімен 16,5 млн теңгеге ғимаратты жалға алу туралы келісімшарт жасасады. Демек, техника мен жиһазды жалға беруден түсетін қаражат тағы да Гүлнәр Болатқызының қалтасына түседі дегенді білдіреді. Мұны «екінші әдіс» деңіз. 2020 жылдың қазанында киногерлер Сәрсенованың басшылық қызметте отыруына қарсылығын білдіріп, Президентке хат та жолдаған. Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов, Нұржұман Ықтымбаев бастаған киногерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазып, «құрдымға кетейін» деп тұрған қарашаңырақ — «Қазақфильмді» құтқаруды сұраған. Ішіндегі талаптардың бірі бүгінгі тақырыпқа тікелей қатысты Сәрсенованың лауазымнан аластатылуы болған еді. Орталық жұмысына наразылық білдірген режиссер Данияр Саламат басты төрт қателікті тарқатып берді. «Біріншіден, орталық асығыс-үсігіс, шала-шарпы қабылданған «Кино туралы заңның» негізінде құрылған. Сол заңға сәйкес, Орталықта үміткер фильмдер «Ұлттық кино» мәртебесіне таласады. Ал бұлардың түсінігінше «кино тобы құрамындағы шығармашылық топтың белгілі бір бөлігі қазақстандық» болса, «продюсерлер қазақстандық» болса, «көркемдік деңгейі жоғары» («көркемдік деңгейі» деп нені ұғатыны да белгісіз) болса, ұлттық мәртебеге ие болады екен. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда ұлттық түр, түсінік, таным, ұлттық философия, ұлттық пайым, ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл тізбеленген қасиеттерсіз фильмге ұлттық мәртебе берудің өзі – абсурд! Екіншіден, питчинг нәтижесі тізімінде «Ауыл» деген атаумен жалғыз «авторлық» фильм жүр. Оның өзін фильм үшін емес, Серік Апырымовтың жеке беделі үшін қосқан сияқты. Арам шөптің ортасында бұққан адал өскін іспетті негізі қауқарсыз, тамырсыз «коммерциялық» бағыттағы фильмнің ортасында авторлық жобаның жалғызсырап тұруы – үлкен қателік. Үшіншіден, жобаларды іріктеу-питчингін Орталық басшылары қанша «онлайн өткіздік» деп күпінгендерімен, өте жұмбақ, ашық емес. Мысалы, биыл Эксперттік кеңес құптаған 58 жоба ВАК іріктеуінен соң 42 жоба болып, қысқарып оралды. Не үшін қысқартты? Не кінәсі бар? Не себепті? Жауап жоқ! Төртіншіден, Эксперттік кеңес мүшелерінің екі-үшеуі ғана қазақ тіліндегі киножобаларды оқып, пікір айта алады. Мұндай жағдайда объективтілік жөнінде, ұлттық мәртебе жөнінде, ұлттың кинотуындысы жөнінде, жалпы ұлттық өнер жөнінде ой қозғаудың өзі артық», – дейді режиссер. Ал енді мемлекет қаржысын қалтасына салғанның соңы не болды дейсіз ғой? Жоғарыда айтқан ақша жеудің екі әдісінен бөлек тағы да фактілер бар. Сөйтіп, жалпы алғанда 400 млн теңгеден асатын сома шығын келтірілген. Сәрсеноваға «жеуге» көмектескендер қатарында орталықтың басқарма төрайымының орынбасары Олжабай Мұсабеков, орталық қызметкерлері Лаура Тілеужанова мен Қалқаман Салықов, Eurasia Film Production ЖШС қаржы директоры Татьяна Гребенникова және режиссер Сергей Азимовтың бар екені тергеу барысында нұсқа ретінде айтылған. Бір қызығы, бұл айтылған адамдардың ешбірі қамауға алынбаған. Тіпті, қаражатты қайтарғанын ерлік санағандай, түсіністік танытыпты. Былайша айтқанда, қамауға алынбауын «мойындағаны үшін, жасы мен кішкентай балалары барын есепке алып, мемлекеттік наградалары болғаны үшін, операциялардан кейін созылмалы ауруы бар болғаны үшін» деген себептер келтірілген. Ақша қайтқан екен деп, адамгершіліктен аттап, ел қаражатына қол салғандарға көз жұма қараған жөн бе? Күні ертең «кешірімді екен» деп әр салада жемқорлар саны қазіргіден бетер көбейсе не болады? Белгісіз…Жадыра АҚҚАЙЫР