Ең қомақты тендер ұтқан 10 компания

Ең қомақты тендер ұтқан 10 компания

1. «Bazis Construction» ЖШС

241 млрд 899 млн

«Bazis Construction» – «Базис-А» компаниялар тобының құрылыс бөлімшесі. Ол 29 жыл бойы құрылыс нарығында қызмет етіп келеді. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, компания жалпы сомасы 242 миллиард теңгеге жуық қаражатқа тұрғын үй, әкімшілік ғимараттары, инфрақұрылым, өнеркәсіп және жол құрылысы бойынша мемлекеттік тапсырыс алған. Ең ірі келісімдердің бірі – «Метрополитен» КМК тапсырысы (метро желісін салу жұмыстары).  Компания 42 миллиард 720 миллионнан теңгеге Алматыдағы метро желісінің «Достық – Қалқаман» бағытын салып жатыр. «Базис-А» негізін қалаушы – Александр Белович. Ал «Bazis Construction» компаниясын ұлы Павел Белович басқарады. Беловичтер отбасы Forbes анықтаған Қазақстандағы ең бай 50 адамның (2020) тізімінде жетінші орында тұр. Forbes-тің «Қазақстандағы 50 ірі жеке компания - 2019» рейтингінде «Bazis Construction» ЖШС 21-орында тұр. Ресми сайтындағы мәлімет бойынша, қазір компанияда 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

218 млрд 650 млн

Мемлекеттік корпорация – мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетуді, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеуді, ғимаратты, құрылысты және олардың құрамдас бөлігін техникалық тексеруді, мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруды жүзеге асыратын бірыңғай провайдер. «Азаматтарға арналған үкімет» 2020 жылдың басынан бері жалпы сомасы 218 млрд 650 млн теңгеге 21 мыңнан астам келісім жасасқан.

3. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ

177 млрд 276 млн

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ - Қазақстан ақпараттық технологиялар нарығындағы ірі компания. Ол 2000 жылы құрылды, 2008 жыл «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы болды. Компания Қазақстанның бірыңғай байланыс-орталығы операторы саналады. Сонымен бірге мемлекеттік органдарға ақпарат-коммуникация қызметтерін көрсетеді, мемлекеттік электронды ақпараттық ресурстардың қауіпсіздігін сақтайды, деректер беру бойынша және тағы басқа қызметтерді көрсетеді. Компания былтыр мемлекеттік сатып алу сайтында 177 млрд 276 млн теңгеге 16 мыңнан астам мемлекеттік тапсырыс алған.

4. «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС

117 млрд 492 млн

«Атырауинжстрой-АИС» 1999 жылдан бері жол және инфрақұрылым құрылысымен айналысады. Компанияның Атырау әкімдігінен алған алғашқы ірі тапсырысы – теміржол вокзалынан қалаға шығатын жол салу. Негізін қалаушы Серік Оразбаевтың айтуынша, былтыр сол жолды араға 19 жыл салып, «Атырауинжстрой-АИС» жұмысшылары қайта қалпына келтірген. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, компания көбіне Атырау қаласы мен облысындағы автомобиль, жаяу жүргінші жолы, өтпежол және көпір салу немесе қайта қалпына келтіру жұмыстарын және аэродром жабындарын жөндеу, абаттандыру, жер қазу жұмыстары бойынша жалпы сомасы 117 миллиардтан астам теңгеге тендер ұтып алған. Оның ішіндегі ең ірі шарттардың бірі – Атырау облысында «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» облыстық маңызы бар автомобиль жолын (0-80 км учаске) қайта қалпына келтіру жұмысы. «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС бұл тендерді ашық конкурста ұтып алған. Оған облыс бюджетінен 24 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жол жөндеу жұмысы 2022 жылдың соңында бітеді деп жоспарланған.

5. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ

113 млрд 236 млн

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ - «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы. Сонымен бірге компания «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіреді. «Өнеркәсіпті дамыту қорының» мақсаты – лизинг, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттің инвестиция саясатын іске асыру, Қазақстан экономикасына шетелдік және отандық инвестицияларды тарту. Қор айналысқан ірі жобалар қатарында ««Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясының құрылысы, «Тұлпар talgo» жолаушылар вагонының паркін жаңарту жобасы бар. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мемлекеттік сатып алу сайтында жалпы сомасы 113 миллиард теңгеден астам қаржыға мемлекеттік тапсырыс алған. Ал ең ірі келісім  - «Алматыэлектрокөлік» ЖШС үшін қаржы лизингі бойынша қызмет көрсету. Лот бағасы – 12 миллиард 125 миллион теңге.

6. «KAZPACO» (КАЗПАКО) ЖШС

112 млрд 730 млн

«KAZPACO»  ЖШС – 2001 жылдан бері автомобиль жолын салу және өнеркәсіп құрылысы саласында қызмет етіп келе жатқан «BI-GROUP» холдингіне еншілес компания. Компания құрылғанан бері «Қарағанды-Астана», «Қостанай-Әулиекөл-Сурган», «Алматы-Бішкек», «Астана-Қостанай-Челябинск» автомобиль жолдарын салу сияқты ірі жобалармен айналысқан. Мемлекеттік сатып алу сайтында жалпы сомасы 113 миллиардқа жуық теңгеге мемлекет тапсырысын орындаған. Олардың ішіндегі ең ірі сомаға жасалған келісім – Алматының Наурызбай ауданында 300 төсек-орынға арналған тез тұрғызылатын модуль аурухана тұрғызу. Оған мегаполис бюджетінен 13 миллиард 422 миллион теңге бөлінген. Аурухана 2021 жылы 30 қарашаға дейін пайдалануға беріледі. «KAZPACO» ЖШС ие болған мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың көбі бір көзден алу тәсілімен тікелей жасалған. «BI-GROUP» холдингі Forbes жасаған «Қазақстандағы 50 ірі жеке компания - 2019» рейтингінде бесінші орында тұр. Оның негізін қалаушылардың бірі Айдын Рахымбаев Forbes-тің Қазақстандағы ең бай 50 бизнесмен рейтингінде 11-орынға тұрақтаған.

7. «Казахдорстрой» ЖШС

106 млрд 430 млн

Компания 2005 жылдан бері жол және көпір құрылысымен айналысып келеді. «Казахдорстрой» атқарған ауқымды жобалар қатарында Павлодардағы Ертіс өзені арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір (12,3 км), «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің 90-нан астам шықырымы және Қазақстандағы алғашқы алты жолақты Астана-Петропавл автобаны (184-230 км) бар. Мемлекеттік сатып алу сайтында жалпы сомасы 106 миллиардтан астам теңгеге 29 келісім жасаған. Олардың ішіндегі ең ірі тапсырыстардың бірі – Шымкенттегі Бәйдібек би – Арғынбеков – Назарбеков – Астана көшелері мен даңғылдарының қиылысында жол айырығын салу. Оған қала бюджетінен 11 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Көше құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталуға тиіс. «Казахдорстрой» ЖШС ұтып алған ірі тендерлердің бірі – Нұр-Сұлтандағы  Ш. Бейсеков көшесінен Тұран даңғылына дейінгі аумақта № 27 көшесін салу. Оған 10 миллиардтан астам теңге бөлінді.

8. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорны

89 млрд 870 млн

Кәсіпорын қызметі – гидротехника құрылыстарын, кешенді су қоймаларын, магистрал су құбырлары мен өзге су шаруашылығы объектілерін ұстау, пайдалану және қалпына келтіру. Компания жалпы сомасы 89 млрд 870 млн болатын мемлекеттік тапсырыс алған. Қаражаты ең молы – Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын қайта қалпына келтіру, түзету объектісіне авторлық қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметтер. Бұл қызметке республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінген.

9. «Казстройподряд» ЖШС

89 млрд 218 млн

Компания 2005 жылдан бері сауда ойын-сауық орталығы, кеңсе, тұрғын үй, қонақүй, оқу орны, жатақхана, спорт кешені құрылысын салумен және әрлеу жұмыстарымен айналысып келеді. «Казстройподряд» салған ірі ғимараттар қатарында «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Astana Marriott» қонақүйі, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы және Нұр-Сұлтандағы көпқабатты үйлер бар. «Казстройподряд» ЖШС жалпы сомасы 89 миллиард теңгеден астам қаржыға мемлекеттік тапсырыс алған. Оның ішіндегі ең ірі келісім – Түркістан облысындағы Б. Қонысбаев атындағы өткізу пунктін қайта жөндеу және техникасын толық жабдықтау. Оған республикалық бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

10. «Фирма» Азия» ЖШС

83 млрд 441 млн

Компания жол, инженерлік желілер және тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени объектілер, жол салу, қайта жөндеу жұмыстарымен айналысады. «Фирма» Азия» ЖШС бірнеше жылдан бері  ШҚО, Өскемен және Семей қалаларының құрылыс бөлімінен тұрғын үй мен жол салуға, су құбыры желісін тартуға және тағы басқа құрылыс бойынша көптеген лот ұтып келеді. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, компания жалпы сомасы 83 миллиард теңгеден астам қаржыға тапсырыс алған. «Фирма» Азия» ЖШС орындаған ірі келісімдердің бірі – Семейде «Абай-Арена» мәдени-спорт кешенін салу. Компания бұл лотқа бір көзден сатып алу тәсілі бойынша ие болған. Кешенді салуға қала бюджетінен 26 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.