Ақмолада донор жетіспейді
Ақмолада донор жетіспейді
249
оқылды

Ақмолада қан тапсыратын донорлар тапшылығы сезіле бас­тады. Осы­ған дейін жылына 10 мыңға жуық адам қан тапсырса, өткен 2020 жылы олардың саны мыңнан астам адамға азайып кеткен. Облыстық қан орталығының мамандары бұл үрдіс одан әрі жалғаса берсе, қан қоры адам өмірін сақтау үшін жеткіліксіз болып қалатынын айтып, дабыл қақты.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын облыстық қан орталығы есігінің алды қараң-құраң кезекте тұрған адамдардан бір босамайтын. Ал қазір жағдай мүлде өзгерген сыңай­лы. Қан қажет еткен науқастарға құятын қан табылмай қалатын болған. Донорлардың саны күрт азайып кеткен. – Бізге 35-37 қан дозасы мөл­шерлемелерін қамтамасыз ету үшін күн сайын 25-27 адамға дейін до­нор­­лар қажет. Бұл біздің тыныш жұ­мыс істеуімізге мүмкіндік беретін «Қауіпсіздік көпшігі» десек те болады. Қазір олардың саны күрт төмендеп кетті. Күніне шамамен 12, кейде 15-17 адамға дейін ғана донор келіп қан тапсырады. Елімізде пан­демияның салдарынан каран­тин шектеулеріне қарамастан, был­тыр қиын болса да, біздің қан орта­лық­тары  гемоөнімдермен қамтамасыз етілген. Бірде-бір ауданға, бірде-бір ауруханаға ешқашан қан беруден бас тартқан емеспіз. Қан қоры әр­қашан болды. Ал қан қашанда то­лықтырылып отырылуы тиіс. Яғни, біздің қан орталығының негізгі жұмысы алдағы уақытқа да жұмыс істеп, алдын ала әзірлеп қоюға негізделген, – дейді Ақмола облыс­тық қан орталығының бас дәрігері Ермек Мұхамедиев. Дәрігерлердің айтуынша, кез келген адам донор бола алады. Ол үшін белгілі бір іріктеуден өтуі тиіс. Қан беруге ниетті адамдарда созылмалы және қоғамға қауіпті ауру белгілері болмауы керек. Сондықтан дені сау әрі донор болуға ниетті адамдарды табу да қиынға түсіпті. Бұдан бөлек, қан орталығы осыған дейінгі қан бере­тін донорлардан да айырыла бас­таған. «Қан тапсырар алдында біз до­нор­лардан қажетті диетаны қатаң сақтауын өтінеміз. Қан берер ал­дын­да барлық майлы, қуырылған, сүрленген, сүтті және ашыған сүт өнімдерін пайдалануды тоқтату қажет. Егер донор мұндай диета­ларды сақтамаса, онда оны біз қан тап­сыруға жібере алмаймыз. Өйт­кені мұндай қан науқасқа қан құюға жарамайды. Сондай-ақ донор­лар­дан қан берудің алдында міндетті түрде жақсылап демалып, жақсы ұйықтап келуін өтінеміз, – дейді об­лыстық қан орталығының транс­фузиолог-дәрігері Надежда Бархат­ова. Дәрігерлердің айтуынша, көп адам қан берген кезде ағза әлсіреп кетеді деп қауіптенеді. Мамандар бұл тұжырымның қате екенін жұрт­қа түсіндіру үшін әрекеттенетінін айтады. «Көбіне қандай жастағы адам­дар болсын қан беруден қашып, қорқақтап жатады. Қан берсе, денсаулығы нашарлап кетеді деп ойлайды. Бұл мүлде ағат пікір. Өйт­кені қан берген адамның қаны тазарып, керісінше өздерін бұрын­ғыға қарағанда жақсы сезінеді, – дейді қан орталығының дәрігері Надежда Бархатова. Бұл пікірмен көп жылдан бері қан беріп жүрген тұрақты донор­лардың бірі – Ерлан Әбішев те келісетінін жеткізді. «Ағзаға ешқандай да зиян бол­майды. Керісінше, өзіңді жеңіл және өте жақсы сезінесің. Өмірім­нің соңына дейін қанды тұрақты беріп тұрамын деп шештім. Бұл өзім үшін де адам өмірін құтқаруға өз үлесімді қоса алғаным үшін бойыма қуаныш сыйлайды. Мәселен, жаза­тайым оқиғаға тап болған кішкен­тай ғана сәби балақайлардың тағ­дыры қыл ұшында болғанда, сенің қаның оның аяқтан тұруына сеп­тігін тигізеді. Ол ата-анасының аялы құшағына еніп, бақытты бала­лық шағын одан әрі жалғас­тыруға жаңа мүмкіндік алады Бұл керемет емес пе?!», – дейді Ерлан Әбішев. Донор қаны 42 күнге дейін сақталады екен. Ал балалар үшін қанды сақтау уақыты бір аптаға қыс­қарады. Облыстың қан орта­лығының қызметкерлері қажетті қан көлемін табу үшін түрлі мемле­кеттік мекеме мен өндіріс орнына барып іздеуге мәжбүр болатынын айтады. «Қанның тапшылығы сонша­лық, біз қызметкерлерімізді тиісті міндеттеріне жатпаса да донор іздеуге жұмылдыруға мәжбүрміз. Өйткені адам өмірін құтқару үшін қанның орны аса маңызды. Қан тапсыру үшін арнайы акциялар ұйымдастырылып, мекемелер мен кәсіпорынға арнайы барып, қан  алатын кезіміз аз болмайды, – дейді облыстық қан орталығының басшысы Ермек Мұхамедиев. Қазір қан тапсырушыларға әрбір қан тапсырғаны үшін 3 мың теңгеге дейін ақша төленеді. Облыста аталған мақсатқа бюджет қоржынынан 7 млн теңге бөлініпті. Қан тапшылығының орнын толтыру үшін орталық мамандары тиісті шараларды одан әрі де жалғастыруға ниетті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы