Жиһаз өндірушілерге қолдау бар ма?
Жиһаз өндірушілерге қолдау бар ма?
466
оқылды

Қазір отандық жиһаз өндіру­шілер нарықтың шамамен 30 па­йызын ғана қамтиды. Ма­ман­дар жиһаз өндірісі көлемін бұдан арттыра түсуге болатынын айта­ды. Саланың дамуына серпін бо­латынына үмітпен қарап оты­руымызға себеп: мемлекет та­ра­пынан жиһаз өндірушілерге қол­дау көрсету шаралары қа­рас­тырыла бастады.

Жиһаз өндірісі саласы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосылды. Нәтижесінде бұл сала мем­ле­кеттік сатып алу нарығындағы санаттық таңдап алудың қанатқақты жобасына кірді. Осы жылдың шілде айынан бастап мемлекеттік сатып алуларда жеңіл өнер­кәсіп өнімдері мен жиһаз тек отандық өндірушілерден ғана сатып алына бас­тады. Бұл көптен айтылып жүрген, бірақ іске аспай келе жатқан шаруа болатын. Шындығында, отандық өндірісті қолдау­дың жарқын үлгісі осы емес пе? Осы мақсатта мемлекет бюджетінен қанша ақша бөлініп, ол шетелдік өнімдерді са­тып алуға кететін. Бұл жобаны іске асыру арқылы екі жеп биге шығып отырмыз десек те болады. Өйткені біріншіден, отандық өндірісті қолдайтын болсақ, екіншіден, мемлекеттік сатып алуларға жұмсалатын ақша сыртқа кетпей, өз елімізде қалады. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің мә­ліметіне қарағанда, мемлекеттік органдар жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын, яғни ар­найы жұмысқа киетін киімдер мен аяқ­киім, кеңсеге қажет ағаш және металл жи­һаз бен құрылысқа қажет портланд­цемент үшін жылына 25 миллиард теңге жұмсайды екен. Осы күнге дейін Беларусь, Ресей және Қытай жиһаз өндірушілері басты бәскелес болса, жеңіл өнеркәсіп саласында Қытай мен Түркия ешкімге есе бермей тұр. Ал цемент көбіне Ираннан импортталып келген.

Негізі, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жасалған мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, Үкімет мемле­кет­тік қызметкерлерге шетелдік көлік са­тып алуға тыйым салған қаулы қабыл­даған. Нәтижесінде кейінгі жылдары отандық көлік құрастыру саласында оң өзгеріс байқалады. Басқасын айтпағанда, кейінгі жылдары бой көтерген әлеуметтік нысандарды жиһазбен қамтамасыз етудің өзі осы саланың еңсесін біраз тіктеп тастайтындай-ақ жөні бар. Оның үстіне көптеген мектепте жиһаздардың ескіргені және оны жаңасына ауыстырудың уақыты әлдеқашан келгені айтылып қалады. Сондықтан бұрынғы әлеуметтік нысандар үшін де қаншама жиһаз керегі анық.

Осы ретте айта кетер тағы бір жағымды жаңалық: келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Самұрық Қазына» ҰӘҚ сатып алулары да қазақстандық өндірушілерге қарай бет бұрмақ. Осындай оң өзгерістерге қарап таяу жылдары ішкі жиһаз нары­ғының 50 пайызы отандық өндірушілердің қолына өтеді деген үміттеміз.

Статистикалық мәлімет бойынша, жыл басында елімізде жиһаз өндіруші 1 300 компания тіркелген. Алайда оның 839-ы ғана жұмыс істеп тұр. Ал оның 300-і ғана салық төлеп отыр. Демек, жи­һаз өндірісін дамытуға, кәсібін жолға қоюға деген талпыныс бар, бірақ жұмыс көңіл көншітерліктей деңгейде жүрмей тұр. Неге? Оның кейбір түйткілдері бар. Әйтсе де, осы түйткілді мәселелерді ше­шуде қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Елімізде жиһаз өндірісі саласына шындап бет бұра бастағанымыз байқалады. Оның бір дәлелі – таяуда өткен Жиһаз және ағаш өңдеу өндірісі кәсіпорындары қа­уымдастығының (ЖАӨКҚ) құрылтайы. Қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада осы саланың маңызды мәселелері тағы бір сарапқа салынды. Сала дамуына серпін беретін басты бағыт – шикізат, қажетті материалдар болса, алдағы уа­қытта бұл түйіннің де тарқатылар түрі бар екені осы құрылтайда айтылды. Сарап­шылар материал өзімізден болған соң тауар құны да 5-18 пайызға дейін төмен­деуі мүмкін екенін айтуда. Та­уар құны қолжетімді болса бұл алушы­ның пайда­сына шешіледі де, өнімге сұраныс арта түседі.

Мамандар еліміздің жиһаз нарығында отандық және импорттық тауарды қос­қанда жыл сайын 140-150 миллиард тең­генің өнімі сатылатынын айтады. Демек, қомақты қаржы айналымы бар. Жиһаз және ағаш өңдеу өндірісі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Қанат Ибраев бұл нарықты игеруге әлеуетіміз жететінін айтады. «Ірілі-ұсақты жиһаз шығарушы кәсіпорындар бар. Кейбір кәсіпорын жылына 2-2,2 млрд теңгенің өнімін шығарады. Осындай 70 кәсіпорын болса, бүкіл нарықтың қажеттілігін қа­нағаттандыра алады. Шағын кәсіпорын­дардың күшін біріктіріп, консорциум құ­ру қажет. Еліміздің жиһаз нарығын ба­сып алған импорттық өнімдерге бәсеке­лестікті күшейтеміз. Алдағы уақытта шетелдік жиһазды нарықтан тықсырып шығарамыз. Қазақстанда жиһаз шығару­шылар көп» дейді ол.

Жиһаз өндірісінің 43 пайызы Алматы қаласы мен Алматы облысына тиесілі. Сондай-ақ Павлодар облысында – 8,6%, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облы­сын­да – 12,3%, Қарағанды облысында – 6,8%, Шығыс Қазақстан облысында – 6,1%, Шым­кент қаласы мен Түркістан облы­сында 8,2% жиһаз шығарылады. Отандық жиһаз өндірісінің кәсіпорындары сапа менеджменті мен экологиялық менедж­мент жүйесіне сай, заманауи дизайн сер­тификаттарымен расталған өнім шыға­рады. Ел нарығында отандық өніммен қатар шетелдік тауарлар да үлкен сұраныс­қа ие. Әсіресе, Ресей, Қытай, Италия және Беларусь жиһаздарын сатылымда жиі кездестіруге болады. Тауар бағасы көп­теген факторларға байланысты әр­түрлі. Ол пайдаланған материалға, ди­зайнына, құрылым күрделілігіне, тасы­малдап, жеткізуіне байланысты.

Қалай дегенде де салада серпіліс бай­қалады. Соңғы бес айдың өзінде саланың ел нарығындағы үлесі 5 пайызға артып, ішкі сұраныстың үштен бірінен астамын қамтыған. Мұндай өсімге биылғы шілде айынан отандық өндірушілерге табыстала бастаған индустриялық сертификат та оң ықпал ете бастағаны анық. Бұл жергілікті өнімнің бәсекеге қабілетті болуына жол ашты. Құжат кәсіпорынның ел аумағында жұмыс істеп жатқанының дәлелі. Осының негізінде өндіруші мемлекеттік тапсы­рысты орындауға мүмкіндік алады. Өнім­ді өндіру бар да, оны нарыққа шығарып, тұтынушыға өткізу бар. Осы өткізу мәселесіне келгенде шағын кәсіпкерлер осы күнге дейін қиналып келген. Енді өнімі сапалы болса, мемлекеттік тапсырыс аясында өндірілсе, жасалған жиһаздың өтуінде мәселе туындамайды. Өйткені оны өндіруге мемлекет тапсырыс беріп отыр. Өндірушіге бұдан артық қандай қол­дау керек? Мемлекет тарапынан осын­дай қолдау барына дұрыс насихат жүргізілсе, жаңа жүйе ішкі нарықтың бойына қан жүгіртетіндей реті бар. Оның үстіне нарықта жиһазға деген сұраныс жоғары. Жаңа пәтерге кірген әрбір тұрғын үйін жаңаша безендіргісі, қазіргі заман талабына сай жиһаз қойғысы келеді. Сондықтан мемлекеттік деңгейде жиһаз өндірісі саласына ден қоюымыз алдағы уақытта экономикалық жағынан да тиімді болмақ.