Шетелді былай қойғанда, ел ішіндегі жүріс-тұрыс тоқтамай тұр. Бұлай жалғаса берсе, карантин жағдайы күшеюі мүмкін. Мысалы, бір ғана Нұр-Сұлтан мен Алматының арасында күніне 10 мыңға тарта адам қатынайды. Жалпы, ел бойынша әуе мен теміржол вокзалындағы жолаушылар ағыны – 31 мың мен 17 мың. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 4 облыста санитарлық бекет бар. Қазір елорда тұрғындарының көкейіндегі сұрақ – Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабыла ма?
Алда не күтіп тұр?
Иә, мұндай сұрақтың тууы заңды. Өйткені қала 16 қаңтарда «қызыл аймаққа» кіріп, бірнеше шектеу қойылды. Репродуктивті индекске келсек, қазір 1,279-ды көрсетіп тұр. Тұрғындар мен қала қонақтары арасында коронавирусқа тапсырған тесттің оң нәтиже көрсетуі 9 есеге көбейген. Осыған орай елордадағы инфекциялық стационарларда 720 орын әзірленген. Әкімдіктің мәліметінше, 121 реанимациялық төсек-орын болса, оның 27-сінде науқастар ем алып жатыр. Кейінгі кезде халықаралық әуе рейстері жолаушыларының ПТР анықтамасынсыз келуі жиілетіп кетті. Мәселен, 6 қазаннан бастап 8 800-ден астам жолаушы карантиндік стационарға орналасқан. Оның ішінде 62 жолаушының тесті оң нәтиже көрсеткен. Жалпы алғанда, Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдың соңына дейінгі эпидахуалға болжам жасады. Олардың айтуынша, наурыз айының соңында вирус жұқтыратындар саны көбейеді. Жағдайдың жақсы жағынан қарасақ, тәулігіне 3 мың адам індет жұқтыруы мүмкін. Дегенмен осылай болған күннің өзінде қатаң карантин енгізілмейді. Алайда сценарий басқаша өрбіп, індетке іліккендердің саны 6 мың мен 9 мыңның арасында көбейсе, карантин талабы күшейеді. Яғни, өткен жылғыдай блок-бекет орнатып, қала арасындағы қатынас тоқтайды. Ал мұндайдың алдын алу үшін Денсаулық министрі вакцинациялауды қолға алу керегін атап өтті. Әрі кезең-кезеңмен егілетін екпе жағдайдың біршама жақсаруына әсер етеді екен. «Бірінші кезеңде 2 миллион адамды вакцинациалау эпидемияның өршуін тежейді. Есептеуіміз бойынша, 2 миллион адамды вакцинациялау тіркелген жағдайдың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинамен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен ауру мен өлім-жітім саны азаяды. Шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималы артады. Пандемия дамуының осы кезеңінде әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама вакциналау екенін түсінді», – дейді Алексей Цой.ПТР тапсырудың қажеті жоқ
Денсаулық сақтау министрінің алдағы карантин жайы туралы айтқанынан-ақ шешім шығаруға болады. Демек, елорданың «қызыл аймаққа» кіргені «қала карантинге жабылатынын» білдірмейді. Десе де, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдадық. «Қазір блок-бекеттерді орнату, Нұр-Сұлтан қаласына кіруге және одан шығуға тыйым салу жоспарда жоқ. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде карантиндік шараларды қосымша қатаңдатуды қарастырамыз. Әзірге адамдар көп жиналатын объектілердің жұмыс режимі өзгерді. Мысалы, демалыс күндері сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік емес тауарларды сататын жабық базарлардың, фитнес-орталықтар мен фитнес-клубтардың, ХҚКО-лардың жұмысына тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану объектілері орналасқан жеріне қарамастан, сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күндері қалалық қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады», – деді департамент жетекшісі Сарқыт Сағынтайқызы. Осындайда оқырман көкейінде тағы бір сұрақ туады. Өткен жылы Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан «қызыл аймаққа» кіргенде өзге облысқа қатынайтындардан ПТР-тест талап еткен-ді. Ел әбігерге түсіп, алған билетін кері өткізіп тастаған жағдай тіркелген еді. Ал қазір «қызыл аймақ» сызығында 6 облыспен бірге Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Сонда елордаға басқа қала мен өңірден келген жолаушылардан ПТР-тест нәтижесі сұрала ма? Департамент жетекшілері аталған сұраққа «жоқ» деп жауап берді. Яғни, бас қаладағы эпидахуал өзгеріп, карантин шарасы күшейгенімен әуе мен теміржол «еркін» жұмыс істейді. Демалыс күндері қалада қоғамдық көлік жүрмейді. Бірақ орта есеппен ішіне 150 адам отыратын ұшақ Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында жолаушы тасымалдайды. Сайып келгенде, көліктер бағаны көтеріп, елорда тұрғындары біраз шығындалады. Ал бұдан ұтылатын кім?Жағдай мәз емес
Неліктен ел ішіндегі ұшақтың жайын қозғадық? Өйткені өңірлердегі жағдай мәз емес. Мысалы, бір ғана Атырау облысында коронавирус жұқтырғандардың саны 15 мыңнан асты. Орал қаласында шектеу шаралары күшейді. Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарында 15 санитарлық бекет қойған. Жауаптылар 290 карантин нысанын бақылап отыр. Ауыл мен елдімекендерде де жағдай көңіл көншітпейді. Кей ауылдарда блок-бекет қойылып, кіріс-шығыс шектелген. Тұрғындар вирустың симптомды не симптомсыз екенін білмей әлек. «Өзім вирустың симптомсыз түрімен ауырған сияқтымын. Аяқ-қолым қақсап, тамаққа тәбетім болмады. Үйден емделіп, сорпа-судың арқасында аман қалдық. Ауылда дәрі-дәрмектің бағасын қымбаттатқан. Бұрын 600 теңге тұратын дәрі бағасы 1100 теңгеге дейін көтерілген. Көрші-қолаң да ауырып жатыр. Үйден шықпай, туыстарымызға да қонаққа бармай жүрміз. Кішігірім ауылдағы жағдай осындай болса, қаладағы ахуалды топшылай беріңіз»,– дейді Пенжім ауылының тұрғыны Зәуре Бексұлтанқызы. Кейіпкердің дәрі бағасы жайында айтқанын ескеріп, елордадағы дәріханаларға бардық. Баға қалыпты. Президент медициналық маска бағасын арзандатуды тапсырды. Бірақ «бағасы арзан заттың сапасы қайдан жақсы болсын?» дегендей, медициналық маскалардың сапасы төмен. Әрине, 50-70 теңге төлесеңіз, сапалы түріне қолыңыз жетеді. Ал 25 теңгелік түрін алсаңыз, «ақша қимаған өзіңізге өкпелеңіз» деген жөн болар. Кейде осы пандемия болмаса, бұрын бетперде шығаратын кәсіпкерлер қалай күн көргенін елестету қиын. Осыдан 2 жыл бұрын сапалы медициналық масканы 15 теңгеге сатып алушы едік... Қазір баға қандай? Айырма – жер мен көктің арасы. Әттең дерсің...Айзат АЙДАРҚЫЗЫ