«Мылтықсыз» майдандағы күрес
«Мылтықсыз» майдандағы күрес
227
оқылды

Елорда тұрғындарының биылғы қыстан тоңып шығатын түрі бар. Көптеген үйде 1,5 айдан бері жылу құбыры қанжылым ғана болып тұр. Мүлік иелері бірлестіктері құрыла бастаған соң, пәтер иелері кооперативтері көңілсіздеу жүр ме, әйтеуір бұрынғыдай жылыту маусымы қарсаңында пәтер аралап жылу құбырын тексерген ПИК өкілін көрмеді жұрт. Әйтпесе, әлі күнге ПИК-тің қызметі үшін ақы төлеп келеді. Ал олардың тарапынан жауа­п­кершілік сезілмейді. Бұлай деуімізге елорда тұр­ғындарының әлеуметтік желідегі жанайқайы себеп болып отыр.   Біз осы мәселені зерделеп көруге тырыстық.

МИБ құру процесі неге баяу?

Көппәтерлі тұрғын үйлерді кү­тіп ұстау мәселесі қашанда өзекті болған. Үкімет пәтер иелері коопе­ративтері жұмысына көңілі толма­ған тұрғындардың талғамынан шы­ғатын жүйе жасау мақсатында былтыр жаңа реформаны бастап жіберді. Арнайы заң қабылданып, биылғы 7 қаңтарға дейін елімізде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) мен қарапайым серіктестік (ҚС) фор­масындағы ұйымдар құрылуы тиіс еді. Осылайша, тұрғын үйлерді кү­тіп ұстауды тұрғындардың өз жауап­кершілігіне беру ойлас­тырылған. Алайда бастапқы жоспар жүзеге асар емес. Неге? «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығының қазақстандық орталығы» АҚ-ның департамент директоры Марғұлан Әбдікә­рі­мовтің айтуынша, бұл процестің баяу жүруінің өз себебі бар. «Заң былтыр жыл басында кү­шіне енгенімен, нормативтік-құ­қықтық актілер мен арнайы қау­лылар дайын болғанша 2,5 ай уақыт кетті. Сол арада коронавирус панде­миясы килігіп, жұмысқа кедергі жасады. Себебі МИБ пен ҚС құру үшін тұрғындар жи­налысын өткізу негізгі талаптың бірі болатын. Ал күшейтілген карантин режимінде жиын өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Жи­налыс өткізуге шектеу қойыл­ғандықтан, бұл мәселені жаз­баша сауалнама жүргізу арқылы реттеуді жөн көрдік», – дейді ол. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шылығының қазақстандық орталығы» АҚ-ның дерегінше, МИБ пен ҚС құруда алғашқы үздік үштікте Алматы (380), Атырау (272) және Нұр-Сұлтан (191) қалалары тұрса, аутсайдерлер үштігінде Қы­зылорда (1), Солтүстік Қазақстан (3) және Шығыс Қазақстан об­лыстары (5) бар. Айта кетейік, ПИК-тердің 2022 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Одан кейін ПИК жабылады немесе сервистік қызмет көрсететін компанияға ай­на­лады. Оған дейін тұрғындар көңілінен шығатын ПИК-пен 2022 жылдың маусымына дейін қызметін тұтыну шартын жасай алады. Бірақ тұрғындар түбінде МИБ пен ҚС құруға міндетті. 2022 жылдың шіл­десінен соң ПИК-пен тек сер­вистік қызмет шартын ғана жасай алады.

Тұрғындар жауапкершілік алғысы келмейді

МИБ пен ҚС құру туралы әңгіме айтылғалы әлі бір шешімге келмеген тұрғындар көп. Жуырда ғана жаңа үйден пәтер алған Бейбітгүл Исаева МИБ құру мәселесінде көршілерінің пікірі екіге жарылғанын айтады. «Көршілерім МИБ құруға қарсы емес, бірақ оған дейін элиталы үй­лерге қызмет көрсететін ПИК-тің қызметін тұтына тұрайық, МИБ құрған соң сол ПИК-пен сервистік қызмет шартын жасаймыз. Алайда ол ПИК пәтердің шаршы метріне 75 теңгеден ақша алмақшы. 75 тең­гені қымбатсынып жатқан тұр­ғындар көп. Олар бірден МИБ құ­рып, электрик пен сантехникті тұрғындар арасынан тағайындауды ұсынады. Себебі 3 бөлмелі пәтер иелері ПИК-пен шарт жасасақ, ай сайын 6 мың теңгеден төлеуге ша­мамыз келмейді. Көршілердің ортақ чатында күніне 500 пікір жазылса да, 4 айдан бері бір шешімге келе алмай отырмыз», – дейді. МИБ құрудағы бір мәселе сол ұйымға жетекші болуға ниетті адам жоқ. Бұл пікірді Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инс­пекциясы басқармасының маманы Еркебұлан Көшкінбай растап отыр. Оның дерегінше, елордамызда жобамен 3 600 МИБ құрылуы керек. Себебі қалада сол шамада көп­пәтерлі тұрғын үй бар. Ал бүгінге дейін небәрі 200-ге жуық МИБ құрылыпты. «Ең басты мәселе – бастамашы топ жоқ. Ешкім өз атына МИБ аш­қысы келмейді, бәрі қолым тимейді дейді. Заңның мақсаты – тұрғын үйді күтіп-ұстау билігін тұр­ғын­дардың өзіне беру, ал тұрғын­дардың ешқайсысы ондай жауапкершілік алғысы келмейді. Екіншіден, тариф көтеріледі деп қорқады. Себебі бү­гінде ПИК 10 үйді басқарып отыр­ғандықтан, 10 үйге екі сантехник, екі электрик ұстайды. Ал МИБ құрылған соң әр үйге бір сантехник, бір электрик ұстау керек болады дегенді алға тартады. Бірақ бұл мәселенің шешімі барын түсінгісі келмейді», – дейді Еркебұлан Маратұлы. Біздің есебіміз бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 3 600 МИБ немесе ҚС құрылатын болса, сонша адам жұ­мыспен қамтылады. Олар­дың жала­қысы, кем дегенде 42 500 тең­ге бо­лады. Ал жалақыны кө­теруді тұр­ғындар жиналысы шеше алады. Ер­кебұлан Маратұлының ай­туынша, астанада құрылған МИБ-тердің жұмысы әрқилы. Жақ­сы жұмыс істеп жатқаны да, МИБ ар­қылы пайда көздеп жүр­гендер де бар көрінеді. Шымкент қаласындағы Сапаны бақылау басқармасының бас ма­маны Перизат Тәжиеваның ай­туынша, МИБ пен ҚС құруға тұр­ғын­дардың көбі қарсы. Олар да жауапкершілік алғысы келмейді. «Сондықтан бүгінде түсіндіру жұмысына басымдық беріліп отыр. Әр аудан өз аумағында түсіндіру жұмысына кіріскен. Мегаполисте    2 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. Ал сол үйлерде МИБ пен ҚС құру қашан аяқталатынын болжау қиын», – дейді бас маман.

ПИК-ті қалдыруға болмай ма?

Тұрғындар арасында ПИК-ті қалдыруға да мүмкіндік берілуі керек дейтіндер бар. Олар жұмысын жақсы атқаратын ПИК-терді жауып тастау әділ емес, сондықтан тұр­ғындарда таңдау құқы болуы керек деген пікірде. Ұнаса да, ұнамаса да «ПИК жабылуы керек» деген ше­шімді ақылға қонымсыз дейді. Тұр­ғын үй және тұрғын үй инспекциясы тұрғындардың бұл өтінішін салалық министрлікке жеткізген, бірақ құзырлы орын ПИК-тер жабы­ла­тыны о баста шешілген мәселе еке­нін шегелеп тұрып айтыпты. «Халықтың мен үшін біреу істеп береді деген менталитетін өзгер­туіміз керек. Әр тұрғын өз пәтерінен басқа, сол көппәтерлі үйдегі тұр­ғындармен ортақ мүлкі барын тү­сінуі керек. Ал оны күтіп ұстау үшін қаражат жұмсап, қар­жының жұм­салуын бақылау үшін МИБ құруға атсалысуы керек. Пә­терімді ғана күтіп ұстаймын, бас­қасында шаруам жоқ деген түсі­ніктен арылатын кез келді», – дейді Марғұлан Жеңісұлы.

ПИК-тің бәрі періште емес

ПИК-терге 2022 жылдың шіл­десіне дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бірақ соған дейін адал қызмет етуге құлқы жоқ ПИК-тер де бар болып шықты. Салдарынан елордадағы көпқабатты үйлер тұр­ғындары апаттан көз ашпады, биылғы қыста сол жағалаудағы үй­лерде құбыр жарылу, сағаттап су­сыз қалу қалыпты нәрсеге ай­налды. Есілдің сол жағалауындағы көп­қабатты тұрғын үйдің бірінде қа­быр­ғаның жарылғаны анықталды. Тұрғындар ПИК өкіліне қабырғаны жөндеу үшін қанша шығын қажет екенін есептеуді сұраған. ПИК өкілі 1,2 млн-1,8 млн теңге жұмсалады деп есептеп берген. Кейін тұрғындар осы жұмысты атқаратын маман­дардан жарылған қабырғаны бітеу үшін 504 мың теңге ғана қажет еке­нін анықтап білген. Ал екінші мысал жауап­кер­шілікке қатысты: есте болса, апта бұрын астаналықтар жылу баға­сының көтерілгені туралы мәселе көтерді. Құзырлы орындар тариф қымбаттаған жоқ деген жауабын берді. «Бақсақ – бақа екен» демекші, бұл мәселеге де ПИК жауапсыздығы себеп болыпты. Жекелеген ПИК-терге жылу есептегіш құралды тиісті мерзімде тексеруден өткізу керегі, егер уақытында тексеруден өткіз­бесе, «Теплотранзит» мекемесі ол үйге берілген жылу ақысын жоғары тарифпен белгілейтінін ескерткен. Алайда ПИК ол ескерту туралы тұрғындарға тіс жармаған және жылу есептегіш құралын тексеруден өткізбеген.

Айдана БЕГІМ