Ауғанстанның шығысындағы Газни провинциясында ұшақ құлады. Бұл туралы Ауғанстанның 1TV телеарнасы провинция губернаторының өкіліне сілтеме жасап хабарлады, – деп жазады Би-би-си.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ бортында 80-нен астам адам болған. Tolo News басылымының хабарлауынша, ұшақ «Талибан» қозғалысы әскери ұйымының бақылауындағы аймақта құлаған.
Сонымен бірге, ресейлік ақпарат агенттіктері жергілікті Ariana News басылымына сілтеме жасай отырып, жолаушылар саны 110 адамға дейін болуы мүмкін деп хабарлайды.
Бастапқыда бұл ұшақтың Ariana ауған әуе жолдарына тиесілі болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда, кейінірек компания директоры жергілікті ақпарат агенттіктерімен сөйлескенде мұны жоққа шығарды, – деп хабарлайды РИА Новости.
Кейінірек аймақтық билік ұшақтың шетелдік компанияға тиесілі болуы мүмкін екенін хабарлады. Сондай-ақ ұшақ толығымен өртеніп кеткенін атап өткен.
РИА Новости өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, ол әскери ұшақ болуы мүмкін деп мәлімдейді. Бұл ақпарат ресми расталған жоқ.