Ақтөбе облысында сауда қызметі саласында, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін белгілеу кезінде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сауда қызметі саласындағы заңнама талаптарының сақталуына қатысты кешенді шаралар мен талдау жұмысын жүргізіп жатыр.
Мәселен, 2026 жылдың 9 айында аталған саладағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 200-ден астам кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асты.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мөлшерін белгілеу жөніндегі заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың басынан бері заңнамада белгіленген 15 пайыздық шекті сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету фактілері анықталды. Осыған байланысты 167 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 3 миллион теңгеден асты.
Заңбұзушылықтар көбінесе картоп, пияз, сәбіз, күріш, күнбағыс майы және басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде тіркелген. Рұқсат етілген сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету деңгейі 20 пайыздан 270 пайызға дейін жеткен.
Анықталған барлық фактілер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы 1-бөлігіне сәйкес тиісті әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
Бұдан бөлек, ірі сауда желілерінің бірі азық-түлік тауарларына заңнамада белгіленген сыйақының (ретробонустың) шекті мөлшерінен асып кеткені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 204-3-бабы бойынша екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрбір анықталған факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, қайталап жасалған құқықбұзушылық үшін салынған айыппұл мөлшері 300 АЕК-ті құрады.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қабылданып жатқан шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге, өңірдің азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге, заңнама талаптарының сақталуына, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
