Қазір докторанттар мен магистранттар ғылыми еңбегін толықтырып, қорғауға дайындалатын кезең. Арамызда диссертациясы дайын докторанттар да бар. Осындайда «неліктен қорғап, ғылыми атағын ала алмай отыр?» деп сұрақ қою заңды. Жауабы біреу – олар Scopus базасына кіретін басылымдарда мақала жариялауы керек. Алайда мұндай журналдардың талабы қатаң. Ал жұрт айтып жүргендей мақала жариялау ақылы ма?
Әуелде докторанттар диссертация қорғауға рұқсат алуы үшін заңдылық басқа-тын. Шарт бойынша олар басылымдарда кемінде 7 мақала жариялауы қажет еді. Соның ішінде біреуі – Scopus деректер қорына кіретін ғылыми журналда, үшеуі – Ғылым комитеті ұсынған отандық ғылыми басылымда, екеуі – Қазақстандағы ғылыми конференция, біреуі халықаралық конференция жинақтарында жариялануы керек-ті. Қазір заңдылық басқа. Докторанттар Scopus пен Web of Science базасына кіретін Q1 журналдарға мақала жарияласа жетіп жатыр. Солай дейміз-ау, бірақ аталған журналға мақала өткізу қиынның қиыны. Иә, аталған база түрлі саладағы басылымдарды индекстейді. Мысалы, Scopus базасында өмір туралы ғылым, гуманитарлық, әлеуметтік, физика ғылымдарына қатысты журналдар бар. Web of Science болса, Scopus-тан ауқымы кең. Жаратылыстану, техникалы, қоғамдық, гуманитарлық, өнер туралы ғылымдарды қамтиды. Сіз мақала жібергеннің өзінде ұзақ тексерістен өтеді. Себебі жазған дүние әлемдік стандартқа сай болуы керек. Талап бойынша мақаланың тақырыбы абстракт, тиянақты сөздері мен қолданылған әдебиеттері ағылшын тіліне аударылғаны жөн. Жоғарыда Scopus-тан гөрі Web of Science (WoS) поштасына жіберген мақаланың жариялануы ұзақ уақыт алатынын жаздық. Өйткені WoS-та іріктеу мен рецензиялау кезеңі күрделі процесс. Жалпы алғанда, қос база үшін де дүниежүзілік ауқымдағы жаңа идеяны индекстеу, ғылыми қоғамды қызықтыратын зерттеудің сапасы, бірегейлігі мен тиімділігі маңызды.Мұның бәрі рейтинг үшін бе?
Elsevier ғылыми компаниясының Орталық Азия бойынша директоры Әлия Оспанова БАҚ-қа берген сұхбатында Scopus журналдарының 80%-ында мақала жариялау тегін екенін айтқан. Бірақ мақаланың зерттеу негізінде өрбуі, дәлелдер, тиянақтылық бәрі ескерілетінін баяндаған. Ал елімізде докторанттар журналға мақала беруге асықпайды екен. Уақыт жақындағанда журнал мен докторант арасын байланыстыратын компаниялардың қызметіне жүгінеді. Сондықтан мамандар мақаланы ертерек бастап, нақтылап, ағылшын тілінде жазып, Scopus поштасына жолдауды сұрады. «Scopus базасына кіретін журналға мақала беріп қойдым. Жариялауын күтіп жүрмін. Егер мұндай басылымдарға мақалаң шықпаса, докторлық атақты қорғауға жібермейді. Аймағамбетов бекіткен заң бойынша қазір магистратурада ККСон-ға мақала жариялаудың қажеті жоқ. Бірақ университеттер мұны талап етеді. Мысалы, ҚазҰУ QS рейтингіне кіреді. Ал бұл рейтингтің негізі – ғылыми жарияланымдар. Сондықтан рейтингте алға жылжу үшін осындай ғылыми мақалалар ауадай қажет. Scopus базасындағы журналдарға физиктер тарапынан ғылыми жаңалық ашатын зерттеу болмаса, филологтер тарапынан мақала жариялау қиын. Өйткені қазақ тіліне қатысты дүниелерді шетелдіктер алып, оқиды деп ойламаймын. Бірақ амал жоқ, докторлықты қорғау үшін мақала өткіземіз. Өз басым мақала жарыққа шығу үшін 760 мың теңге төледім. Әлі де ақша төлеу керек», – дейді Сезім Қайыртай (есімі өзгертілді–авт.) Осы тұста бірқатары тіл мамандарына Scopus пен Web of Science-қа материал өткізу қиын екенін айтады. Себебі жаратылыстану, медицина саласында күнделікті жаңалық ашылғанымен, гуманитарлық ғылыммен жаһанды қызықтыру қиын екен. Кейіпкеріміз баяндағандай, рейтинг – майдан. Тіпті, ел арасында университеттердің рейтингін көтеру үшін арнайы комитеттің жұмыс істейтіні сөз болды. Кім білсін, бірақ магистранттарды мәжбүрлейтіні шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені «магистранттардың мақаласы ККСон құрамына кіретін журналдарда жариялансын» дейтін қаулы жоқ. Бірақ мұндай мақалалар әлемдік рейтингте алға жылжуға орасан зор үлес қосады. Мәселен, QS рейтингі 6 категория бойынша жүргізіледі. Университеттің академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, дәйексөздер, білім алушылардың профессор-оқытушылар құрамына арақатынасы, шетелдік оқытушылар мен шетелдік білім алушылардың саны маңызды. Соның ішінде дәйексөз деп отырғаны – ғылыми жарияланымдар. Яғни, университет ғалымдарының шетелдік басылымдарға жариялаған мақаласынан шетелдіктер қанша рет дәйексөз алғаны есептеледі. Мысал ретінде Еуразия ұлттық университетін алсақ болады. 2020 жылғы мәлімет бойынша кейінгі 5 жылда аталған университет ғалымдарының бір мақаласының орташа дәйегі – 3,05. Бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен 2,5 есе артық. «Scopus-қа мақала шығармадым. Биыл 2-курс магистранттарға ондай талап қойылмапты, оған да шүкір. Бірақ ККСон-ға шығару керек деді. Әйтпесе, қорғауға жіберілмейді екенсің-мыс. Содан «Наука и жизнь» деген ККСон құрамына кіретін журналға мақала жаздым. Жариялау үшін 18 мың теңге төледім»,– дейді Д. есімді магистрант.Докторантураға құжат тапсырушылар азайып кетті
Ал докторантура мәселесіне қайта оралсақ, оқытушылар шетелдегі PhD бағдарламада мұндай талап жоғын атап өтті. Бұл ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру мақсатында қойылған талап екенін, сондықтан да ешқандай қарсылық білдіре алмайтынын айтады. Бірақ докторанттардың ғылыми атағын қорғамау себебі – осы. «Scopus, Web of Science базасына кіретін журналдарда мақала жариялау жылдар бойы ЖОО-да жұмыс істеп жүрген оқытушылардың да қолынан келмейді. Басты мәселенің бірі – тіл мәселесі. ЖОО-ларда білікті профессорлар бар, бірақ ағылшын тілін білмейді. Ал Scopus-қа кіретін орыстілді журналдар аз. Ғылыми дәреже иелену үшін басты талап – ғылыми мақала. QS, Times High Education халықаралық рейтингі үшін де университеттің ғылыми нәтижелері маңызды. Соның ішінде университет профессорларының ғылыми еңбектері де есепке алынады. Мысалы, Times High Education рейтингіне кіру үшін бір оқытушының жан басына шаққанда қанша жарияланымы бары ескеріледі. Аккредитация иелену үшін басты талап осындай», – дейді AlmaU университетінің проректоры Әсел Арынқызы. Сол үшін университеттер әрекетке көшкен. Арнайы департамент құрып, оқытушылар мен жас ғалымдарды сапалы ғылыми мақала жазуға үйретеді. Мысалы, AlmaU университеті ағылшын тілінде мақала жариялауды үйретеді. Сапалы зерттеу жасап, сапалы материал жазуға бейімдейді. Акамедиялық жазудың өзі бөлек әңгіме. Ал мұның бәрі халықаралық рейтингті былай қойғанда, ұлттық рейтингке де әсер етеді екен. Сондықтан әрбір университет оқытушыларын материалдық тұрғыдан ынталандырады. Жарияланымдар үшін төлейтін бонустары бар. Осы тақырып төңірегінде Нәрікбаев атындағы университеттің баспасөз қызметімен хабарласқанымызда, олар рейтингтің әділ жүргізілмейтінін айтты. Сол үшін оқу орны халықаралық рейтингке де, ел ішіндегі рейтингке де қатыспайды. «Осыдан 4-5 жыл бұрын докторантураға құжат тапсырғанымда айналдырған 1-2 грантқа 20-30 адам тапсыратын. Докторантураға түсу күрделі процесс еді. Қазір қойылған талаптардың күшеюіне байланысты докторантураға сұраныс төмендеді. Өйткені біраз докторанттар оқуын аяқтағанымен, біраз жыл бойы докторлық атағын қорғай алмайды. Scopus бойынша талап жоғары. Талапты орындау екінің бірінің қолынан келмейді. Ал докторантураға грант көп. Кейбір университет министрлікке игерілмеген грантты қайтарып береді. Байқаймыз, жыл сайын докторантураға құжат тапсыратындар азайып барады. Талаптың жоғары болғаны жөн. Саны бар, сапасы жоқ мамандар қажет емес. Дегенмен осындай жоғары талапқа сай жағдай жасау керек. Мәселен, біз курс ұйымдастыру үшін біршама қаржы жұмсаймыз. Әрбір докторантқа шетелдік тағлымдаманы сапалы ұйымдастыруға тырысамыз. Докторанттардың жазғы мектебін ұйымдастырамыз. Жас ғалымдарға сапалы зерттеу жүргізуді үйретеміз. Айналып келгенде, мұның бәрі – ақша», – дейді Әсел Арынқызы. ЖОО проректоры айтқандай, мәселе қаржыға келіп тіреледі. Елімізде жас ғалымдарды қолдау нақты жолға қойылмаған. Ал шетелде ғылыми мақала жариялаудың Open access моделі бар. Бұл Еуропа елдерінде кеңінен тараған. Open access моделі арқылы ғалымдар зерттеу жұмысын жариялау үшін қаржы іздеп бас қатырмайды. Себебі ғалымдардың материалын жариялауға жұмсалатын қаржыны арнаулы қорлар өз мойнына алады. Аталған қорлар ғалымдардың еңбегін әлемге әйгілеп, зерттеудің адамзат қажетіне жарауын негізге алады.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ