«Жерімізді шетелдіктерге бермейміз» деп жүргенде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы бес бірдей ауылдың шұрайлы жерлері айдың-күннің аманында сатылып кете жаздады. Алаяқтық жасап, «аңқау елге арамза молданың» тірлігін жасағандар «Рамут» және «Жарқын СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болып шықты. Халықтың 42 мың гектардан астам жерін кепілге қойып, «Аграрлық несие корпорациясынан» миллиардтап қарыз алған шаруашылықтар кейін несиені төлемей қойған. Сөйтіп, даудың соңы сот арқылы шешілді.
Сонымен, жағдайды тарқатып айтсақ. Айыртау ауданының Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш, Светлое және Бірлестік ауылдарының жерлері «Аграрлық несие корпорациясының» меншігіне айналып кетудің аз-ақ алдында қалған. «Рамут» серіктестігі мен одан кейінгі «Жарқын СК» компаниясы бес ауылдың егістік жерлерін 2017 жылы «Аграрлық несие корпорациясына» кепілге қойған. Бірақ пысықайлар мәселені ауыл адамдарына ескертпестен, өзге біреулерге қол қойдырып алыпты. Тіпті, қол қойғандардың ішінде әлдеқашан о дүниелік болған адамдардың да есімдері болған. Сенімхат қолдарына тиген соң ойларына келгенін істепті. Ал корпорациядан алған 756 миллион 207 мың теңге негізгі қарыз бен 156 миллион 207 мың теңге сыйақы және айыппұл санкциясы өтелмей қалады. Қарызы өтелмеген корпорация елорданың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз береді. Сот болып, онда «Жарқын СК» ЖШС 2018 жылдың 15 қазанына дейін қарызды толық өтеуге міндеттеледі. Бірақ межелі уақыт жеткенімен, қарыз қайтарылмайды. Ал 2018 жылдың 2 қазанында сот шешім шығарып, орындау үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы аймақтық жеке сот орындаушысына жібереді. Сөйтіп, шаруашылықтың бар дүние-мүлкі мен техникасы және ауыл тұрғындарының барлық егістік жері қарыз төленбеген соң несие корпорациясының меншігіне өтеді. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» өз иелігіне өткен жерді аукционға қойып сатпақ болыпты. Осылайша, жеке сот орындаушысының қаулысымен 42 919 гектар жер мен 16 ауыл шаруашылығы техникасы бірыңғай сауда-саттық алаңына қойылады. Бұл туралы, тіпті жергілікті билік өкілдері де хабарсыз болыпты. Тек жер түбегейлі сатылуға үш-ақ күн қалғанда «оянған» Айыртау ауданы әкімдігі халықты хабардар етеді. Бірден шу көтеріліп, бес ауылдың жұрты аудан әкімдігіне баса-көктеп кіреді. Жалпы саны 300-ден астам адам жердің сатылып кетуіне қарсы шығып, әкімдікте жиын өтеді. – Жиын барысында жердің сатылып кетпеуі үшін шындықты айтып, дау көтердік. халыққа ескертпестен жерді саудалағаны үшін сот орындаушысының үстінен шағым беріп, аудан әкімдігінен әділдік орнатуын талап еттік. Істің арты үлкен дауға айналған соң, сот аукционды кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Нағыз тартыс осыдан кейін басталды. Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа дейін арызданып, күн-түн демей дамыл таппадық. Сөйтіп, прокуратураның араласуымен жерді кепілге қойған шаруашылық үстінен «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды, – дейді Қарақамыс ауылының белсенді тұрғындарының бірі Орынбай Атығаев.Арада бір жыл бойы бес-алты мәрте сот отырысы өткен. Ауыл азаматтарының белсенді әрекетінің нәтижесінде барлық жер үлестерінің құжаттары жиналып, дәлелдер келтіріліп, тиісті құжаттар толтырылған. «Жеріміздің сатылып кетпеуі үшін барынша әрекет еттік. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде аталған мәселе бойынша талай материалдар жарияланды. Сотқа барлық қажетті мәліметтерді ұсындық. Қылмыстық іс бойынша прокуратура толықтай тергеу жүргізді. Өткен сенбіде Қарақамыс ауылында тағы жиын өткізіп, бес ауылдың ұландары бірлесіп «Менің Туым! Менің Отаным» челленджін өткіздік. Мұндағы мақсат – еліміздің тәуелсіздігін, бес ауылдың бірлігі мен елдігін көрсету болды», – дейді істің басы-қасында жүрген азаматтың бірі Ернұр Нұрғали. Сонымен, арада жыл өткенде, 19 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облыстық сотында соңғы сот отырысы өтіп, іс халықтың пайдасына шешілді. Үш жылдан астам уақыт бойы әділдік іздеген бес ауыл үшін ақ түйенің қарны жарылды. Енді кепілге қойылған 42 мың гектардан астам бес ауылдың жері кері қайтарылады. Жерден басқа сенері жоқ ауыл адамдары үшін бұдан асқан қуаныш та жоқ шығар, сірә...Бұл туралы, тіпті жергілікті билік өкілдері де хабарсыз болыпты. Тек жер түбегейлі сатылуға үш-ақ күн қалғанда «оянған» Айыртау ауданы әкімдігі халықты хабардар етеді. Бірден шу көтеріліп, бес ауылдың жұрты аудан әкімдігіне баса-көктеп кіреді. Жалпы саны 300-ден астам адам жердің сатылып кетуіне қарсы шығып, әкімдікте жиын өтеді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы