Алматы қаласындағы коронавирус инфекциясына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық ахуал әзірге күрделі күйінде қалуда. 21 қаңтар күнгі дерек бойынша, бір тәуліктің өзінде ауруды жаңадан жұқтырған 115 адам тіркелді. Бірер күн бұрын «қала «жасыл аймаққа» өтті» деп, аздап көңіліміз жайланғандай болғанымен, қайтадан «сары аймақтағы» өңірлер қатарына қосылды.
Кейбіреулер соңғы күндерде қаладағы ауа райының бірден жылуы да жағдайға кері әсерін тигізіп жатыр деген ойларын білдіруде. Ауа температурасының төмендеуі не жоғарылауы инфекцияның таралуына қаншалықты әсер ететіні тұрғысындағы сауалдар Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметіне келген дәрігерлерге де қойылды. «Төмен температурада жоғарғы тыныс жолдарының жергілікті қорғаныс факторлары төмендегеннен кейін бұл респираторлық инфекциясы бар адамдардың жиі ауруға шалдығуына әкеледі. Шырышты қабаттарда секторлы иммуноглобулин IgA мөлшері азаяды, бұл қоздырғыштың эпителий жасушаларына жабысу мүмкіндігін тежейді және вирусты, лизоцимді жояды. Инфекция жұқтырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ұсақ бөлшектерді шығарғанда вирус адамнан-адамға ауа тамшылары арқылы оңай беріледі. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізу арқылы COVID-19 инфекциясының қаупін барынша азайтуға болады. Инфекцияның алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау қажет: бірреттік бетпердені қолдану, дезинфекциялау шаралары, кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақтау. Иммундық профилактика қажет, бұл – коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация, – деді медицина ғылымдарының докторы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Күләш Құрманова. Осы маусымда қала тұрғындарына ЖРВИ мен тұмауға қарсы 430 мың доза вакцина тегін салынды. Дәрігер К.Құрманованың айтуынша, бұл әрекет ЖРВИ-мен сырқаттанудың төмендеуіне ықпал еткен. Алайда вакцинацияланған денеде олар КВИ ақуыздарынан қорғайтын антиденелер түзбеген. Қарағандыда шығарылатын Sputnik V вакцинасы коронавирус инфекциясын азайтуға әсер етеді. Алматыда елімізде коронавирус инфекциясы тіркелген наурыз айынан бері 20 635 жағдай есепке алынған. Оның 12 927-і – симптомды, 7 708-і – симптомсыз. Инфекция негізінен қоғамдық орындарда жұғуда. Оны мониторинг тобының назарына ілінген түрлі сауық кештері мен басқосулардан аңғаруға болады. 3-19 қаңтар аралығында қоғамдық орындарда (40,1%), отбасындағы КВИ науқаспен байланыс (27,4%), қалалық көлікте (22,8%), жұмыс орнында КВИ науқаспен байланыс кезінде (5,6%), шетелдерден және өзге өңірлерден әкелінген инфекция (2,6%) тіркелді. Инфекция жұқтырудың жағдайлары жас құрылымдары бойынша: 20-39 жастағылар – 34,7%, 40-59 жастағылар – 28,7%, 60 жас және одан үлкен жастағылар – 21,3%. Бүгінде инфекциялық стационарларда 810 адам емделуде. Оның ішінде 20 бала бар, 17 науқастың жағдайы өте ауыр, 147 науқастың жағдайы ауыр, 644-інің жағдайы орташа ауыр, 2 науқастың жағдайы жеңіл. Жазылып шыққандары – 82, ауруханаға түскендері – 112. Бір айта кетерлігі, өткен жылдың наурыз айынан бері шаһарда мыңнан астам жүкті әйел коронавирус дертінен емделіп шыққан. Өкінішке қарай, дүниеге ұрпақ әкелуге үмітті алты әйел індеттен келген кесел құрығынан құтыла алмай, көз жұмды. Қазір қала бойынша 35 жүкті әйел коронавирус инфекциясына қарсы ем-дом алып, дәрігерлердің бақылауына алынды.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ