Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотында прокурорлар бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны 10 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.
Прокурор Медеу Жақанов ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша Анатолий Шкарупаны 10 жыл бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеусіз, ең жоғары қауіпсіздіктегі ҚАЖК мекемесінде жазасын өтеуге кесуді, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салуды сұрады. Анатолий Шкарупа 2018 жылдың қазан айында Қазақстан Энергетика вице-министрі болып тағайындалған. Оған дейін А.Шкарупа бір жарым жылға жуық Қарағанды облысы әкімінің энергетика және ТКШ мәселелері жөніндегі орынбасары болды. Оның алдында 2015-2017 жылдары Саран қаласы әкімі қызметін атқарды. Анатолий Шкарупа министрдің орынбасары орындығында бар болғаны бір айдан астам ғана уақыт отырды. Содан бері – қылмыстық іс кейіпкері. Оның айыпталушыға айналғанын бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Қауіпсіздік кеңесінде мәлімдеген болатын. «Жақында тағайындалған Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаға Саран қаласының бұрынғы әкіміне заң тарапынан елеулі шағымдар бар. Ол 2015 жылы Саран қаласында орталық жылыту жүйесі жоқ үйлерге есептегіш орнатуға бөлінген 215 миллион теңгені жымқыруға қатысты. Есептегіштер жай бос қабырғаларға орнатылған», – деп мәлімдеді Қайрат Қожамжаров. Мәлімдемеден екі апта өткен соң, 2018 жылдың 19 қарашасында вице-министр қамауға алынып, қызметінен кетті. Вице-министр тұтқындалғаннан бес күн өткен соң «ТКШ дамыту қоры» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы мен ENERCO компаниясының директоры Ерлан Набиев те қамалды. Прокурорлар оларды сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. А.Шкарупа 2018 қарашасында қамауға алынды, бір жылға созылған тергеуден кейін 2019 жылдың қараша айында сот басталды. Бір жарым жылдан кейін сотталушыларды 2020 жылдың маусымында үйқамаққа ауыстырды. Анатолий Шкарупа мен Қайсар Байдалы елордадағы пәтерлерінде – үйқамақта. Оларға үйлерінен шығуға, телефон арқылы сөйлесуге, қылмыстық іске қатысы бар адамдармен кездесуіне, республикадан тыс жерлерге шығуға және т.б. тыйым салынған. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2015 жылы Саран қаласының әкімі кезінде Анатолий Шкарупа орталық қазандығы жоқ көпқабатты үйлерге жылу есептегіш орнату үшін бөлінген қаржыны заңсыз аударған. Ол қаржы лизингі шартын заңсыз жасасуға, сондай-ақ монтаждау, сервистік қызмет көрсету мен тексеруді орындамай-ақ аспаптарды қабылдау-беру актілеріне қол қоюға ықпал еткен. Қайсар Байдалыға «Сараньтеплосервис» жұмыс істемейтін кәсіпорнын заңсыз қаржыландырып, монтаждау, жөндеу және пайдалануға беру бойынша қызметтерге ақы төлеуді, сондай-ақ ENERCO компаниясымен лизинг шартын жасасуды ұйымдастырған деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар тергеу қызметтердің құнын асыра көтерген деп санайды. «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» мемлекеттік кәсіпорны — «ТКШ дамыту қоры» компаниясының жалғыз акционері әрі жәбірленуші тарап болып танылды. Үш сотталушыға Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы келтірілген залалды өндіріп алу туралы азаматтық талап қойды. Алдымен талап қою сомасы 241 миллион теңге болды, кейін талапкер оны 381 миллион 175 мың теңгеге дейін ұлғайтты және соттан сотталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салуды сұрады. Былтыр мүлікке тыйым салу туралы өтініш қанағаттандырылған болатын. 2012 жылы Саран қаласында орталық жылу қазандығын салуға 4 млрд 977 млн теңгеге шарт жасалады. Жоспар бойынша 2015 жылы барлық құрылыс жұмыстары аяқталуы керек болатын. Алайда павлодарлық мердігер жылу қазандығы құрылысын уақытында аяқтамайды. Алаяқтық жасаған кәсіпкер бес жылға бас бостандығынан айырылады, оған жол берген мемлекеттік қызметкерлер шартты мерзімге сотталды. Қазандық салынбаса да 2015 жылы «Сараньтеплосервис», «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» және Energo жеке фирмасы жылу энергиясы есептегіштерін сатып алуға қаржылық лизинг шартын жасасады. Жеткізуші Саранға 274 есептеу құралын әкеледі, олардың бір бөлігі орнатылады. Айыптау деректері бойынша, Қ.Байдалының төрағалығымен қор Е.Набиевтің ENERCO компаниясының «Сараньтеплосервис» әрекетсіз кәсіпорнының шотына жылу энергиясын есептеу үшін 215 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Айыптаушылар оның 104 миллионнан астам теңгесі ұрланған деп есептеп отыр. Прокурорлардың дәйегінше, аталмыш үштік қазандықтың мерзімінде тапсырылмайтынын білген, алайда есептеу құралдарын жылуы жоқ үйлерге орнатуға шешім қабылдаған. Бүгінгі таңда бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның, «ТКШ дамыту қоры» компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалының және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Набиевтің үстінен ұзаққа созылған сот процесі аяқталуға жақын. 2021 жылдың 18 қаңтарында осы іс бойынша жарыссөз басталды, прокурорлар Анатолий Шкарупаны кінәлі деп тануды және орташа қауіпсіз ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыруды және өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айыруды талап етіп отыр. Бір қызығы, прокурорлар шенеуніктің мүлкін тәркілемеуді сұрады. «189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы «аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету» бойынша сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Мен соттан Анатолий Шкарупаны осы бап бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сондай-ақ Қайсар Байдалы мен Ерлан Нәбиевті кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеусіз, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге үкім шығарылсын», – деп хабарлады прокурор. Жарыссөз жалғасуда. Іс 115 томнан тұрады. Сотталушылар сотқа онлайн қатысып жатыр. Іс материалдарымен танысудың өзі алты айға созылған болатын.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы