Жамбыл: жетістік те, кемшілік те бар
Жамбыл: жетістік те, кемшілік те бар
169
оқылды

Өткен жылдың өлшемінде өзекті өртейтін өкініш те, қабырғаны қайыс­тырған қасірет те аз болмады. Десе де, мемлекет межелі міндетті орын­дап, діттеген көрсеткішке қол жет­кізуге ба­рын салды. Дегенмен   есепті кезеңде ел есінде қалған елеулі іс­терімен қатар, шалыс басқан  тұ­сымыз да баршылық.

Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орынбасарлары мен басқарма басшыларының, аудан әкімдерінің басын қосып, тындырылған тірлік пен  түйінді түйткілдерді тарқатты. Жалпы, өңірдегі экономикалық өсім 2,2 пайыз болған.  19 мыңнан астам тұрақ­ты жұмыс орны құрылып,  жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсет­кіштен 4,9 пайызға төмендеген. Инфляция да төмен өсімді көрсеткен.  Аймақ бас­шысының айтуынша, биыл өткен жылдарға қарағанда оңайға соқпауы мүмкін екен.  Сондықтан  арқаны кеңге салмай, қалыпты  қарқынды ұстап қалу маңызды.

Қазына қаржысы толық игерілмеді

Келелі кеңесте алғашқылардың бірі бо­лып облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев баяндама жасап, өзіне қарасты салалардың сүзбесін сүзді. Оның сөзіне сүйенсек, өнеркәсіп, сауда, көлік, инвес­ти­ция, құрылыс және  тұрғын үй сала­ларында оң динамика қалыптасыпты. 77,4 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 531 мың жамбыл­дық жалпы сомасы 48,4 миллиард  теңгені құрайтын әлеуметтік көмекке қол жет­кізген. Өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 23,2 пайызды діттегенімен,  аймақты  дамыту бағдарламасының төрт индикаторына қол жеткізілмеген.  Атап айтсақ,  ауыл шаруашылығы, өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвес­тициялар, ана өлімі және көше қылмысы дең­гейі көңіл көншітпеген. Сондай-ақ  Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу аудандары мен Тараз қаласында  Денсаулық сақтау, Жас­тар саясаты мәселелері және  Дін істері бас­қармалары бойынша қаражат толық игеріл­меген. Одан бөлек, облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындардың жергі­лік­ті салық базасында тіркелген-тіркел­мегеніне талдау жүргізу маңызды мәселе болып тұр. – Салық базасын кеңейту мен  электр энергиясының тарифтерін төмендету қажет. Әлеуметтік нысандарды салмас бұрын елді мекеннің болашағына зерделеу жүргізген дұрыс, – деді Бердібек Сапарбаев баяндамашыны мұқият тыңдап.

Бір мердігер 90 жоба жеңіп  алса, құрылыс қалай мерзімінде бітеді?

Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің тағы бір орынбасары Ұлан Жазылбек құрылыс саласы  бойынша көрсеткіш  128,2 пайыз болғанын жеткізді. 38 көппәтерлі тұрғын үй тапсырылған десек,  жалпы облыс бойынша барлығы 160 нысан толық пайдалануға берілген. Десе де, кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, құрылыс­қа жауапты  мердігерлердің жұмыс кестесін бұзуы, жобалаушылардың жұмысының әлсіздігі биліктің бас ауруына айналып отыр. Тіпті, кейбір компаниялар  80-90 жобадан алып-алып, нысанды мерзімінде өткізбей, құрылысты сағызша созып жүр. Тағы бір мәселе – сумен жабдықтаудың төрт нысаны бойынша әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау актісі жоқ.  38 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттар  дайындау барысы кешіктірілуде. Бұған дейін газ саласында 21 нысан салынса, тағы 10-ы осы жылы аяқталмақ. Алайда 2012-2019 жылдары салынған нысандарды «ҚазТрансГазАймақ» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі  тиісті шешімін таппай отыр. – Халыққа  шағын ауылдарға су  және газ құбырларын жүргізу қисынсыз екенін түсіндіру керек. Ұңғымаларды, мобайл  жабдықтарды пайдалану қажет. Сондай-ақ  әлеуметтік нысандарды газ отынына ауыстыру мәселесі де шешуді талап етеді. Мәселені біртіндеп шешу керек, өйткені бюджеттің мүмкіндігі бәріне бірдей жете бермейді. Облыста созылмалы құрылыстар әлі де көп. Тараз әуежайынан рейстерді арттыру үшін әуетасымалдаушылармен, Азаматтық авиация комитетімен тығыз жұмыс істеу керек. Қазір бірде-бір халық­аралық рейс жоқ. Неліктен жамбылдықтар Шымкент арқылы ұшуға мәжбүр? – деді Бердібек Сапарбаев.

Қайырымды істе көзбояушылық жасаудың қажеті жоқ

Денсаулық сақтау саласы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев дәрігерлер көрсететін қызмет­тердің сапасына қатысты шағым­дардың артқанын атап өтті. Сондай-ақ жамбылдық түлектер арасында ҰБТ нәти­желері де ойдағыдай емес. Ал әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша Тараз қала­сының, Жуалы мен  Меркі аудан­дарының әкімдері төмен бағаға ие болған. – Қоғамдағы көңіл күйді, адамдардың көзқарасы мен қажеттіліктерін түсінуге негізделген әлеуметтік сауалнамалар тұ­рақ­ты түрде жүргізіліп отырады. Қайырым­дылық шаралардан көзбояушылық жасау­дың қажеті жоқ, бәрі шынайы ниетпен орындалуы тиіс. «Асарлатып үй салу»  жо­басы тек жеке отбасының тұрғын үй мәселесін ғана шешіп қоймай, жергілікті қоғамдастықтың бірігуіне, неғұрлым берік қарым-қатынас орнатуға ықпал етуі керек. Өткен жылы «Бейбітшілік пен келісім», «Үлгілі ауыл», «Көшпелі қоғамдық қабыл­дау», «Түлек.кз»  және басқа да игі жобалар қолға алынды. Олар жалғасуы керек. Әкімдер әлеуметтік желілермен өзара іс-қимылды, қоғамдық пікір көшбасшы­ларымен жұмыс істеуді үйренуі қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Берілген тапсырма неге орындалмайды?

Аймақтың асыраушы саласына жауап­ты облыс әкімінің орынбасары Берік Нығ­ма­шевтің  сөзіне сүйенсек,  ауыл шаруа­шылығы 5,3 пайызға өсіп, егістік алқап 735 мың гектарға жеткен. Облыстың азық-тү­лік брендтері ретінде ол пияз, бал, ірімшік және балықты атап өтті. Десек те, әр ау­даннан  кем дегенде тағы бір әлеуметтік па­вильоннан салынуы қажет. Естеріңізде болса, былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаев желтоқсан айының соңына дейін аудандардан бір-бір әлеуметтік дүкен ашуды тапсырған болатын. Алайда оны барлық елді мекен бірдей орындаған жоқ. Тағы бір мәселе – екі жылдан бері әрбір ауылдық округтен  ветеринарлық пункт ашу  мәселесі шешілмей келеді. – Ең бастысы – жерді тиімді пайдалану, суармалы алқаптарды ұлғайту. Өткен жылы су аз болды, биыл одан да аз болуы мүмкін. Сондықтан егістіктерде су үнемдеу техно­логияларын, жаңбырлатып суғару  қон­дырғыларын  белсенді енгізіп, қайта өң­деуді дамыту қажет, – деді Бердібек Сапар­баев.

P.S

Қазір еліміз басынан қиын экономикалық жағдайды өткеруде. Сондықтан жыл басы­нан жұдырықша жұмылып, болашақтың бағ­дарын айқындаған абзал. Әйтпесе, жүрі­сіміз­ден жаңылып, көш соңында қалып қоя­рымыз  анық. Оған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында алдағы уақытта ауыл әкімдерімен қоса, аудан әкімдерінің де сай­лауы өтетінін  айтты. Сондықтан әкім­қараларға қызметіне «бардым-келдім» қа­рамай, қазірден жүйелі жұмыс жүргізгені  абзал.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы