Іргесі сөгіліп, қабырғалары қақыраған
Іргесі сөгіліп, қабырғалары қақыраған
263
оқылды

Көкшетауда ондаған үйдің тұрғыны апатты жағдайда тұрып жатыр. Бірақ ол биліктің назарынан тыс қалып қойған. Олардың көпшілігі өткен ғасырдың 50-жылдарында салыныпты. Осы уақытқа дейін ешқандай жөндеу жүргізілмегендіктен, қирауға айналған. Соған қарамастан апатты жағдайдағы үйлерде адамдар әлі күнге дейін тұрып жатыр. Бірқатар үйдің тұрғындары баспаналарын азғантай болса да, пайдасын көру ниетімен хабарландыру беріп, сатуға қойыпты. Ал кейбіреулері жергілікті әкімдіктің назар аударып, көмек беруінен үмітті. Көкейкесті мәселенің жай-жапсарымен танысып  көрдік.

Тұрғындардың айтуынша, бұл үй­лер 50-жылдарда Кеңес Одағы­ның әр түкпірінен тың игеру үшін жастар келе бастаған кезде салына бас­таған. Іргесі құйылып, қаңқа­лары тұрғызылған үйлер жылдам са­лынған. Өйткені келген адам­дарды қоныстандыру үшін баспана тапшы болыпты. Мұндай сегіз пәтерлі екі қабат­ты үйлер Көкшетауда өте көп. Олар­дың бірі – Ақан сері кө­шесіндегі 95-үй. «Осыдан 10 жыл бұ­рын-ақ бұл үй апатты деп таныл­ған. Қарасаңыз, қабырғалары қа­қырап, іргелері ажырай бастаған. Іргесінен сыз білінеді. Үйіміз әбден тозған. Барлық құжаттары  бар. Бірақ осы уақытқа дейін адамдар тұрып жатыр. Өйткені басқа барар жері жоқ. Жергілікті әкімдікке, басқа да жоғары билік сатыларына кіріп, кірмеген есігіміз қалмады. Бірақ біздің басымыздағы ауыр жағдай ешкімге қажет емес сияқты», – дейді тұрғындардың бірі Сәбила Қантөрина. Апатты үйде тұруға көпшіліктің жү­регі дауаламайтыны түсінікті. Тұр­ғындардың біразы бұл үйлерді жал­ға беріп қойған. Өйткені бас­пана­ның жағдайына қарай жалдау ақы­сы да төмен. Көпшілік қалта­сына қарай арзанын іздейтіндіктен осындай үйлерде тұруға келісіпті. «Мен ауылдан оқуға келдім. Қазір пәтердің бағасы аса қымбат. Ата-анамның азғантай жіберген ақшасы күнделікті тамағымнан артылмайды. Ал университет жатақханасынан орын болмай қалды. Амалым болмаған соң аз ақыға ұсынылған осы хабарлан­дыруға көзім түсіп дереу хабар­ластым. Апатты жағдайына қа­рамас­тан ақшасына бола осы үйде тұруға келістім. Басқа амалым да жоқ, – дейді Серік Жантеміров есімді студент. Үйлерін жалдауға беретін­дермен қатар апатты үйлерде өздері тұрып жатқандары да бар екен. Негізінен көбі зейнет жасындағы адамдар. Өйткені зейнеткерлердің басқа баратын жері де қалмапты. Сегіз пәтердің ішінен сөйлесуге келіскен Сәбилә Қантөрина жағдайдың қаншалықты қиын екенін жіпке тізді. «Егер бұл үйлердің қашан нақ­ты салынғанын білгіңіз келсе, оны тек мемлекеттік архив құжат­тарынан білуге болады. Бұл үйдің жасы менен де үлкен. Қазір 70-ке келдім. Осы үйде өсіп, осы аула­да ойнағанмын. Балалық ша­ғым­нан бері осында тұрамын. Ол кезде бұл жақсы үй еді. Ал енді әб­ден тозып, іргесі сөгіліп, қабыр­ғалары қақы­рай бастаған. Бәрі өз пәтерлерін сатып жібергісі келеді. Бірақ мұндай үйді кім алғысы келеді дейсің?!. Егер қандай да бір жағдай болса, тұрбасы жарылса, біз бірден оны өзіміз жөндеуге тырыса­мыз. Әрбір пәтерден ақша жинап, мамандарды шақыртамыз. Бұл үйлерде пәтер иелері кооператив­тері де жоқ», – дейді Көкшетау қала­сының тұрғыны Сәбила Қан­төрина. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлер сол 70-жылдан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Қазір бір кездері бұл үйлердің қабырғалары тегіс болғанын елестету қиын. Жерге кіріп, отыра бастаған үйдің қабырғалары жарылып кеткен. Оны тұрғындар өз күштерімен жамап-жасқаған болыпты. Тау-кен ісінің шебері Владимир Дорожкин Көкшетауға Орал қаласынан өткен ғасырдың 60-жылдары келген. Бірден осы үйден пәтер беріліпті. – Бұл үй алғашқыда Павловкада орналасқан. Геологтер үшін төрт үйді осында көшіріп алып келген. Үйдің іргетасы жоқ. Сондықтан жерге кіріп бара жатыр, – дейді қала тұрғыны Владимир Дорожкин. Қосқабатты мұндай қоржын үйлер Көкшетауда ондап саналады. Әсіресе, Пушкин, Алтынсарин, Әуелбеков көшелерінде осындай үйлер бар. Қала тұрғындары да, жергілікті билік те бұл үйлердің жағдайының әлдеқашан сыр беріп, апатты жағдайда тұрғанын біледі. Бәрі бұл үйлердің Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеуге келген жас­тар үшін берілген үй екенін айтады. «Қазір қала бойынша мұндай панельді қосқабатты үйлер ондап саналады. 50-жылдары салын­ған­дықтан, жағдайлары өте нашар. Біртіндеп апатты жағдайда тұрған үйлердің тағдыры шешіліп жатыр. Мәселен, Вернадский көшесіндегі 11-мекенжайындағы үй апатты жағ­дайда болғанын білесіздер. 90 от­басы тұратын бұл үй құлауға таяу бол­ғандықтан жанына тіреу қойы­лып, ондаған жылдар қызмет ет­кен. Бірақ комиссия тексерісінен кейін төтенше жағдайдағы үй ретінде танылып, бүгінде үй иелері­не жаңадан бас­қа пәтер берілетін болды. Бәрін бірден жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан біртіндеп мұндай үй­лерге қолдан келгенше тиісті шара қабылданатын болады, – дейді Көк­шетау қаласы тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылық бөлімінің басшысы Юрий Шедлов­ский. Жергілікті билік өкілдері 70 жыл­дан асқан үйлердің жағдайы­нан хабардар екенін біледі. Бірақ мәселенің қашан біржақты болатыны әлі белгісіз. Ал апатты жағдайға жетіп қалған үйлерде адамдар әлі қанша уақыт тұрады. Бұл – алдағы уақыт еншісі...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы