Қайрат Келімбетов: «Реформа елдің әр азаматы үшін жасалады»
Қайрат Келімбетов: «Реформа елдің әр азаматы үшін жасалады»

Президент Қ.Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру керек екені айтылып еді. Президентке тікелей бағынатын агенттік  құрылған 3-4 айдың көлемінде реформалауға қатысты негізгі іс-шараларды дайындап үлгерді.

Біз Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы Қайрат Келімбетовтен реформалардың қашан қабылданатынын, оның нәтижесі қалай болатынын, жалпы елдің реформалардан не күтетіні туралы сұрап білдік.

– Қайрат Нематұлы, дәл осындай агент­­тікті осыдан 20 шақты жыл бұрын бас­қарғаныңыз есімізде. Жалпы, агенттікті қайтадан құру реформалар жасауға сұ­раныс туып тұр деген сөз бе? – Иә, дәл айтып отырсыз. Алғаш рет Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар агенттігін құру кезеңі 1997-1998 жылдармен сәйкес келген. Өзіңіздің де есіңізде болар, ол кезде нарықтық эко­номикаға енді көшіп бастағанбыз. Елдің ары қарайғы стратегиясын айқындау маңызды еді. Дәл сол уақытта Елбасы Қазақ­станның ұзақмерзімді даму стра­тегиясын айқындап, «Қазақ­стан–2030» Стратегиясын қабыл­даған­быз. Ол құжат­тағы көрсетілген көрсеткіш­терге мерзімі­нен бұрын қол жеткіздік деп айтуға негіз бар, сондықтан 2012 жылы Елбасы «Қазақстан–2050» құжатын дайындауды тап­сырған. Мақсат – дамыған 30 елдің қата­рына кіру немесе қарапайым тілмен айтсақ, біздің азамат­тарымыздың өмір сүру деңгейін сол да­мыған елдердің дең­гейіне жеткізу. Бұл, әрине өте салмақты мақсат. Жалпы, Қазақстанда қолға алынған әр стратегияны сол кезеңнің мәсе­лелеріне жауап ретінде қарастырған жөн. 2015 жылы «Ұлт Жоспары» немесе «Бес институционалдық реформа» мен «100 нақты қадам» қабыл­данды. Оның мақ­саты – заманауи мемле­кеттік аппарат қа­лыптастыру, заңның үс­темдік құруы, эко­номиканы әртарап­тандыру. Бұл қадамдар 2008-2009 жылғы әлемдік дағдарысқа, 2014-2015 жылдардағы шикізат құнының төмендеуіне қатысты қолға алынған ша­ра­лар еді. Қазір әлемде үлкен өзгерістер бо­лып жатыр – жаңа технологиялар, ци­фрландыруды төртінші өнеркәсіптік револ­юцияға теңеуде. Мұның үстіне, коронадағдарыс дейміз, корона­вирустың кесірінен әлем елдері өз эко­номика­сындағы үрдістерді қайтадан қарас­тыра бастады. Әлеуметтік сала, білім, ден­саулық сақтау салаларындағы олқы­лықтар көріне бастады. Президент Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік аппараттың барынша икемді болуын, сіресіп қалмауы қажеттігіне баса назар аударды. Анығырақ айтсақ, мемлекеттік аппарат қазақстан­дықтардың мұқтаж­дығына сай болуға тиіс. Осы өзгерістерді жүзеге асыру үшін басқару жүйесі – Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес құрылды. Кеңесті Пре­зидент­тің өзі басқарады. Кеңестің мақ­саты мемлекеттік органдардағы өзгеріс­тердің коорди­нация­сымен айналысу. Құ­рамында Қазақ­стан Премьер-Ми­нистрі, Пре­зидент Әкімшілігі төрағасы мен оның орынбасары, Ұлттық банк төрағасы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің төрайымы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төра­ғасы бар. Ал Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар агенттігін сол кеңестің жұмыс органы десек болады. Қазір агенттік осы өзгеріс­тің барлығының жүйелі түрде мем­ле­кеттік аппараттың тиімділігі тұрғы­сынан жүргізілуін қамта­масыз етпек. Ал мемлекеттік аппараттың тиімділігі де­генімізді Қазақстан азамат­тарының әл-ахуалын оларға көрсетілетін мемлекеттік қызмет арқылы жақсарту деп түсінгеніміз абзал. – Реформаларды дайындаумен агенттік айналыса ма және ол реформалар қай ба­ғыт­та жүргізілмек? – Шын мәнінде, реформаларды да­йын­дауға әр мемлекеттік орган жауапты. Президенттің басқаруымен Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес құрылды. Ол кеңестің құрамында 6 топ бар, яғни 6 кеңестік топтың дайындаған құжаттары­мен жұмыс істейді. Солар туралы азырақ тарқатып өтейін: олар макроэкономика саласы, экономиканы әртараптандыру саласы, бизнесті реттеу саласы мен әлеу­меттік саясат саласы, сот және құқық қорғау органдарын реформалау саласында жұмыс істейді және кәсіби Үкімет рефор­малары тобы бар. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі сол кеңестің жұмыс органы десек болады. Ол реформаларды үйлестірумен, баға берумен, қадағалаумен айналысады. – Енді жаңа айтып өткен жұмыс топ­тарына кеңірек тоқталсаңыз. – Макроэкономика туралы айтсақ, Қазақстан пандемиямен лайықты түрде күрес жүргізді деп айта аламыз, Ұлттық қордың көмегіне жүгіндік. Өздеріңіз де куә­ болдыңыздар, пандемия эко­номикаға жан-жақтан қысым көрсетті. Бір жағынан жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдеді. 2020 жылы әлемдік жалпы ішкі өнім 4 пайызға төмендеді. Екінші жағынан шектеу шаралары мем­лекеттердің бюджетіне, кірісінің азайып, шығысының ұлғаюына әсер етті. Пан­демия кезінде,  сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру жүйелері үлкен қысымды бастан өткерді. Алайда Қазақ­стан Үкіметі дағдарысқа қарсы тиісті шараларды жүйелі түрде жүзеге асырды. Мәселен 4,5 миллионнан астам адамға айына 42 500 теңге әлеуметтік төлемді беру үшін 450 млрд теңге жұмсалды. Қанша сын айтылса да, мұндай көмекті посткеңестік елдердің ішінде халқына Қазақстан ғана көрсеткенін атап өту керек. Бұл көмекке Ұлттық қордың үлесі зор болды. Ал ендігі мәселе Ұлттық қордың ары қарайғы құрылымы қалай болуы керек, бюджеттік және фискалдық саясат қалай жұмыс істеуі керек? Міне, макроэкономикалық топ осы шаруаларға қатысты іс атқарады. Экономиканы әртараптандыру тобы мұнайдан тыс экономикалық секторларды құрылымдауды, жаңа жұмыс орындарын ашатын салаларды қарас­тырады, оның ішінде, әрине туризм, агросектор салалары бар. Бизнес қауымдастық үшін қандай қажетті жағдай жасау керек екенін «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге ше­шеміз, орта және шағын бизнесті қалай ынталандырамыз, бизнес реттеу қалай болуы керек екенін бизнес реттеуге қатысты жұмыс тобы қарастырады. Әлеуметтік саланың аса маңызды екенін бәріміз білеміз. Бұл ретте Әлеу­меттік кодекс бойынша жұмыс басталды. Сот және құқық қорғау салаларын реформалау тобы Президент Жолдауын даярлау кезінде-ақ жұмысқа кіріскен, жақсы жетістіктері де бар. Жақын арада реформаларды жариялай бастауы тиіс. Осы топтардың қай-қайсысы өз ше­шім­дерін сарапшылардың зерттеулеріне сай, олармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы қабылдайды. Академиялық топтармен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүше­лерімен бірлесіп, іс атқаруда. – Жоғарғы кеңестің жиыны қаңтардың соңғы жұмыс күнінде, өткен жұмада болды. Қоғамға қандай реформаны жария­ламақ­шысыздар? – Әлгінде айтқанымдай, біз «Қазақ­стан–2050» стратегиясы аясында әр қа­зақ­стандықтың әл-ауқатының барынша жақсаруына мүдделіміз. Осы стратегияны және оның шеңберінде қалыптасқан институционалды реформаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бағдарламалық құжат­тардың барынша икемді архитектурасын дайындадық. Мемлекеттік аппараттың бүкіл қа­жырын бір бағытқа топтастыру үшін жалпыұлттық басымдықтар айқындалды. Ол басымдықтар бойынша мемлекет дамуының 2025 жылға дейінгі,  2030 жылға дейінгі даму  жоспары нақты­ланады. Қазір 10 басымдық айқын­далды. Оларды шартты түрде 3 деңгейге бөліп түсін­дірейін: Құжаттардың бірінші деңгейі – 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары, Аймақтық даму жоспары, Ұлттық қауіп­сіздік стратегиясы. Бұл құжаттар орталық және аймақтық деңгейдегі мемлекеттік аппараттың мақсаты мен міндеттерін айқын­дайды. 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын алмастырады десек болады. Мұнда Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы енгізілген. Аймақтық даму жоспары Ұлттық даму жоспарымен бірлесіп, аймақ­тардың әрқайсының ерекше­лігіне қарай олардың дамуына қажетті жағдай жасауды алға қояды. Құжаттардың екінші деңгейі – аймақаралық немесе салааралық мақсат­тардың жүзеге асыру саясатын айқын­дайды. Ең алдымен, бұлар салалардың даму концепциялары, ол жерде эко­номиканың әр саласындағы мемлекеттік органдардың мақсаты қатаң реттеледі. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, мемлекеттік бағдар­лама­ларды алмастыратын ұлттық жоба­лар. Бұл жобаларда әлемнің мемлекеттік және корпоративтік салаларында өзінің қажеттілігін дәлелдеген элементтер ен­гізіліп қана қоймай, қорытындысына жауап беретін нақты жауапкершілікке ие қызметкерлер белгіленеді. Ал үшінші деңгейдегі құжаттар – ай­мақ­тардың даму жоспарлары, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік ұйым­дардың даму жоспарлары. Жалпыұлттық басымдықтар мен ұлт­тық жоспарлар Мемлекет басшы­сының Жарлығымен бекітіледі. – Ұлттық жобалардың мемлекеттік бағ­дарламалардан не айырмашылығы бар? – Ұлттық жобалардағы шаралар ба­рынша түсінікті және қол жеткізетін жетістіктер барынша айқын көрсетілген. Әр ұлттық жоба мынадай критерийлерге сай болуға тиіс: айқындалған мақсаты мен оның қорытындысы анық көрсетілуі керек, оның кезеңдері, мүмкіндіктері, қанша қаражатты қажет ететіні және оған кімнің жеке жауапты екені анық көр­сетіледі. Әр ұлттық жоба­ның жүзеге асырылу кезеңдері бағалаудан өтуі тиіс. Бағалаумен Үкімет жанындағы Ұлттық жобалық офис, біздің агенттік жа­нындағы Талдау офисі (Ұлттық Ста­тис­тика бюросымен бірлесіп) және Цифрлық даму, инновация және аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрлігі жа­нындағы Цифрлық трансформация офисі айналысады әрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған респуб­ликалық бюджет қар­жы­сының қалай жұмсалуын Есеп коми­теті қадағалайды. 2021 жылдың 1 шіл­де­сіне дейін жаңа ұлттық жобаларды құруға және мем­лекеттік бағдарламаларды ұлт­тық жо­баларға айналдыру бойынша жұ­мыс­тың бәрі аяқталуы керек. – Ал ұлттық жобаларды қаржыландыру принципі өзгере ме? – Иә, бюджет лимиті жобалар мен басымдықтарға қатысты бөлінеді. Әрі біз pay-for-results «қорытынды үшін төле» деген жүйені ұсынып отырмыз. Жобаның әр кезеңі оған дейінгі кезеңде қол жеткіз­ген жетістігіне сай қаржы­ландырылады. – Азаматтар реформаның жүзеге асырылып жатқанын қалай бақылай алады? – Реформаның негізгі құндылығы – оның адамға, елдің әр азаматына сай жасалынатыны. Егер әр қазақстандықтың жағдайын жақсартпаса, ол реформаларды өткізудің еш қажеті де жоқ шығар. Біз реформалаудағы қоғамдық бақылау – цифрландыру құралдарын пайдалану арқылы атқарылуы керек деп есептейміз. Барлық жоба Data Driven Government платформасы арқылы жүзеге асырылады. Цифрлық даму, инновация және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынатын бұл платформада қоғам ұлттық жоба­лардың қалай жүзеге асып жатқанын көріп отырады әрі бағалау мүмкіндігіне ие. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принциптеріне сай әр қазақстандық бүкіл цифрлық ақпарат­қа қол жеткізе алады. Реформа жүргізуші органдар да осы құралдардың арқасында қоғаммен бай­ланысын күшейте түседі.

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН