«Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді — деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
«Сарыарқа» газ құбыры еліміздің астанасын, орталық және солтүстік өңірлерін отандық көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.
«Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының және газ құбыры трассасының бойына жақын орналасқан 171 елдімекеннің шамамен 2,7 млн тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. Аталған газ құбырын салу Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» мен «Сарыарқа магистральдық газ құбыры құрылысын уақтылы аяқтау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2018 жылдың желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өткен Телекөпір барысында газ құбырының құрылысын бастау рәсімі өтті. Биылғы қаңтарда техника мен адамдарды жұмылдыру, наурыз айында газ құбырын дәнекерлеу жұмыстары басталды. Құрылыс барысында 1 мыңнан астам техника және шамамен 2 мың адам жұмысқа тартылды» делінген ресми хабарламада.
Газ құбырының құрылыс барысында отандық өндірушілер барынша жұмылдырылды. Бас мердігер – отандық «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы. Ілмекті арматура және кран тораптарымен жергілікті өндіруші «Бемер Арматурен Қазақстан» компаниясы, ал автоматтандырылған газ тарату станцияларымен «Батыс Мұнай Газ жабдықтары» компаниялары қамтамасыз етті.
«Нормативті мерзіммен салыстырғанда айтарлықтай қысқа мерзімде 1061,3 километр газ құбыры, 5 бірлік қуатты автоматтандырылған газ тарату стансасы, сондай-ақ газ өлшеу стансасы салынды. Бұл жұмыстың үйлесімділігін және біздің мамандарымыздың жоғары кәсіби даярлығын, құрылыс барысында пайдаланылған технологиялардың инновациялығын көрсетеді» делінген ресми хабарламада.
Тұтастай алғанда, жобаны іске асыру мультипликативті әсер әкелетінін, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, сондай-ақ газ құбыры бойындағы өңірлер инфрақұрылымының дамуына серпін беретінін атап өткен жөн.