Концессия: 15 жылда жалғыз жоба
Концессия: 15 жылда жалғыз жоба

Концессия – түбірі көну дегенді білдіретін латын сөзі. Мемлекеттің кейбір міндеттемелерін жекеменшік ортаға орындауға беруге келісуі, жол беруі дегенді меңзейді. Ал мақ­саты – жеке инвестордың қаржысының есебінен мем­лекеттік бюджетке түсетін салмақты азайту. Яғни, инвестиция тарту­дың бір тетігі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) бір түрі. Негізі, ауқымы одан кең болса да, Қазақстанда бұл механизм балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысан­дарды салуға пайдаланып жүр. Осы есеппен алғанда елімізде МЖӘ бойынша бүгінге дейін 1 366 жоба қолға алынған. Оның 860-ымен шарт жасалған болса, 282-сі бойын­ша конкурс өтуде, 38-інің келісімшарты бұзылған. Тар­тылған және жоспар­ланған ин­вестициялардың жалпы сомасы – 1 182,6 миллиард теңге. Ендеше біз концессия мүмкіндігін толық пайдаланып отырмыз ба? Биыл 2 қаңтардан бастап «Концессия туралы» заңға кезекті өзгерістер күшіне енді. Ол экономикаға не бермек?

Көш жүре түзеле ме?

Қазақстан мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік бағытында, оның ішінде концессия мәсе­ле­сінде «Көш жүре түзеле­дінің» жо­лымен жүріп келеді. 2006 жылы қабылданып, сан рет өзгерген заңға биыл енгізілген толықтыруларды осындай бір кезекті «көш түзеу» деуге болады. Мемлекеттік-жеке­­­меншік әріптестік меха­­низміне жүгінудегі әуелгі мақсат мемлекет бюджетіне түсетін салмақты азайту болса, пандемия тудырған дағдарыс бұл қажеттілікті күшейте түсті. Өйт­­­кені бюджет қаржысын басы артық шығындарға жұмсауға бол­майтынына көз жетті. Бұл туралы былтыр 10 шілдеде Үкі­меттің кеңей­тілген отырысында ел Прези­денті айтып, МЖӘ жобасына қа­тысты мемлекеттік міндетте­ме­лер­ге алаңдаушылық білдірген бола­тын. Оның тартылып жатқан ин­вес­тициялардың көлемімен сәй­кеспейтіні туралы Есеп коми­теті де бірнеше мәрте ескертіп келеді. «Бүгінде сәтті жүзеге асып жат­қан жобалармен қатар әлсіз жобалар да аз емес. Олардың бір­қатарының әу бастан-ақ оң нәти­желері асыра бағаланған бол­са, келесісі шешуші мәселелері ая­­­ғына дейін зерттелмей жатып іске қосылған. Ал енді біреуінде нақты емес есеп­теулер, таңдалып алынған мемле­кеттік қолдау ша­раларының, табыс табу және шы­ғынды өтеу көздерінің негіз­сіздігі жобалардың тұралауына себеп бол­ған. Сондықтан да МЖӘ жо­­баларының сапасын арттыру үшін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру мақсатында биыл­дан бастап «Концессия туралы» заңға түзетулер енгізілген бола­тын», – дейді «Қазақстандық мем­лекеттік-жекеменшік әріптес­тік орталығы» акционерлік қоға­мының сарапшысы Асылбек Қуан­дықұлы. 2021 жылдың 2 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістердің ішінде ең бір шешуші мәнге ие келесі тұстарды атап өтуге болады. Олар – МЖӘ-нің жаңа прин­­ципінің енгізілуі. Жобаларды жү­зеге асырудың ең төменгі мерзімі енді 5 жылды құрайтыны. Сонымен қатар «концедент» анықтамалығы нақтыланып, ол Қазақстан Рес­публикасы немесе әкімшілік-ау­мақтық бірлік болып толық­ты­рылған. Одан да басқа өзгерістер көп. Жалпы алғанда, заңнамадағы жаңашылдықтар МЖӘ жобасының санын азайтып, сапасын арттыруға бағытталған. Әйтсе де, халық­ара­лық дәрежедегі заңгер Шай­мерден Чиканаев бұрынғы кемші­ліктердің толық жойылып кетпе­генін айтады. Өйткені инвестор­лардың талабы жартылай орын­далған. Концедент ретінде Қазақ­стан Республикасы мен оның әкім­шілік-аумақтық бірлігі қо­сылғанымен,Үкімет пен әкімдік сияқты мемлекеттік ор­­­гандар алы­нып тасталмаған. Бұл алда тағы да дау тудырып, онсыз да 15 жыл бойы созылып келе жатқан кедергілерді күшейте түсуі мүмкін. «Әлемде ең қалың инвести­циялық портфельдің бірі саналатын концессия механизмі Қазақстанда аса тартымды емес. Өйткені ол сәй­кес заңнамамен тым қатты рет­теледі, әрі жобаны жүзеге асыруда бюрократия күшті және келіссөздер мен мақұлдаудың өзі өте ұзақ уақыт алады. Осы реттен келгенде, бұл заң көп өзгерді. Мұндағы қа­тынастар баяу дамып келеді. Кон­цедент мәселесі де осы са­­наттан. Өйткені Үкімет пен әкімдік аза­маттық құқық субъектісі ретінде ешқандай да кепіл бола алмайды. Олардың балансында кепілге тұ­рарлық мүлкі мен бюджеті жоқ. Сондықтан келісім Қазақстанмен әлде облыспен (мегаполиспен) жасалады. Ал олардың атынан Үкі­мет немесе әкімдік өкілдік етеді. Бұл инвесторлардың талабы бола­тын», – дейді адвокат Шаймерден Чиканаев. Бұл мәселе Алматыдағы БАКАД жобасының құрылысын кі­ді­ртіп тұрған болатын. 2008 жылы сөз болып, 2015 жылы тендері жа­рияланған бұл «ғасыр жоба­сының» құны 750 миллион АҚШ долларына бағаланып, келісімшарт мерзімі 20 жыл деп белгіленген еді. 2018 жылы түрік және корей компаниялары кіретін консор­циуммен кон­цес­сиялық келісім жасалғанымен, акционерлердің (соның ішінде Еу­разия даму және қайта құру банкі) мақұлдауы үшін бұл процесс тағы екі жылға созылды. Енді жаңа өзгерістер бұл келісімді одан сайын қаңтаруы мүмкін. Заңгер Қазақстан заңна­масы бұл мәселеде инвес­торлардан үлкен икемділікті талап ететінін айтады. Оның нәтижесі 15 жылда жалғыз-ақ жобаның іске асқаны. Ол – Ақтау халықаралық әуежайы. Ал шетелдерде 1990 жыл­дардан қолға алынған бұл тетік өзін «ең бір жемісті жобалар кейсі» ретінде танытып үлгерген. Мәсе­лен, Еуро­палық Одақта соңғы 40 жылда – 1 400 жоба, Ұлы­бри­танияда – 920, Оңтүстік Кореяда 461 жоба жүзеге асқан.

Зеңбірекпен торғай атқандай

Концессия дегеніміз – шебер ұқсата білгенге табысы мол үлкен экономикалық құрал. Оның тиім­­ділігі қаржыны концессор шыға­­рады. Нысанды жобалайды, са­­лады, ақылы негізде пайдалануға беріп, ақшасын қайтарып алады. Мемлекет оған нысанды тұрғызуға жағдай жасап, ақшасының қайта­тынына кепілдік береді. Меха­­­низмнің осы шартын Қа­зақстан билігі әу бастан-ақ жете түсінбей, оны МЖӘ аясында қарастырып, балабақша, мектеп салу сияқты ұсақ-түйек жобаларға қолданып жүр. Тіпті, шаруашылық тәсілмен де атқаруға болатын жолдың жиек­­тасын ауыстыру жұмыстарын кон­цессия тәсіліне салған деректер де кездеседі. «Қазақстанда әлі күнге дейін концессия туралы нақты стратегия жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1 300-ден астам жоба бар делік. Бұл қаражатты неге біз әкімдіктің тікелей міндетіне жататын жобаларға пайдаланамыз? Ол дұрыс емес. Мұндағы 1 мил­­­лиардтан астам қаражат шашы­раңқы жұмсалуда. Оның орнына оларды жинап, бір ірі жобаға ба­ғыттап, елімізге шетелдік инвес­торлар, технологиялар, ноу-хау келетіндей етіп ұйымдастыруымыз керек. Сонда ғана диверсификация туралы айтуға болады. Бірақ өкі­­н­іш­тісі, бұл тетік әкімдіктердің мем­лекеттік сатып алу қызметін бүрке­мелеуге ғана қолданылып отырған сияқты. Бұл дегеніміз – зеңбірекпен торғай атқанмен бір­дей», – дейді Шаймерден Чиканаев. Сондықтан да мұндағы ең бі­рін­ші мәселе мемлекеттік-жеке­­меншік әріптестік пен кон­цес­сияның аражігін ашып алу. Өйткені бұл екі заңның бірін-бірі қай­та­лайтын тұстары өте көп.

Әріптестік пен жемқорлық

Заңгердің ойынша, концессияға лайық жобаның бірі – Астана ЛРТ жобасы еді. Бірақ қаржысын жеп қойған мұндай қатердің концессия үшін де қаупі жоқ емес. Сон­дықтан «мұндай келеңсіздіктен аулақ болу үшін МЖӘ-ні қазіргідей мем­лекеттік сатып алу әдістерінен аулақ ұстау керек», – дейді заңгер Шай­мерден Чиканаев. Сонда концес­сордың қызметақысы да ақырғы тұтынушы үшін арзан болмақ. Одан бөлек, МЖӘ орталығы мамандарының пікірінше, мұндай әріптестіктің жемқорлыққа қарсы иммунитеті жоғары. Өйткені өз ақшасын жобаға салатын болған­дықтан, түптеп келгенде шығынға батпау үшін бизнес өкілі мем­­лекеттен лайықты кепілдік талап етеді. Бұл ретте жемқорлық ны­шандары өздігінен ғайып болады деп санайды олар. Ал белгілі эко­номист Айдархан Құсайы­новтың ойынша, мұндай жағдайда жем­қорлық ғайып болмайды, ол басқа фор­матқа көшіп, жобаның қандай да бір кезеңінде пайда болуы мүмкін. Мәселен, серіктесті таңдау, жобаға сараптама жасау, ақыр аяғы аяқталған құрылысты пайдалануға рұқсат беруі үшін мемлекеттік комиссия тексер­ге­ні­нің өзі жем­қорлық жоқ деп нақты айтуға негіз бола алмайды. Осы ретте экономист Гүлнар Қуатбаева бұл әріптестікке халықты тарту­ды ұсынады. Жо­баны жүзеге асы­руға халық та өз жинағын қоса­тын болса, мемлекет олардың ақ­ша­сын тартқаны үшін облигация ұсынып, құнды қағаз иелеріне кірістен пайыз төлеуі керек. МХБ моделі мемлекеттік сатып алудан бас тар­тып, жем­қорлық факторын азай­туға септік етпек. Өйткені жобаға мемлекет және бизнеспен бірдей құқыққа ие қатысып жатқан халық өз ақшасы үшін жемқорлықпен де белсенді түрде күресетін болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ