«Қазақстанда дәріханалардың 3 пайызы ғана қалып, қалғаны тегіс жабылады» деп бірқатар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің, тіпті депутаттардың шулағанына үш аптадай уақыт өтті. Әзірге жаппай жабылып жатқан дәріхана жоқ. Бұл дауға Денсаулық сақтау министрлігінің көптеген дәрі түрінің бағасын күрт төмендетуі түрткі болды. Сол қадамға не себеп?
Дәріге таңылған ұлт
Бірінші байлық – денсаулық екені айтпаса да түсінікті. Осы сала бизнестің қаптаған секторын – фармзауыттарды, химия өнеркәсібін, дәріханаларды, тасымал-логистика компанияларын, дистрибьюторларды, жарнама қызметін, блогерлерді, басқа да делдалдарды байытып жатыр. Екі ортада сорлайтыны – сырқат. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар ауырса, дәрі-дәрмекке өз табысының 19%-ын шығындайды. Мемлекет саладағы баға қалыптастыруды нақты реттей алмай отыр, салдарынан халықтың денсаулығы мен өмірін сақтайтын медициналық препараттардың бағасын фармкомпаниялар да, делдалдар да, дәріханалар да өз бетінше еселеп өсіреді. Медициналық сақтандыру жүйесіне сәйкес, медикаменттердің үлкен бөлігін сақтандырылған қазақстандықтар тегін алуы тиіс. Алайда ӘМСҚ бұл уәдесін орындамады: қажет кезде емхана не ауруханада керекті дәрі табылмаған соң ауруы жанына батқан науқастар оны өзі сатып алады. Тегін таратылуы тиіс дәрілерін айлап күтіп, жағдайы ауырлаған сырқаттар шағым жазып, дау көтереді. Жалпы, Қазақстанда тегін медицина іс жүзінде жойылды. Медсақтандыру қорына жарна аудармаған азаматтарды емхана дәрігерлері қабылдамайды. Осы орайда, қазақстандықтардың 31%-ы ауырса да дәріден және медициналық қызметтерден ақша үнемдеуге тырысатыны анықталды. Бұлай бара берсе, ұлан-байтақ ұлы далада ешкім қалмауы, қалғанның өзінде азын-аулақ әрі ауру-сырқау ұлтқа айналуы кәдік. Елбасының тапсырмасымен, ел Парламенті қабылдаған заңға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық дәрілердің бөлшек саудадағы шекті бағасын бекітуге кірісті. Ал «СҚ-Фармация» препараттарды Қазақстан бойынша дер кезінде жеткізуге жауапты оператор ретінде белгіленді. Жағдай күрт жақсарған болар? Қайта нашарлағандай. Сарапшылардың айтуынша, ДСМ бекіткен шекті баға – бағаны шектеуге емес, керісінше оны қымбаттатуға ықпал етті. Өйткені бұған дейін препараттарды арзанырақ саудалап келген дәріханалардың өзі бағасын ең жоғары, шекті бағаға дейін көтерді. Оның үстіне, емханалардың басқа түгіл, созылмалы дертке ұшыраған жандардың өзіне тегін дәрілерді бермей жатқанына қатысты шағым толастар емес.Дәріханалар дәрменсіз жағдайда ма?
Биыл қаңтар айының соңында бірқатар ақпарат құралы «Дәріханашылар Қазақстанда таяу күндері дәрі тапшылығы басталатынын жариялады» деп жарыса жаза бастады. Әріптестеріміз бұл шудың артында шағын ғана бизнес тобының лоббиі тұрғанына мән бермеді. Коронавирус індеті ушыққан кезде мұндай мәлімдеме «төбеден жай түскендей» еді. Себебі халықтың қарапайым парацетамолды таба алмай, дәріханаларды шабуылдағаны есте. Бұл үрейдің отына ақпарат құралдары май құя түсті: «жақында антибиотиктер мен қызу түсіруші препараттар жоғалып кетуі мүмкін». Осының алдында ғана Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел Президентіне дәл осы дәрі-дәрмектердің кем дегенде 2 айға жететін қоры жасалғанын хабарлағаны белгілі. Сонда кімге сенеміз? Провизорлардың дерегінше, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілердің біршама арзандатылған шекті бағасын бекітіпті, ол бойынша енді медикамент сатып алу тиімсіз болып қалған. Соның кесірінен, енді көптеген препарат түріне тапшылық туындайды. «Жоқ, сіз қараңызшы: мына бір дәріні бізге жеткізуші 1 668 теңгеге әкеледі, ал бөлшек саудада оны біз 970 теңгеден сатуымыз керек! Сонда үстеме орнына минус 16,89% шығын шегеміз. Тағы бір ірі жеткізуші 1 214 теңгеге ұсынады. Қисын қайда? Бүгінде дәріханалардың үлкен бөлігі 150-ден астам дәрі түрін сөреден алып тастады. Бұл жуырда барлық дәріхананың жабылуына соқтырады» деп КТК арнасынан ашынысын білдірді дәріханалар желісінің директоры Камила Кабиридзе. Олар мемлекеттен субсидия қаржы алғысы келетіндерін меңзеді. «Жеткізу бағасы қызықты болмаған соң, біз дәрі түрін дистрибьютордан сатып алуды тоқтатамыз, ол өз кезегінде өндіруші фармкомпанияға тапсырыс беруін доғарады. Дәрі өндіруші Қазақстан нарығын тастап кетеді. Бұл елде дәрі тапшылығына соқтырады» деп өз қисынын алға тартады дәріхана қожайыны Қанат Әубәкіров. Қынжылтатыны сол, дабыра-дүбірге депутаттар ат қосты. «Ақ жол» партиясы атынан депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айгүл Жұмабаева дәрілерді 48%-ға арзандатқан министрлік бұйрығына қарсы шықты. Оған ДСМ-ның тек антиковидтік препараттармен шектелмей, өзге медикаменттер бағасын төмендеткені ұнамайды. – Мысалы, бұйрықтағы тізбеге антиковидтік саналмайтын дәрі-дәрмектер, мысалы аллергияға қарсы адвантан, естен тану және қатерлі ісікке шалдығу кезінде берілетін преднизолон, сондай-ақ кардиомагнил, көз тамшылары, ауырсыну сезімін басатын жақпалар еніп кеткен. Фармацевтердің мәліметінше, парацетамол 80 теңгеден сатып алынады, оны 60 теңгеге сат дейді. ЭКҰ жасатқан әйелдерге қажетті клексанға 13 мың теңге шекті баға белгіленген, ол көтерме бағада 17-18 мың теңгеге сатылады. ДСМ іс-әрекеті кесірінен, ұсақ дәріханалардың 70%-ы зардап шегеді, ал препараттардың 131 аталымы дәріханалардан жоғалып кетеді. Бұл бұйрықты орындау дәріхана бизнесін шығынға отырғызады,– деді депутат А.Жұмабаева. Оның байламынша, Денсаулық сақтау министрлігі қабылдап жатқан шаралар «ең көп сұранысқа ие дәрілердің тапшылығына, фармнарықтағы дағдарысқа, дәріханалардың күйреуіне соқтырады».Қымбат баға – ұлтқа қауіп
Екі ортада кім құбыжық болғысы келсін?! Дереу жауап қатқан Денсаулық сақтау министрлігі көптеген препарат бағасын төмендетуге тура келгенін мәлім етті: коронавирус пандемиясын пайдаланып, нарық ойыншылары бағаны шарықтатып жатыр. Салада баға спекуляциясы көбейген, ол ел денсаулығына соққы болуы ықтимал. Мысалы, КВИ індеті ушығып, жұрт дәріханаларда ұзын-сонар кезек түзген 2020 жылдың маусымында салық органы – Мемлекеттік кірістер комитеті онлайн бақылау-кассалық машиналардың көрсеткіштеріне талдау жүргізді. Сонда тек жаздың екі аптасында ғана дәріханалардың 10 миллиард теңгеден артық табыс тапқанын айқындаған. Оның үстіне, бұл олардың ең төменгі табысы. Комитет көптеген дәріхананың өз кірісін жасырып қалғанын жеткізді. Біріншіден, елдегі 10 мыңдай дәріхананың тек 7 674-інде ғана онлайн БКМ орнатылған. Қалғанында кассалық аппарат жоқ. Екіншіден, аппараты барларының өзі клиентіне чек бермейді. 239 дәріхана кейбір күндері ғана чек басады. 99 дәріхана бір күнгі табысы 5 000 теңгеге де жетпейді деп көрсетеді. Қалғандары көбіне чек бермейді, айлық табысы «0» деп жазады. Нәтижесінде, дәріханалардың небәрі 60%-ы ғана табысын аз көрсеткен. Салықшылар азаматтардан дәріханада чекті талап етуді сұрайды.Бұған қоса, шетелдік зауыттардың бізге ұсынатын бағасын өзге елдерге ұсынылатын бағамен салыстыру ісі жолға қойылмаған. Ол не үшін керек? Ресейлік жеткізуші шетелдік дәрі өндірушіні жақсы жеңілдік жасауға көндіруі мүмкін. Ал қазақстандық жеткізуші ұсынған бағаға ала салады. Салдарынан коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматтары қажетті дәрілерді Ресейден тасуға мәжбүр болды, сонда арзан.
Індет кезінде баға көтеріп, негізсіз пайда тапқан дәріханалардың және олармен ымыралас делдалдардың қарау қарекетін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әшкереледі. Осыған орай, ведомство ДСМ-ге 2021 жылдың қаңтарында кем дегенде 230 препараттың бағасын орташа есеппен 27% арзандатуды ұсынған. Себебі алыпсатарлар бағаны қалыптастыру кезінде-ақ қымбаттатып алу схемасын қолданыпты. «Мәселен, дистрибьюторлар соңғы жылдағы инвойстар (тауардың тізбесінен, сапасы мен жеткізу бағасынан тұратын, сатушы сатып алушыға ұсынатын коммерциялық құжат) ең жоғары бағаны есепке алады. Мұның сыртында көбіне өндірушінің инвойсы ұсыныла бермейді. Бұл дистрибьюторларға дәрілік препаратты өндіруші зауыттан емес, әлдебір делдалдан алуына мүмкіндік береді. Сөйтіп, бағаны о бастан қымбат етіп белгілеуге алғышарт түзіледі», – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Марат Омаров. Бұған қоса, шетелдік зауыттардың бізге ұсынатын бағасын өзге елдерге ұсынылатын бағамен салыстыру ісі жолға қойылмаған. Ол не үшін керек? Ресейлік жеткізуші шетелдік дәрі өндірушіні жақсы жеңілдік жасауға көндіруі мүмкін. Ал қазақстандық жеткізуші ұсынған бағаға ала салады. Салдарынан коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматтары қажетті дәрілерді Ресейден тасуға мәжбүр болды, сонда арзан. Әлеуметтік желіде осы мәселеге пікір білдірген қазақстандықтар мемлекеттің дәріні арзандату талабын бірауыздан құптады. «Дәріханашылар дистрибьютормен ымыраласып, қоқан-лоқы көрсетуге тырысып жүр. Ал өздері бағаны тоқтаусыз қымбаттатып жатыр. Жақында ата-анамның қан қысымына қатысты дәрілерін Ресейден алғыздым, көршіде 3 есе арзан. Және ресейлік емес, еуропалық дәрі. Бір еуропалық өндіруші. Дәрінің сауда атауы да, дозировкасы да, қаптамасы да бірдей: Ресейде ол 1 000 рубль, ал бізде шамамен 15 мың теңге тұрады», – дейді Екатерина К. Андрей Б. тромбоциттің агрегациясына тосқауыл қоятын Plavix препаратының небәрі 14 таблетка салынған қорабы үшін Қазақстанда дәріханалар 8,5 мың теңге сұрайтынын, ал оның 100 таблеткадан құралған қорабы Ресейде 17 мың теңгеге түсетінін хабарлады. Дәрі көрші Қытайды айтпағанда, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанда арзандау. Министр Алексей Цойдың хабарлауынша, қолданысқа енген бұйрық сыртында министрлік «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттардың сауда атауларының шекті бағаларын бекіту туралы» жаңа бұйрық жобасын әзірледі. – Құжат дәрі мен медициналық бұйымдардың бағаларын теңгерімді реттеуді қамтамасыз етеді. Ондағы шараның орындалуын бақылау үшін өңірлерде топ құрылады, оның құрамына Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өкілдері кіреді. Топ мүшелері өңірлердегі дәріханаларда дәрілер мен медбұйымдардың бағаларына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді, – деді Алексей Цой. Әрине, мұның бәрі бұрыннан қолданылған, пәрмені мен қайтарымы аз шара. Уақыт өте келе, дәріханашылар бәрібір бағасын қымбаттатады. Демек, салаға соны сілкініс, түбегейлі реформа қажет.Айхан ШӘРІП