Шығыс Қазақстан облысы «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің оқушысы Темірлан Байболов El maqtanyshy сыйлығының иегері атанып, бір миллион теңге сыйақыға ие болды.
«Елбасы академиясының» хабарлауынша, бұл сыйлық беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен олардың жаттықтырушы-тәлімгерлеріне арналған.
Темірлан Байболов 2020 жылы ІОІ информатика пәні бойынша халықаралық олимпиадада күміс медальді жеңіп алған. El maqtanyshy – оның екінші сыйлығы, – деп жазады altaynews.kz.
Он бірінші сыныптың озат оқушысы жаз бойы олимпиадаға дайындалыпты.
– Бұл жоба дарынды балалардың есімдерін дәріптейді. Олардың бас қосып, пікір алмасуына мүмкіндік береді. Материалдық көмек те қуантады, әлбетте. Әсіресе көп жағдайда есімі аталмай қалатын мұғалімдердің де еңбегі еленеді. Сонысымен ұнайды, – дейді Темірлан.
El maqtanyshy сыйлығы Елбасы Академиясымен бірлесе отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры el Úmiti бастамасы аясында беріледі.