Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде дүрбелең туғызған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаға тарту туралы заңдарға енгізілген жаңа түзетулерге қатысты түсініктеме берді. 2019 жылдың 11 айында нәзік болмыс иелеріне қарсы жасалған 90 мың 868 қылмыс тіркеліпті. Соның ішінде балиғатқа жетпеген 2 мың 97 қыз бала зорлық пен қысым көрген. 84 мың 135 қылмыс көшеде, қоғамдық орындарда болған. 950 әйел отбасында соққыға жығылған.
«Үйде әйелін ұрып үйренген залым көшеде кездейсоқ адамға, жұмыста әріптес әйелге қол көтереді. Өйткені оған ешкім тосқауыл қоймайды», – деп ашынады әлеуметтік желіні пайдаланушылар. «Не молчи» қозғалысы жаңа заңға ІІМ енгізген бірқатар түзетулерге наразы. Мысалы, зайыбы мен перзенттеріне қиянат көрсетіп, ұрып соғатын адамдарға айыппұл жазасы алып тасталды. Оның орнына ескерту енгізілген.
Бұл ретте «қауырт желілер» мереке күндері ерінен аяусыз таяқ жеген, басы жарылған, бірақ барар жер, басар тауы жоқ әйелдердің құтқару туралы өтінішінің астында қалыпты. Ондай жағдайда елірген езді ескерту тоқтатпасы анық.
ІІМ 2019 жылғы 27 желтоқсанда отбасындағы ұрып-соғу, қорлау, балағаттау және ар-намысына тию үшін әкімшілік жазаны өзгерткен заңға қол қойылғанын растады.
– Енді жанжалдар үшін бұрынғыдай 3 емес, 5 тәулікке тұтқындалады (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы). Яғни, жауапкершілік күшейтілді. Бұл жәбірленушілерді қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жасалды. Ал тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге де соқтырмаған ұрып-соғу немесе өзге күш қолдану әрекеттерi үшін 20 тәулікке дейін әкімшілік қамақ өзгеріссіз қалды (кодекстің 73-1, 73-2 баптары). Рас, осы баптарда бұрын болған 10 АЕК көлеміндегі айыппұл алып тасталып, ескерту жасаумен ауыстырылды. Оның қисыны бар. Себебі жанжалқор адам ол айыппұлды бәрібір отбасылық бюджеттен төлейді. Салдарынан зайыбы мен балаларына нұқсан келеді, – деп түсіндірді Ішкі істер ведомствосы.
Министрлік ескерту жасау жазаның баламалы түрі екенін ескертеді. Егер отағасы (кей жағдайда отанасы) қайтадан жұбайы мен балаларын сабау үстінде ұсталса, ескертумен құтылмайды. Сот үкімімен 20 тәулікке дейін темір торға қамалады. ІІМ ескерту жасау немесе бірден қамаққа алу туралы шешім нақты іске байланысты қабылданатынын айтады. Мысалы, қатын-баласын тұңғыш рет төмпештеп отырғаны анықталса (73-бап), ұрып-соғу кезінде жеңіл ғана жарақат түсірсе (73-1, 73-2 баптар) сот жауапкершіліктен босатуы ықтимал. Бұл үшін азамат жұбайымен не жәбірленушімен татуласуы, келтірген шығынын өтеуі шарт.
ІІМ осы саладағы барлық істерді полиция бұдан былай тура сотқа жолдайтынын мәлім етті. Әйтпесе, бұған дейін оларды полиция өндірістің кез келген сатысында «татуласты» деп тоқтата алатын.