Балет бишілері зейнетке ерте шығады
Балет бишілері зейнетке ерте шығады
326
оқылды

Балет бишілері жиырма жылдық еңбек өтілімен зей­нет демалысына шығу мүм­кін­дігіне ие болды. Ол үшін бишілер жиырма жыл жұмыс істеген соң демалу туралы шешім қабылдаса, яғни жұмыстан шықса, зейнет жасына дейін жала­қы­­сының 60 пайыз көле­мін­де ай сайын мемле­кет­тен төле­ма­қы алып отырады.

Мәдениет және спорт ми­нистрі­нің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаевтың айтуынша, Мәде­ниет және спорт министр­лігі Мәдениет туралы заңын жаңа баппен толықтыру туралы ұсы­ныс енгізген. Бұл бастама қол­дау тауып, Мемлекет басшы­сы қол қойды.

«Бұл қаржыны соңғы жұ­мыс орнының 3 жылдағы жала­қы­­сының мөлшеріне қарай есеп­тей­ді. Бірақ сол жылғы 109 айлық есептік көрсеткіштен   аспауы тиіс. Ал зейнет жасына толған балет әртісіне бұл әлеуметтік қол­дау тоқтатылып, жалпыға бір­дей зейнетақы төлеу тәртібіне көшеді.

Мәдениет туралы заңдағы кәсіптерінің айрықша ерек­ше­лі­гі бар әртістерге ай сайынғы ақ­шалай төлемдер түрінде мем­ле­кеттік-әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылатын жаңа 15-1-баптың тиімділігі зор. Мәсе­лен, балет әртістерінің сах­на­дағы 20 жылдық еңбегі еш кет­пей, төлемақы алуы – бір жағы­нан еңбектің бағалануы болса, екіншіден, болашағына алаң­да­мауына септігін тигізеді әрі театрға әрдайым жас әртістердің келіп, сахнадағы жаңа буынның уақытылы алмасып отыруына жағдай жасалады», – дейді министр­дің кеңесшісі.

Еңбек өтілімен зейнет дема­­лысына ерте кету туралы шешім қабылдаған балет биші­­лері­нің ай сайынғы «зейнета­қы­сы» республикалық бюджет есебінен, Мәдениет және спорт министрлігінің бюджеттік бағ­дар­­ламалары арқылы облыстар­дың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жер­гі­лікті атқарушы органдар­дың жергілікті бюджеті есебінен тө­ленеді. Ал Бірыңғай жинақ­тау­­шы зейнетақы қорына ар­найы ай сайынғы ақшалай төлем­дерден міндетті зейнетақы жар­­налары «ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда көзделген мөлшерде және тәр­тіппен аударылады.

Балет бишілерін зейнет дема­­лысына ерте жіберу туралы мәселені қазақ балет өнерінің майталманы Болат Аюханов жиі көтерген болатын. Ол бір сұхбатында «Қырық бес жа­сымда соңғы рет Гамлетті ал­қынып, әрең билеп шық­­қан­­мын. Ал 45 жастағы әйел қан­­дай кәсіби биші болсын, жас кезіндегідей билей ала ма, өнер­сүйер қауымға эстетикалық ләз­зат сыйлай ала ма? Осыны ойла­майтын Үкіметте ұят бар де­генге сенбеймін», – деген еді.

Ерлан Жұрынбаевтың ай­туын­ша, министрлік Ақто­­ты Райым­құлованың жетек­ші­лі­гі­мен үрмелі музыкалық ас­пап­тар мен цирк әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдер жасау мәселесін де пысықтап жатыр. Алдағы уақытта аталған өнер иеле­рінен сүйінші сұрайтын да сәт туар деген үмітіміз бар.

 

Тұмар МЫРЗА