NASA-ның Perseverance аппараты жақында Қызыл планетаға қонып, оның соншалық қызыл емес екенін суретке түсіріп жіберді. Ал Tesla компаниясының акциялары бір жылда 700 пайызға өсті, Space X-тың құны 100 млрд долларға жуықтады. Американың жетекші агенттігі, компаниялары осындай көрсеткішке ие. Егер инновация экономикалық тұрғыда осыншалық пайдалы болса, неге Қазақстанда бұл сектор ақсап тұр. Әрине, Үкімет инновацияны дамытуда түк істемеді деуге ауыз бармайды. Ғылымға бөлінетін қаражатты арттырды, инновациялық қор, бірнеше технопарк, арнайы хаб құрды. Бірақ ЖІӨ-де инновациялық өнімнің үлесі бар-жоғы 1,4%. Неге?
Ғылымды экономикасының тірегі еткен мемлекеттер өзгелерден алға шығатыны тарихтан белгілі. Сондықтан өнеркәсіп революциясына алғаш ілінгендер қазіргі дамыған елдердің қатарында. Мәселен, орта ғасырларда паравоз, теміржол, бу машиналары Англияны сол кезде-ақ қуатты елге айналдырды. Ал қазір инновация экономиканы алға жетелеуші жаңа локомотив екені белгілі. Неге? Неге ескі технологиямен-ақ өндірісті жалғастыра бермеске? Неге жаңа ғылыми жобаларға шығындануымыз керек? Себебі инновацияның берері көп. Мәселен: а) адам қажеттілігін қанағаттандыратын мүлдем жаңа өнімдер пайда болады, ә) экономикалық дамуға ықпал етеді, экономиканың жаңа салалары пайда болады, б) жұмыс орындары ашылады, білікті мамандарға сұраныс туады, в) қоғамның өмір сапасы артады, д) табиғат ресурстарын үнемдейтін, өндіріс шығындарын азайтатын жаңа технология іске қосылады, е) адам капиталы дамиды. Бұл ииновацияның тікелей оң ықпалы, жанама әсері бұдан да мол. Сондықтан да инновация нарығында бәсеке күн өткен сайын артып келеді. Дональд Трамп 2018 жылы Қытайға қарсы бастаған сауда соғысының бірден-бір себебі жаңа технологияға талас болғаны бекер емес. Global Innovation Index не дейді? Ендеше әлемдік инновация нарығында қай мемлекеттер көш бастап тұр? Бұл сұраққа жауап табу үшін 2007 жылдан бері жарияланатын ғаламдық Global Innovation Index рейтингіне көз жүгірту керек. 2007 жылы АҚШ әлемде инновацияда жетекші ел болса, Қазақстан 61-ші болған екен. Дәл осы рейтингтің 2020 жылғы нәтижесі шықты. Жағдай өзгерген. 2011-2020 жылдар аралығында Швейцария жаһандағы ең инновациялы мемлекет деп танылып келеді. Ал Қазақстан 77-орынға сырғыған. Мәселе неде? Ғылымға бөлінетін қаражат азайды ма? Әлде, ғалым саны кеміді ме? Статистикаға жүгінейік. Былтыр отандық ғылым кеңістігінде 22 мың адам қызмет етіпті. Бұл аз ба? Әрине, аз. 1990 жылдары елімізде ғылым саласының өкілдері 40 мыңға жуық болған. Ал түрлі ғылыми-техникалық институт саны 280-ге жетіп жығылған. Дәл қазір кеңес мұрасын аңсайын деп тұрған ешкім жоқ, бірақ тәуелсіздік таңы атқан кезеңде Қазақстан ғылыми держава болмаса да, әлеуеті мол мемлекет болғаны анық. Оны жоғарыдағы сандар дәлелдеп тұр. Мейлі, бүгінге оралайық. Жалпы, ғылым – шығыны мол сала. Инновациясы дамыған мемлекеттерде ғылымға инвестицияны үкіметпен қоса жеке компаниялар да қатар құяды. Бұл ол елдерде ғылыми не өнеркәсіп жаңалықтарының не үшін жиі ашылатынының бірден-бір себебі болар. Өйткені бизнес нақты нәтиже берер жобаны ғана қаржыландырады. Ғылыми жаңалық ашылса, оны бірден өндіріске енгізуге тырысады. Бір ғана сенсорлы iphone смартфондарының 2007 жылы нарыққа еніп, содан бері қаншалық танымал әрі өндіруші компания Apple-ға пайда әкелгенін еске түсіріңіз. Қазақстанда жеке бизнес өкілдері ғылымға инвестиция құюға қатты асықпайды. Бірақ Finprom сайты мүлдем басқа деректер келтіреді. Мәселен, бизнес 2019 жылы кәсіби, ғылыми және техникалық салаға 71 млрд теңге бөлген. Бұл елімізге сол жылы келген барлық инвестицияның бар-жоғы 0,6 пайызы. Тым аз. Оған қоса, өкінішке қарай бұл қаражаттың таза ғылым секторына бөлінген мөлшері белгісіз. Себебі техникалық және кәсіби сала деген ұғымдардың қолданылу аясы кең. Инновацияның тұсауы не? Жалпы, Қазақстанда ғылымға басты қаражат құюшы әлі де Үкімет екені белгілі. Барлық дерлік ғылыми институттар бюджеттік қаржыландыруда. Шокин атындағы Энергетика институты сынды бірен-сараны ғана жекешеленді. Сол себепті ғылыми институттардың басым бөлігі нарық, бизнес, бәсекенің талап-тілегі, бағыты бойынша емес, Ғылым комитетінің немесе өзге де мемлекеттік мекемелердің тапсырмасы, жоспары бойынша қызмет етеді. Кеңестік ғылыми модельден аса көп айырмашылығы жоқ. Тек енді қаржыландыру әдісі өзгерді – грант арқылы. Алайда қаржы көзі сол баяғы Үкімет. Бәлкім, инновацияның біздің елде кенже қалуының бірден-бір себебі осы болар. Инновациялық нарықтың Қазақстанда ақсаңдауының сан түрлі себебі бар. Шетелде ғылыми тың өнімді нарыққа шығарып, өндірісін реттеп, жарнама мен маркетингін келістіріп, пайдаға кенелетін бизнес бізде тендермен шұғылданғанды жөн көреді. Өйткені бұл тиімді, жылдам, тәуекелі аз, сақтандырылған. Әрине, парамен сақтандырылған. Бұл – бүгінгі нарықтың шындығы. Мұндай бизнес-атмосферада ғылыми жобаға қаржы беруге даяр кәсіпкер тым аз болатыны түсінікті. Көрші Ресейде бұдан өзге келесідей факторларды инновацияға тұсау деп анықтаған. а) Инновация нарығының артта қалуы, сұраныс тұралы ақпараттың тапшылығы, ә)жоғары экономикалық тәуекел, пайданың ұзақ уақыттан соң түсуі, б)қаржының жетіспеуі, қосымша қаржы көздерінің тапшылығы, в)инновациялық өнімдерге мемлекеттік тапсырыстың аздығы г)инновацияны нарыққа енгізетін менеджерлердің тапшылығы д)жас ғалымдардың шетелге кетуі және тағысын тағылар. Егер Ресей мен Қазақстан экономикасының құрылымы ұқсас десек, жоғарыда айтылған проблемалар біздің елге де тән екені белгілі. Алайда Ресейде Сколково сынды мемлекеттік кешеннен бөлек Яндекс, Mail.ru Group секілді жеке компаниялардың аясында жаңа технологиялық жобаларды жүзеге асыра бастады. Қазақстанда еске түсетіні тек елордадағы IT-хаб. Алайда онда көпшілік жоба әлі стартап деңгейінде. Алматыдағы Алатау IT-паркінен хабар-ошар жоқ. Бұған дейін оған жылдар бойы құйылған бюджет миллиардтарының есебін де, нәтижесін де естімедік. Ғылымға кім қанша қаражат құяды? Қалай десек те, ғылым мен инновация қаржыны молынан талап етеді. Жоғарыда бұл қаражат бюджеттің есебінен төленіп жатқанын айттық. 2004 жылы ғылымға Қазақстан 13 млрд теңге бөлген. 2015 жылы 69 млрд-қа жеткен. Ал былтыр 40 млрд-тың айналасында болған. Бұл ақша ешқашанда отандық ЖІӨ-нің 1 пайызына да жетпеген. Министр Аймағамбетов бұл межені тек 2025 жылы ғана аттайтынымызды былтыр мәлімдеді. Жалпы, бұл қаражат жеткілікті ме? Әрине, аз. Жас ғалымдардың ғылыми институттарда көп тұрақтамайтыны да содан. Жалақы аз. Тіс қаққандар гранттық жобаларға қатыстырмайды. Зерттеу жұмысына қажет детальды тендер өткізіп, апталап, айлап күту де талай жастың ғылымға бет бұрамын деген ниетін сөндірген. Ал дамыған елдерде ғылым мен инновацияға ЖІӨ-нің 3 пайызына тең ақша қарастырылатыны белгілі. Бұл деңгейге әлемнің ең инновациялық мемлекеттері жеткен. Мысалы, Израиль (4,25%), Корея (4,24%), Швейцария (3,37%), Швеция (3,25%) және Тайвань (3,16%). Швейцария әлемде 2011 жылдан бері ең инновациялы мемлекет екенін жаздық. Жер көлемі – 41 мың шаршы шақырым. Қарағанды облысына 10 Швейцария сыйып кетеді. Міне, осы ел құны 2 млрд доллар кофені экспорттаған. Кофе екпейтін ел оны қалай экспорттады дерсіз. Өңдеу саласы дамыған. Мәселен, экспортының 44 пайызы химиялық және фармацевтикалық тауар, 14 пайызы машина мен электроника және 9 пайызы сағат. Ал мұнда тіркелген 99 пайыз компания қызметкері 250 адамға жетпейтін орта бизнес. Осындай экономикалық модель былтыр Швейцарияның ЖІӨ-сін 650 млрд долларға жеткізді. 8,5 млн тұрғыны бар мемлекет үшін керемет көрсеткіш. Ал АҚШ-та инновацияны өндіріске енгізу жүйесі орнатылған. Яғни, «ғаламат ғылыми идеялар» зертханада шаң басып жатпайды. Ол үшін үкімет атаулы бағдарламалар мен инфрақұрылымды қаржыландырады. 2019 жылы ғылыми жобалар мен инновацияға 495 млрд доллар бөлген. Сондай-ақ өнеркәсіпті қолдайтын Manufacturing USA бағдарламасы бар. Оған 14 жеке институт пен үш министрлік жауапты. Өз кезегінде аталған бағдарламаға 1 900 компания қатысады. Әр институт, компанияның өз бағыты бар. Яғни, бір жағынан үкімет ғылымға инвестиция құяды, екінші жағынан оның нәтижесін ірі индустрияда қолданды. Бұл жүйенің арқасында өнеркәсіп секторы АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің 20 пайызын қамтамасыз етті. Басқаша айтса, ғылым мен өндіріс қатар жұмыс істейді, нәтижесінде экономика өседі. Аталған жүйені Қазақстанда қолдануға бола ма? Әрине, болады. Бірақ практикада пайдалануға не кедергі? Оның себептерін жоғарыда Ресейді мысалға келтіре отырып, тізіп шықтық. Үкімет «АрселлорМитталТеміртау» сынды алыптарды экорежимге ауысып, фильтр қоюға міндеттей алмай отырғанда инновацияны енгізу жайлы талап қою кәсіпкерлер үшін қиял секілді. Пайдалы қазбаны шетелге экспорттауға негізделген отандық бизнес иелері ғылыми жобаларға қаражат салып, нәтижесін нарыққа шығарады дегенге сену қиын. Неге? Өйткені экономикамыздың негізгі 5-6 саласы ғана ірі табыс әкеледі: мұнай мен химия өндірісі, металлургия, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транспорт және логистика, машина құрастыру. Осы салалардың өзінде инновацияны енгізуге мүмкіндік бар. Оған 41 мың шаршы шақырым жерінен әлемге 95 млрд еуро агро тауарды экспорттайтын Нидерланд мысал. Яғни, жоғары технологияны экономиканың кез келген индустриясына сәтті енгізу арқылы тауар құнын арттырып, шығынды кемітуге болады. Бірақ ол үшін ең алдымен ғылыми жобаға сұраныс туғызатын әрі оған мүдделі өнеркәсіп, бизнес болуы шарт. Одан кейін ғана оларға лайық ғылыми шешімді ұсынатын ғалым мен оның жобасы болуы міндет. Ал осы қос тарапты байланыстырып, оларға құқықтық, инвестициялық, инфрақұрылымдық жағдай жасайтын үкімет. Өкінішке қарай, Қазақстанда аталған үш тараптың арасында «химиялық реакция» жөнді жүрмей жатыр. Нарық өз дегенін айтса да, Масктар сан зымыран ұшырып, инновацияның мысалын көрсетсе де, олар бізге «катализатор» болар емес.Нұрмұхамед БАЙҒАРА