Боранда жүргізушілерге жүгіріп жүріп жол көрсеткен полицей марапатталды
Боранда жүргізушілерге жүгіріп жүріп жол көрсеткен полицей марапатталды
5,186
оқылды
Қостанай облысының Полиция департаменті боранды күні көліктерге жол көрсеткен полицей Амантай Байжановты марапаттады. Бұл жөнінде полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 18 ақпанда Байжанов боранға қарамастан, 10 автокөліктен тұратын автотізбек жолынан адаспай қалаға жетуі үшін аянбай еңбек еткен. Полицей жол көрсетем деп шамамен екі шақырымды жүгіріп өткен. Полицейдің бұл батыл әрекетінің видеосы желіде қызу талқыланып, оқырмандар көптеген оң пікір білдірді.
«Елдің жылы пікірлері әлеуметтік желілерде жарияланды. Халық полицейге ризашылығын әлі де білдіріп жатыр. Бұл жас мамандарға үлгі боларлық іс», – деді Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев.
Ардақ Ынтықбаев Амантай Байжановқа марапат қағазы мен Елтаңба бейнеленген қолсағат тапсырды.

Амантай Байжанов бұған дейін де ерлігімен ел ықыласына бөленген. Былтыр сәуірде ол әріптесімен бірге 15 адамды өрттен құтқарған. Ол 2014 жылдың қаңтарынан бері полицей болып қызмет етеді.