Ақтөбе облысында тұрғын үйде газ баллоны жарылып, 11 жастағы бала қаза тапты
Ақтөбе облысында тұрғын үйде газ баллоны жарылып, 11 жастағы бала қаза тапты
180
оқылды
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында қайғылы оқиға болды. Тұрғын үйде газ баллоны жарылып, бір отбасы зардап шекті. Өрт кезінде 11 жастаға бала қаза тапты. Марқұмның күйік шалған ағасы мен әкесі ауруханада жатыр. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, оқиға 24 ақпан күні түнгі сағат 23.51-де тіркелді. Мұғалжар ауданындағы Зауыт көшесінде тұрғын үйде газ баллоны жарылып, соның салдарынан өрт шыққан. Мамандар тілсіз жауды төрт сағатта сөндірген. "Оқиға орнына Мұғалжар ауданының өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем бригадасынан 13 адам мен 4 техника дереу жетті. Өрт ауданы 80 шаршы метр жерді шарпыған. Жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары құлады. Қабылданған шаралар нәтижесінде сағат 03.20-да өрт толық сөндірілді",– деп хабарларды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.  Өрттің салдарынан 2010 жылы туған бала қайтыс болды. 1968 жылғы үй иесі мен 1998 жылғы азаматтың денесін күйік шалып, олар жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел комиссия құрды. Аудан әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері оқиға болған жерде жұмыс жүргізіп жатыр.
"Күйік шалған екі адамды Ақтөбе қаласына санавиациямен жеткізу қарастырылып жатыр. Отбасына психологиялық көмек көрсетілуде. Мәслихат хатшысы, аудан депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері Мұғалжар ауылына барып, зардап шеккен отбасына тұрғын үй алып беру мәселесімен айналысып жатыр. Аудандық комиссия қиын жағдайға тап болған отбасына көмек беру мәселесін қарастыратын болады",– деп хабарлайды облыс әкімдігі.