1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап қазақ әдебиеті жаңа бір белеске, жаңа бір биікке көтерілгендей. Өйткені бұл кезеңде әдебиетте «Тәуелсіздік» сөзі қатар жазыла бастады. Тәуелсіздік кезеңі әдебиетке қандай өзгеріс әкелді? «Жыл келгендей жаңалық» демекші, Тәуелсіздіктің 30 жылында әдебиеттану ғылымының даму барысы қандай болды?
Тәуелсіздік жаңа есімдердің қатарын көбейтті. Азат ойдың иелері кімдер? Сонымен, Светқали Нұржан, Жанат Әскербекқызы, Айгүл Кемелбаева, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Әділ Ботпанов, Әмірхан Балқыбек, Думан Рамазан, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, Дидар Амантай, Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Берікқажыұлы, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбаев, Саят Қамшыгер, Алмат Исәділ, Есей Жеңісұлы және т.б талантты ақындар мен жазушылардың есімін атауға болады. Бұл есімдер – Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында дараланып шыққандар. Әрі ол кезең нарықтың көші енді басталып, ала дорба асынып, «сары бала, қара қазан» қамын ойлаған, қиын кездер еді. Бұл кезеңде әдебиеттің көшін сүйреу былай тұрсын, жан бағудың өзі тауқымет болып тұрған шақ еді. Сол бір «өлара» кезеңде тұрмыстың ауыртпалығына «желініп» кетпей, нағыз сарбаздар ғана әдебиетке адалдық танытып, дараланып шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи тақырыпқа арналған романдар да көп жарық көрді. Олардың қатарында Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Қалмұқан Исаевтың «Серт», «Шоң би», Кәдірбек Сегізбаевтың «Беласқан», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Хасен Әдібаевтің «Отырар ойраны», Софы Сматаевтің «Жарылғап батыр», Жанат Ахмадидің «Шырғалаң» романдарын атап өтуге болады. Бұл да болса, әдебиеттің «жабық» тақырыптарға еркін қалам тартуы деп қабылдауға болады. Өйткені әдебиетіміз бұрын-соңды болмаған тақырыптық, идеялық мазмұн байлығымен, жаңа көркемдік түрлерімен, жанрлық ерекшеліктерімен байып отырды. Екінші кезең: 2001-2011 жылдар аралығында әдебиет айдынына бір топ жастар үзеңгі қағыстыра келді. Кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар. Ырысбек Дәбей, Дәулеткерей Кәпұлы, Қанағат Әбілқайыр, Торғын Тұрлыбаева, Өміржан Әбдіхалықұлы, Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Дархан Бейсенбек, Мирас Мұқаш, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік және т.б. жастар лек-легімен келді. Сыншы, әдебиеттанушы Анар Қабдуллинаның айтуынша, тәуелсіз әдебиеттің басында Тыңыштықбек Әбдікәкімов, Рахымжан Отарбаев, Роза Мұқанова, Әлібек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет және т.б. тұр. «Одан кейін жаңа леп әкелуге тырысқан таланттар шоғыры қалыптасты: Дидар Амантай, Әмірхан Балқыбек, Дәурен Қуат, Айгүл Кемелбаева, Таласбек Әсемқұлов. Тәуелсіз әдебиет кезеңі екіге жарылды: қазақ тілінде жазатындар және орыс тілінде әдебиет жасаушылар. Екі ерекшелік өкілдерінің шығармаларынан да батысшылдық сарын білінді. Тіпті, атамекенге көшіп келген қандас жас таланттардың біразы сол бағытқа бет бұғаны рас. Қазір кітапты жазу ғана емес, сонымен қатар оның насихаты, маркетингін бірге алып жүрген жастар пайда болды. Олар: Әлішер Рахат, Берікбол Батан, Айжарық Сұлтанқожа, т.б.», – дейді. Ал әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай әдебиетке тағы бір толқынның қосылғанын айтады. «Тәуелсізідктің үшінші онжылдығының кіндігін кескендер бар. Олар 2011 жылдан бері әдеби аренаға танылып қалған жас өрендер. Атап айтсақ, Мерген Тоқсанбай, Мақпал Сембай, Мақпал Төребек, Құндыз Жұбаева, Бекзат Смадияр, Салтанат Қожа, Шерхан Талап, Айбол Исламғалиев, Асылан Тілеген, Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбекұлы секілді жас қалам иелері. Бұл тізім мұнымен таусылмайды. Әлі де жалғасады. Жалғаса да бермек. «Хияметте басталған, ахиретте нүктесі қойылады» дегендей, біздің бағзы заманнан басталған әдебиетіміздің өміршең боларын осындай жас толқындардың жыл сайынғы қаулап келіп жатқан лектерінен байқаймыз», – дейді әдебиеттанушы. Әдебиеттегі орта буын мен жас буынның өзі екі түрлі дәуірді бастан өткеріп жатыр. Былайша айтқанда, бірі – ескінің соңы, екіншісі – жаңа дәуірдің басы. Жас буынның артықшылығы, ұғым-түсінігі бөлек, ойлау жүйесі мүлдем басқа. Өлеңдегі өршіл рухы да шынайы, үні де асқақ. Жаңа әдебиет, яғни тәуелсіз әдебиетте жаңа тақырыптардың тууы заңдылық. Жас ақын Еділбек Дүйсен әдебиетке жаңа тақырыптар мен соны ізденістерге барғысы келетін, барып жүрген жастар қауымы келгенін айтады. «Меніңше, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақ әдебиетіне жастар арқылы жаңа тыныс келді. Тәуелсіздік жаңаша жазатын, жаңаша ойлайтын, тақырыпқа басқа ракурстан қарай алатын жаңа авторларды әкелді. Жаңа авторлармен, жаңа авторлар арқылы әлем қаламгерлерінің жаңа есімдерімен таныстық. Алайда тек осы есімдермен ғана шектеліп отырғанымыз да өтірік емес. Өйткені аударма саласының ақсап тұрғанын ылғи да айтып жүрміз. Бұған қоса, тәуелсіздік жылдары мына жанр алға шықты, мына жанрларға алғашқы қадамдар жасалды деп те айту қиын. Өкінішке қарай, қазір жанрлық даму бәсеңдеп тұр. Бұған қоса, Тәуелсіздіктің 30 жылында қаламгерлерге жаңа тақырыптар ашылды, олар жаңа үлгілерге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ сол тақырыптар әлі де қозғала, сол сең әлі де бұзыла қойған жоқ. Баяғы бос орын бос күйінде тұр. Тәуелсіздік әдебиеті осы бос орынды толтыруға күш салуы керек. Өйткені ол «орынға» ешкім де барып отырған жоқ. Бірақ әдебиеттанушылар һәм әдебиетшілердің қазіргідей жағдайында «бос тұрған орын» бос күйінде қала беретін шығар. Оған отыруға ешкімнің де жүрегі дауаламайды. Ал олар бос тұрғандықтан, қазіргі қазақ әдебиеті қоғам сұранысын, оқырман талабын орындауы тиіс. Тәуелсіздік әдебиетінен күтеріміз көп. Оның жауапкершілігі де зор. Бұл не дегенмен – Тәуелсіздік жазып жатқан Ұлы Сөз ғой!» дейді. Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет – тәуелсіз сөз! Бұл бұғауланған кісеннен босаған, бостандықтың шырайын сезінген, өзі көшбасшы болуға дәрменді ұлттың рухани мұрасы болуы тиіс. Мұның ерекшелігі – цензура жоқ. Ешкім қиып, қидаламайды. Ой еркін, сөз еркін, әдебиет – тәуелсіз! Таптық көзқарастан арылған, еркін тебіреніп, еркін айта алатын жаңа дәуір әдебиеті қалыптасты. Оның көрінісі сөзден, дүниеге келген көркем дүниеден, әсерлі жазбадан, сәулелі сәттерден көрінуі тиіс.Айым БЕКТҰР