Қос азаматтығы бар шенеунік жұмыстан босатылды
Қос азаматтығы бар шенеунік жұмыстан босатылды
5,149
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос азаматтық мәселесін жақында көтерген болатын. Бұған қатысты алаңдаушылық білдірген Президент қос азаматтығы бар шенеуніктер барын да айтқан. Сөзі айдай келді десек болатын шығар, шымкенттік шенеунік Олег Почивалов осы себепті қызметінен босатылды.

Аталған ақпаратты Шымкент қаласы әкімдігі растады. Почивалов шынымен қос азаматтық алған. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өкімімен денешы­нықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Почи­валов қызметінен босатылғаны хабарланды. Әкімдік тиісті құжат көшірмесін де көрсетті. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы мұндай заңбұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған еді. Осы орайда қос азаматтығы бар шенеунікті Илья Ильин қолдағанын да атап өтейік. Ол Instagram парақшасында пікір білдіріп, Қазақстанда білікті спорт жетекшілері көп емесін айтқан еді. «Мен Олег Почиваловты құрметтеймін. Егер қос азаматтықты елден кету үшін алса, онда ол Қазақстанда тұрып, жұмыс істемей-ақ ол елге баяғыда кетіп қалар еді. Елімізде білікті спорт кадрларын сақтауға тырысуымыз қажет. Өйткені ондай адамдар саусақпен санарлық. Егер Ресей Федерациясының азаматтығы болмаса, онда Олег Почиваловқа аймақтағы спортты дамытуға мүмкіндік беру керек» деп жазды Ильин. Бұған дейін шымкенттік шенеуніктің қос аза­маттығы бар екенін Шымкент полициясы рас­та­ға­нымен, қала әкімдігі жоққа шығарған еді. Бірақ кейін­нен бәрі анықталып, Почивалов қызметтен бо­сатылды. Бұл уақытта ол жеке мәселелеріне бай­ланысты ақысыз демалыста болған. Жұмысқа қайта оралған соң Почивалов 2021 жылдың 8 ақпанда Әл-Фараби аудандық сотына Шымкент қаласы По­лиция департаменті шығарған азаматтығынан айыруға қа­тысты қорытындының күшін жоюға және Қазақ­­стан азаматтығынан айыру туралы хабарламаға қа­­тысты өтініш берген. Алайда 2021 жылдың 22 ақпа­­нында Әл-Фараби аудандық соты шешімімен Почи­­валовтың Шымкент қаласы Полиция департа­­ментіне жазған өтініші қанағаттандырылмады.

И.ҚУАНЫШ