Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас урологі Марат Мақажановпен сұхбат.
– Марат Абзалұлы, ұлттық қауіпсіздікке, әсіресе демографияға тікелей әсері бар урологиялық ауру түрлерін анықтау үшін соңғы рет қашан кең ауқымды скрингтік тексеру жүргізілді? Егер осындай жаппай диагностикалау жүргізілген болса, еркектер белсіздігі мен бедеулігі қанша пайызға жетіп тұр?
– Скрингтік тексеру 2006 жылдан бастап 2016 жылға дейін жүргізілді. Осы уақыт аралығында 47 мыңға тарта ер-азамат тексеруден өтті. Бірінші жылдары біздің Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығында ақысыз тексеру жүргізілді. Ғылыми орталық осы жауапты да сауапты іс үшін Үкіметтен ешқандай қаражат алған жоқ. Осы тексерулердің нәтижесіне қарағанда, қазір еліміз бойынша еркектер белсіздігі 50-52 пайызға жетсе (белсіздіктің 3 түрі болады), бедеулік деңгейі 15 пайыздан жоғары болып тұр. Егер 15 пайыздан төмен болса, онда бұл қалыпты жағдай саналады. Ал одан жоғары болғаны – алаңдайтындай ахуал. Сондықтан мұның демографияға кері әсер етіп отырған жайы бар. Бұл экологияның, ер-азаматтар өз денсаулығына салғырт қарауының салдары деуге болады. Мысалы, Германияда бедеулік деңгейі – 3-5 пайыз, Данияда – 18 пайыз. Ал ТМД елдерінде 15-17 пайыз шамасында. Көршілес Ресейде – 17 пайыз.
– Урологиялық аурулар жасарып бара жатқаны айтылады. Оны ерте анықтаудың маңызы мен оған ем-шара қолдану жайына тоқталып өтсеңіз.
– Балалар хирургтері ұлдарға балабақша, мектеп жасынан бастап қарап, бақылауда ұстаса, бұл мәселе мұншалықты ушықпас еді. Ерлер қауымы есейгенде дәрігерге баруды онша құнттамайды. Олардың бойында өз мәселесін айтуға ұяла ма, қымсына ма, сондай бір қасиет бар. Оның үстіне қосалқы көптеген аурулар кездеседі. Оның ішінде туа біткен крипторхизм, бұл – аталық бездің ұмаға түспей қалуы. Яғни, жұмыртқаның ұмаға түсу үрдісінің бұзылуына байланысты өз орнынан ауытқып, ұмаға түсіп келе жатқан жолында тоқтап қалуы. Крипторхизмді бала 3-5 жасында емдеу керек. Одан асып кетсе болмайды. Адамның температурасы 36,6 градус мөлшерінде. Жұмыртқа ұманың ішінде жатса 34 градусты ұстап тұрады. Сол себепті неғұрлым дәрігерге ертерек қаралса, соғұрлым жақсы.
Варикоцеле – бұл аталық безді орайтын, ұрықтық түтіктің бойымен орналасқан, ұманың көктамырларының кеңеюі. Варикоцеле еркектердің белсіздігінің тікелей себепкері болуы мүмкін. Өсе келе артық салмақ қосып, атресклероз, қан қысымы, қант диабеті болады. Соның бәрі белсіздікке, сосын бедеулікке алып келуі мүмкін. Бұл демографияға кері әсерін тигізеді. Белсіздікке ұшыраған адамдарда да бедеулік болуы мүмкін.
– Урологиялық ауруларды ерте анықтауға басты кедергі не? Маман жетіспеуі ме, әлде тұрғындардың салғырттығы ма?
– Бала туғаннан кейін дәрігерлер оны барынша мұқият қарайды. Егер баланың денсаулығында қандай да бір ақау барын байқаса, онда дереу тиісті шара қолданылады. Ата-ана да балаларының денсаулығына мұқият болып, дәрігерге дер кезінде көрсетіп отырса, медицина қызметкерлері балабақша, мектепте де ер балалардағы қандай да бір ауруларды уақытында байқаса, ертерек ем-дом жасап, оның тезірек сауығуына жағдай жасар едік.
Жасыратыны жоқ, қазір елімізде уролог мамандар аз. Себебі емхана, амбулаториялардың көбінде урологтер жоқ. Урологиялық науқастарды емдеуге мемлекет тарапынан өте аз қаражат бөлінеді. Былай қарағанда өте маңызды, ұлттың көбеюіне тікелей қатысы бар сала. Біздің бір орташа күрделі науқасты емдеп шығуымызға 196 мың теңгенің шамасында қаражат бөлінеді. Оған ауруханада жату, тамағы, дәрі-дәрмегі, отасы – бәрі кіреді. Көршілес Ресейде жай ота жасаудың өзіне 250-300 мың рубль, біздің теңгеге шаққанда 2 миллион теңгедей қаржы бөлінеді. Сол себепті емхана басшысына уролог маман ұстап отыру тиімсіз. Бұл – үлкен мәселе.
– Урологиялық науқастарды негізгі емдеу жолдары қандай?
– Аурулардың дәрежесін дәрігер анықтайды. Оны жеңіл, орташа, қатаң деп бөлуге болады. Жеңіл және орташа түрін жай ғана денешынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстану арқылы
75 пайызға дейін емдеуге болады. Сондықтан ауруы асқынбай, дәрігерге неғұрлым ертерек қаралған науқастың мүмкіндігі мол. Өкінішке қарай, көбі уақытты өткізіп жүріп алады да, аурудың қатаң түріне өткенде дәрігерге келеді. Бұл кезде, амал жоқ, ота жасауға мәжбүрміз. Б.Жарбосынов атындағы урология орталығына келетін науқастар арасында белсіздік 30-40 жас аралығында – 15 пайыз, 40-60 жас арасында – 25-30 пайыз, 60 жастан жоғарыларда 70-80 пайызға дейін барады. Белсіздікпен келгендердің 90-95 пайызын емдеуге болады. Олардың 10 пайызы отамен, қалғаны дәрі-дәрмекпен емделеді.
– Ерлер арасында өлім-жітімнің көп болуы мен олардың өмір сүру жасының ұзақтығы әйелдерге қарағанда шамамен 10 жасқа төмен екенінің басты себебі не?
– Мұның басты себебі – ер-азаматтарымыздың өздерінен. Олар өздігінен денсаулығын тексертуге бармайды. Мысалы, әйелдер мен ер-азаматтардың дәрігерге тексеруге баруын салыстырып қарасақ, үш-төрт әйел барған жерге бір ер адам ғана баруы мүмкін. Әйелдерде бұл жағынан туабіткен ұқыптылық қасиет бар. Ертерек бала сүюдің қамын жасап, денсаулығына алаңдайды. Дәрігерлік тексеруден дер кезінде өтуге тырысады.
Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар саны көбейіп кетті. Оның бәрі ұрық шығатын жұмыртқаға, аталық бездің қосалқысына кері әсер етеді. Оның бәрі шәует шығаратын түтікшелерді бітеп тастап, ол дұрыс шықпай қалады. Сондықтан неше түрлі бедеулік болады. Оларды емдеу керек. Сол себепті ер-азаматтар мен әйелдердің жыныстық қатынаста мұқият болуын ескертеміз.
Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығында апта сайын тек бедеулікке байланысты екі-үш ота жасаймыз. Белсіздік саны да артып барады. Бұл – темекі, ішімдік, нашақорлықтың салдары. Қант диабеті, қан қысымымен ауыратындар да көбейіп келеді. Мәселен, қан қысымы жоғары адамдарда бірінші белсіздік болады. Қан қысымын тексертіп, дер кезінде ем қабылдаса, белсіздікке әкеліп соқпас еді. Сосын бұрынғыға қарағанда қимыл-қозғалыс аз. Бір орында отырып жұмыс істейтіндер көп. Физикалық жұмыс жасап, спортпен айналысу керек. Азаматтар диетасын ұстап, майлы тамақ ішпей, спирттік ішімдік пен нашақорлыққа үйір болмай, өз-өзіне қарап, салауатты өмір салтын ұстанса, оның бәрі белсіздікті 70 пайызға дейін жақсартар еді. Несеп тасы ауруы көп. Ол экологияға, ауызсу сапасының нашарлығына байланысты. Ер адамдардың өмір сүру жасы ақырындап ұлғайып, қарттарымыздың қатары көбейіп келеді. Соған байланысты андрологиялық ота жасау да артып отыр.
Науқастар арасында белсіздік 30-40 жас аралығында – 15 пайыз, 40-60 жас арасында – 25-30 пайыз, 60 жастан жоғарыларда 70-80 пайызға дейін барады.
Ер адамдар өзін «ауырмауым керек, мықты болуға тиспін» деп қайрайды. Өздеріне көп ауыртпалықты алады. Оның үстіне, ауру-сырқауға көп мән бермей, ауруы асқынып кеткенін байқамай қалады. Олар көбіне ауыр жұмысты атқарады. Салқын жерге отыра салады. Тамақ ішу қалпына да ерекше көңіл аудармай, көрінген жерден тамақтана салатыны да рас. Мұның бәрі атресклероз, қан қысымы, холестериннің көбеюі, қант диабеті, еркек бездерінің асқынуы, простатит сияқты ауруға алып келеді. Олардың балалары да туабітті түрлі ауруға шалдығады.
– Нақты статистика бойынша, бедеулікке шалдыққандар арасында еркектер көбірек пе, әлде әйелдер ме?
– Бедеулік жағынан алғанда шамамен 40 пайыз – ерлер, 40 пайыз – әйелдер. Қалған 20 пайыз екеуінде де бар болып шығады. Ертеректе бала болмауы тек әйелдерден деп қарайтын. Қазіргі статистика осындай болып тұр. Сондықтан бала сүйіп, ұрпағын өрбіткісі келсе ер-азаматтарымыз да уақытты созбай, дер кезінде дәрігерге тексерілуі керек. Ерлі-зайыптылар шаңырақ көтергеннен кейін бір жылдың ішінде ешқандай сақтандыру әдістерін қолданбаған жағдайда бала болмаса, бұған алаңдау керек. Елде бедеулік 15-16 пайыз болса, соның бәрін емдеп шығу мүмкін емес. Шамамен, 10 пайызын емдеуге болады. Туабіткен немесе тұқымқуалаушылық арқылы болатын бедеуліктің емделуі қиын. Олар генетиктер мен репродуктологтарға жүгінеді. Болмаған жағдайда бала сүюден үмітті ата-ана ЭКО әдісін қолданады. Қазір елімізде осы әдіспен дүние есігін ашқан сәбилер көбейіп келеді. Ең бастысы, ерлі-зайыптылар балалы болудан үмітін үзбеу керек.
– ҰҒА академигі Мырзагелді Алшынбаев бір сөзінде «Қазақстан – ерлер денсаулығына қаржы бөліп отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Ерлер денсаулығы орталығы әр облыста бар, оның ең біріншісі Шымкентте 10 жылдан астам уақыт бұрын ашылған. Ер-азаматтарымыз осы орталықтарға барып тегін тексеруден өте алады. Біз енді қызмет көрсету, диагностика мен емдеу сапасын арттыруымыз қажет» деген еді. Осы орталықтардың жұмысына тоқталып өтсеңіз.
– 14 облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында ер-азаматтар денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір сүру орталықтары ашылған. 2016 жылдан бері Үкімет тарапынан осы орталықтарға ақша бөлініп келеді. Ер-азаматтардың денсаулығы тек урологке байланысты емес, сондай-ақ эндокринолог, психолог, андролог, сексопотолог, кардиолог керек. Өйткені жүрек ауруы бар науқастар неше түрлі дәрі-дәрмек ішеді. сондықтан оларда бедеулік те, белсіздік те бола береді. Әсіресе, белсіздікке жиі шалдығады. Сол себепті осындай орталықтар ашылды. Орталықтарда мамандар, медициналық құрылғылар бар. Талдамаларды тексеретін зертханалар ашылған. Үкімет тарапынан жыл сайын қаншама адамды тексеруге қаражат қарастырылған. Жағдай жылдан-жылға жақсарып келеді. Оның үстіне түсіндіру, насихат жұмыстарын да жүргіземіз.
– Былтыр Алматыда өткен І Орталықазиялық урологтер конгресінде әлемде урологиялық науқастарға ота жасау үшін робот техникалардың пайдаланыла бастағаны айтылды. Робот техникалары дәрігерлерді қаншалықты алмастыра алады? Осындай өркениет көшіне Қазақстан қашан ілеседі?
– Бұл конгресс Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының директоры Әнуар Амановтың бастамасымен өтті. Конгреске 17 елдің беткеұстар, әлемдік деңгейдегі мамандары келді. Конгрестің алдағы уақытта дәстүрлі өтіп тұруын қалар едік. Мұндай шараларда ортақ мәселелер талқыланады, осы салада болып жатқан жаңалықтармен бөлісеміз. Осындай конференция, конгрестердің арқасында жағдайымыз жақсарып келеді деп ойлаймыз. Өйткені мұндай шаралар салаға Үкіметтің де назарын аударады.
Нұр-Сұлтанда робот техникалары бар. Ол өте қымбат тұратындықтан, барлық орталықтарға алуға әзірге мүмкіндік болмай тұр. Өзіміз қандай мықты маман болсақ та, робот болғаны жақсы. Жаңа технологияны енгізу керек. Бірақ адамның өз қолымен жасағандай болмайды. Робот техникалары адамның мүмкіндігін толық алмастыра алмайды. Дегенмен роботпен ота жасау науқас үшін жеңіл болады. Роботпен кішкентай ғана тесіктер арқылы ота жасап шығады. Отадан кейін де тез сауығып кетуіне мүмкіндік бар. Қазіргі таңда ашық ота азайды, аппараттармен жасап жатырмыз. Ал робот болса, тіпті жақсы. Жылдан-жылға технологиялар жаңаруда. Бұл жағынан әлемдік көштен қалмай, ілесіп келеміз. Бұдан былай да жасауға тырысамыз. Орталық басшылары медициналық жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге барын салып жатыр.
– Бір кездері лазерлік әдіспен сүндетке отырғызу бала денсаулығына кері әсерін тигізетіні туралы әңгіме қозғалып еді. Қазіргі таңда бұл тәсілге жүгінетіндер қаншалықты? Заманауи жөргектердің бала денсаулығы әсеріне тоқтала кетсеңіз.
– Ер балаларды сүндетке отырғызу лазермен де, күйдіріп те, ашып та жасалады. Әр маман қалай үйренді, солай жасайды. Ол маманның біліктілігіне байланысты. Ал заманауи жөргектердің (памперс сияқты) ер балаларға кері әсері бар. Ұманың ішінде температура 34 градус болатынын жоғарыда айттық. Бұл шәует жасушасының пісіп, өнуіне өте қолайлы температура. 36,6 градус болса дұрыс пісіп, өнбейді, тіпті өліп те қалуы мүмкін. Заманауи жөргектер температураны ұстап тұрады. Бұл ер балалар үшін зиян. Сондықтан оны көп ұстамаған дұрыс.
– Дәстүрімізге сай баланы бесікке бөлеуге қалай қарайсыз?
– Бесік жақсы. Бала таза, бірқалыпты температурада жатады. Атам қазақ бесіктен жамандық көрген жоқ. Бірақ «Бәрің бірдей бесікке салыңдар» дей алмаймыз, ол әркімнің өз қалауы. Дегенмен өз пікірімізді айтып жүрген орынды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ