Мақсат – қаржы нарығын жіті бақылау, қарызы бар адамдардың құқын қорғау.
Атап айтқанда, кредит беру тәуекелдерінің өсуіне және азаматтардың борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеу;
– дауларды реттеу, борышкерлердің құқықтарын күшейту тетігін жетілдіру;
– коллекторлардың жосықсыз әрекеттерінің жолын кесуге, сондай-ақ борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Кредит беруде тәуекелдердің өсуіне және азаматтардың кредиттер (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес) бойынша борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін түзетулерде:
– банктер мен микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) капиталдандырылған мерзімі өткен сыйақыға (тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға, өсімпұлдарға, комиссияларға) сыйақыны есепке жазуға тыйым салу;
– микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының (айыппұл, өсімпұл) мөлшерін шектеу, сондай-ақ ипотекалық қарыздардың барлық түрлері бойынша мерзімі өткен 180 күннен кейін сыйақылар мен комиссияларды есепке жазуға тыйым салу;
– қаржы ұйымдарының жарнамасына мониторингті жүзеге асыру көзделіп отыр.
Микрокредит беру саласындағы тәуекелдерді шектеу, алаяқтық әрекеттерге жол бермеу және сыйақының шекті мөлшерлемеден асып кетуін шектеу үшін:
– банктер мен МҚҰ-ның кредиттік бюроға номиналды мөлшерлемелер және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) туралы ақпарат беру, сондай-ақ мемлекеттік кредиттік бюроның қадағалау мақсаттары үшін осы мәліметтерді реттеушіге беру міндеті;
– МҚҰ-ның жарнаманы тарату және орналастыру кезінде ЖТСМ-ді көрсету;
– МҚҰ-ның Агенттік пен қаржы мониторингі жөніндегі органды микроқаржы ұйымы ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы хабардар ету міндеті енгізіліп отыр.
Коллекторлық ұйымдардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу үшін:
– коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салу;
– борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау процесін бейне-аудио тіркеу міндетін белгілеу;
– коллектордың үшінші тұлғалармен өзара іс-қимылын жасауын шектеу ұсынылып отыр.
Заң жобасы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Президенттің 2019 жылғы 26 маусымдағы №34 Жарлығы мен былтыр 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын жүзеге асыруға ықпал етеді.