Кейінгі кезде балалар арасында бір-біріне психологиялық қысым көрсету көбейіп кетті. Терминмен айтсақ, бұл – буллинг. Бұрындары әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу оқиғаларымен бетпе-бет келетінбіз. Қазір жасөспірімдер бір-біріне әлеуметтік желі арқылы «шабуылдап», сыныпта шеттетумен шектеледі. Ал мұның өзі балаға таяқ жегеннен де ауыр соққы. Айналып келгенде, аталған соққыға шыдас бермегендер өз-өзіне қол жұмсайды. Мемлекеттік органдар «өткен жылы балалар арасындағы суицид төмендеді» дегенімен, бұл мәселенің шешім тапқанын білдірмейді.
Буллинг дегеніміз не?
ЮНИСЕФ келтірген деректерге мән берсек, елімізде 11 жастан 15 жасқа дейінгі әрбір бесінші жасөспірім буллинг құрбанына айналады. БҰҰ жүргізген зерттеуде республикамыздағы балалардың дені сәби күнінен кемсітуге тап болатыны көрсетілген. Жалпы, буллинг «қорқыту» деген мағына білдіреді. «Көзің сығыр, бойың аласа, р әрпіне тілің келмейді» деп мазақтаудың өзі – буллинг. Иә, мұндай сөздерді кез келген жасөспірім естиді. Тіпті, бастауыш сыныптан тағылған айдар жоғары сыныпта да соңыңнан қалмауы мүмкін. Алайда бұған мән бермей, психологтердің тілімен айтқанда, өз-өзін қабылдаған бала артық әрекетке бармайды. Ал мазақ сөздерге, кемсітуге шыдамаған бала оқиғаның соңын қайғылы жағдаймен аяқтайды. Жоғарыда бұрындары әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу фактілері жиі кездесетінін жаздық. Қазір әскердегі жігіттердің арасында да күш көрсетуден гөрі ортадан шеттету барын естиміз. Яғни, азаматтар топтасып, өздерінше ақылдасып, бір адамды тұқыртады. Ол келе жатқанда айтқан әңгімесін тоқтатып, елемей, тілдеспей қояды. Мұндайдан шаршаған бала психологиялық күйзеліске түсіп, не істерін білмейді. Бұл – бір ғана мысал. Қоғамда мұндайдың талайын кездестіресіз.Кемсітуге неге құмармыз?
Мәселен, жақында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев 12 жастағы оқушының сыныптастарынан қысым көріп, артынша өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді. Деректерге қарағанда, оқушылардың футбол командасы бірнеше ойында ұтылған. Сөйтіп, кінәні аталған баладан іздеп, оған футбол ойнай алмайтынын айтып, мазақ еткен. Ал 2019 жылы Ақтөбеде 8-сынып оқитын бала өз-өзіне қол салды. Ол оқиға болған күні сабаққа толық қатысқан. Мектеп басшылығының айтуынша, ақжарқын бала болған. Алайда анасы оның ішкі сырын бүгіп қалатынын жеткізген. Өйткені бала ауылдағы сыныптастарынан «жетімсің» дегенді жиі естігесін, анасымен бірге қалаға көшкен. Мүмкін қаладағы мектептегі жағдай да жеткіншектің көңілінен шықпаған болар, кім білсін? Одан бөлек, былтыр Батыс Қазақстанда 11 жастағы бала өз-өзіне қол жұмсады. Әкесі жыл бұрын қайтыс болған. Анасы жұмыс істемейді, жәрдемақымен күнелтеді. Оқиға болған кезде Полиция департаменті жан-жақты тергеу жүргізетінін хабарлаған. Бірақ БАҚ-та тергеу нәтижесінің қалай аяқталғаны туралы мәлімет жоқ. Осы орайда психологтер балаға көмек көрсете алатын ата-аналар екенін айтады. Буллингпен күрес жүргізген кезде алдымен ата-аналарды тарту керегін нұсқайды. «Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайы жиі кездеседі. Олар қарсы тараптан жылу, көңіл бөлінуін күтеді. Негізі, бала жағдайдан бәрінің хабардар болуын қалайды. Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмін еске түсірейікші. Сонда Қожа жұрттың, әсіресе анасының көңілін өзіне аудару үшін өлуге шешім қабылдайды әрі соны елестетеді. Бұл – қоғамның шындығын бейнелеген режиссер мен сценаристің шеберлігі. Иә, әлі күнге мәселе актуалды. Ата-аналарға айтарым, баланың көңіл күйін бақылап, ой бөлісіп, ішкі дүниесімен танысыңыздар», – дейді психоаналитик Анна Құдиярова. Ата-аналар нені аңғаруы керегін сұрарсыз. Буллингке тап болған баланың алдымен мінез-құлқы өзгереді. Екіншіден, осыған сай сабақ үлгерімі нашарлап, көп нәрсеге зауқы соқпайды. Яғни, қатарластарынан кемсіту көріп, мазаққа қалған бала өз-өзін бағалауды қояды. Асқа зауқы соқпай, көңіл көтеруден қалады. Арты депрессияға ұласуы мүмкін. Осындайда ата-ананың инстингі белгі беріп, іске кірісуі қажет. Алайда «саған тиіскен кім ол? Директорға қоңырау шаламын, екі аяғын бір етікке тығамын» дейтін үйреншікті жекіруден аулақ болыңыз. Бірінші, ұл-қызыңызбен үлкен адаммен сөйлескендей тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтаңыз. Артынша сынып жетекшісі мен балаңыздың жақын достарын әңгімеге тартқан абзал. Егер шу шығарып, істі дабыра қылсаңыз, қатарластары жасөспірімді одан сайын «қудалауы» мүмкін. Есіңізге түсіріңізші, сіз де мектепте таяқ жегенде арыз жазбайтынсыз. Өйткені арыз жазатындарға айдар тағып, мектептегілер онымен араласпайтын. Сондықтан психологпен бірге әрекетке көшкен жөн. Айналып келгенде, басқа бір мәселенің төбесі көрінеді. Себебі мектеп психологтерінің біразы жұмысын нәтижелі жүргізбейтіні белгілі. Мұны ел алдында жүрген психологтер жиі айтады. Пандемия уақытында мектеп психологтерінің арқаны кеңге салмағанына кім кепіл? Шынтуайтына келгенде, карантин кезінде отбасындағы ұрыс-керістің көбейгені тағы бар. Бұл – бір ғана факт. Ал мектепте буллингке қатысты сауалнаманың уақытылы жүргізілетіні күмән тудырады. Өзіміз де мектепте алған сауалнаманы тек көз қылу үшін пайдаланатынын білетінбіз. Көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ мәселеге тура қарағанда, ауылды жерде психологтердің жұмысы әлсіз. Мысалы, Ақтөбеде болған оқиғада ауылдағы сыныптастары балаға «жетімсің» деп айтқан. Егер мектепте оқушыларға «Буллингке жол жоқ!» немесе «бәріміз тең қоғамда өмір сүреміз» деп тәрбие берілсе, мұндай оқиға болмайтын еді. Иә, ата-ана, психолог, мектеп әкімшілігі бірлесе жұмыс істесе ғана мектеп қабырғасында буллингке тосқауыл қойылады. Үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істеп, топтық жаттығу орындау балаларға оң әсер етеді. Бірден күштің бірлікте екені білінеді. Осындайда сұлулық емес, мейірім әлемді құтқаратыны еске түседі.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ