Санаулы күннен кейін әлемді алақанымен тербеген аяулы аналар, ақ жаулықты әжелер мен нәзік жанды арулардың төл мерекесі. Төрткүл дүниені сұлулығымен әрлеп, қылығымен таңдандырған қыз-келіншектер аз емес. Таңдандырған демекші, жаны нәзік болғанымен кейбір ер-азаматтардың қолынан келмейтін істерді атқарып жүрген арулар да баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз әйел заты болса да, мықты әрі шыдамды. Олай деуімізге себеп Арайлым Қажтаева Көкшетау қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі болып қызмет атқарады.
Ол 1997 жылғы 5 маусымда Бурабай ауданының Щучье қаласында дүниеге келген. Жасынан батыл болып өскен Арайлым қиын да күрделі өрт сөндіруші мамандығын таңдаған. Жалыны бет қаратпайтын отқа қарсы жүріп, өз өмірін қатерге тігетін өрт сөндіруші мамандығына өз қалауымен келіпті. Жылжымалы үш сатылы баспалдақта биікке көтеріліп, қалың түтіннің арасынан жол тауып, адамдарды құтқару, ауыр киімдер мен аппараттарды арқалау қыз балаға оңай соқпайтыны анық. Ең қиыны өзгенің өмірі үшін басын бәйгеге тігуге іштей дайын болу қажет. Дегенмен қайсар қыз осының бәрін еңсеріп қана қоймай, қатарластарынан оқ бойы озық дәрежеге көтерілген. «Бала кезімнен әскери киім киюді, органда қызмет етуді армандайтынмын. Республикалық спорт мектебін бітірген соң Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2020 жылы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне жұмысқа орналастым. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының аймақтық оқу орталығында өрт сөндіруші-құтқарушылардың алғашқы дайындығынан өттім. Бір жылдан аса уақыттан бері Көкшетау қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмыс істеймін. Дегенмен өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеу арманымның шегі демес едім. Сондықтан да өз қызметіммен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде заң ғылымдарының магистрі бағыты бойынша оқуды тәмамдадым, – дейді Арайлым Абзалқызы. Сондай-ақ кейіпкеріміз 2018 жылдан бастап WT таэквондодан Қазақстанның спорт шебері атанған. Арайлым спорттық мансабын 2010 жылдан бастапты. WT таэквондо олимпиадалық спорт түрінен Ақмола облысының аға жаттықтырушысы Ержан Урмановта жаттығады. Кейіпкеріміз мереке қарсаңында тағы бір белесті бағындырмақ. 4-12 наурыз аралығында Талдықорған қаласында өтетін WT таэквондодан Қазақстан чемпионатына қатыспақ. «Менің мақсатым – әрдайым жетілу және азаматтық қорғау органдарында лайықты қызмет атқару, келешекте осы бағытта тоқтап қалмауды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ мемлекеттік университетке «Тіршілік қауіпсіздігі негізі» мамандығы бойынша оқуға түсу және мансап сатысымен жоғары жетістіктерге жеткім келеді» деп қорытындылады Арайлым Қажтаева. Біз де өз ісінің нағыз шеберіне айналған өрт сөндіруші қыздың ісіне разы болып, еңбегіне жеміс, істеріне табыс тіледік.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы