Ақ жаулықты аналар ардақталды
Ақ жаулықты аналар ардақталды
226
оқылды

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы мерекеге орай «Батыр аналар» акциясын ұйымдастырды.  

Партияның «Бақытты отбасы» және «Кедергісіз келешек» жобалары аясында өткізіліп отырған акцияның мақсаты – батыр аналарды мерекемен құттықтап, олардың төзімділігі мен қайсарлығы үшін алғыс айту болатын. Аталған шара депутаттар мен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы басшылығының белсенділік танытуымен жалғасын тапты. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, алдағы өміріне табыс тіледі. Қала әкімі алдымен ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған Индира Баймұры­нованың шаңырағында болды. Үш жастағы кенже ұлы Али Орынбасар бүгінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталықта жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметті пайдаланады. Бүлдіршін оңалтудың жеке бағ­дар­ламасына сәйкес барлық құралмен қам­тылған. Мұрат Дүйсенбекұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Федоровнаны да мерекемен құттықтады. Ардагерге жылы лебізін білдірген қала әкімі Екінші дүние­жүзілік соғыста апа-әпкелері­міздің көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен жаужүректілігін мәңгі естен шағармайтынын, өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған күннің біз үшін маңызы ерекше зор екенін атап өтті. Майдан даласындағы естеліктерімен бөліскен Анна Федоровна бүгінгі ұрпақтан тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт өмірдің қадірін ұғынуды өтінді. Бұдан кейін шаһар басшысы 103 жастағы тыл ардагері Бибісара Иржанованы құттықтады. Ардагер ана 1918 жылы Челябинск облысы Чесменский ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. 1930 жылдары Қазақ даласына жер аударылған. Екінші дүниежүзілік соғыста тылда еңбек еткен. – Сіздер нәзік жанды жаратылыс иелерінің қаншалықты қайсар екенін көрсеттіңіздер. Осынау тыныш заман үшін біз сіздерге қарыздармыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Шара аясында мәслихат депуттары және партия белсенділері ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 615 анаға құрмет көрсетті. Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарды  да аралады. Қаланың бірқатар көпбалалы, ақ жаулықты аналарға мерекелік көңіл күй сыйлап, нәзік жанды жаратылыс иелеріне көктемнің жылуын, қуанышын, бақыты мен махаббатын сездіруге барынша атсалысты.

Әбілмансұр ЖАСАН