Алматы – еліміздегі ең ірі қаржы және бизнес орталығы. Оған дау жоқ. Тәуелсіздік жылдарында қала халқы нарыққа бейімделіп, бизнестің сан түрімен айналысып келеді. Халықаралық қаржы орталығы мен Ұлттық банк елордаға қарай қоныс аударғанмен, мұнда ірі банктердің орталық аппараттары, қазақстандық қор биржасы, шетелдік банктер мен қаржылық ұйымдардың кеңселері орналасқан. Шаһар ЖІӨ-нің, мемлекеттік бюджеттің, көтерме және бөлшек сауда операцияларының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ел астанасы Арқаға ауысқанымен, Алматының рөлі төмендемейтінін талай рет айтқан болатын. «Алматы – халықаралық сарапшылардың айтуынша, ғаламдық қалалардың тізіміне кірді. Ол – Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт-Петербор, Доха сияқты әлемдік экономиканың орталығы болып отыр» деген еді Елбасы.
Негізі, Алматы қаласы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған шаһар ретінде тарихта қалғаны анық. Елбасы шаһар жайлы: «Алматы – Қазақстан мемлекеттігінің алтын бесігі. Бұл – біздің тәуелсіздігіміз көкке самғап, Қазақстанды бүкіл әлемдік қауымдастыққа танытқан ыстық ұя. Барлық қазақстандықтар Алматыны мақтан етеді және оны әрдайым мақтан ете бермек» деген еді. Әрі мемлекет астанасы ауысқан соң көптеген құрылымдардың қалада қалып, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады. Тіпті, Ұлттық банк тәрізді қаржы ұйымдарының бас кеңселерінің елордаға көшуге асықпауына да ықпал еткені бар. Сөйтіп, қаланы елдің қуатты әлеуметтік-экономикалық, қаржы орталығы ретінде дамытуға көңіл бөлген еді. Осылайша, Алматы тәуелсіздік жылдарында еліміздегі алғашқы мегаполис қана емес, ірі экономикалық орталыққа айналды. Әлі күнге қала дамып, гүлденіп келе жатқаны да содан. Елбасы қалаға қамқорлық жасаудың маңызды екенін «Үкіметтің, министрліктердің және Президент ретінде менің де алдымда айрықша міндет – Алматыға бұрынғыдан да көбірек қамқорлық жасау міндеті тұр» дей отырып, жұртшылыққа айқын білдіргені бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы бас-көз болуының арқасында дамып келе жатқан қала бүгінде ел экономикасының донорына айналған. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өткен жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі (ЖӨӨ) 8 505,5 миллиард теңгені құрады. ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 8,2% болса, қызмет көрсету – 85,9%. Көтерме және бөлшек саудадан түскен сома 2,5 трлн теңгені құраған. Бұл жалпы өңірлік өнімнің – 29 пайызы. Одан кейінгі орында жылжымайтын мүлік пен қаржы және сақтандыру қызметіне тиісінше 1,0 трлн (ЖӨӨ 12,1%) және 933,3 миллиард (11,0%) теңге сәйкес келеді. Жалпы өңірлік өнімнің қомақты түсімі көтерме және бөлшек саудадан екенін аңғару қиын емес. Бұл қалада сауда-саттық, қызмет көрсету саласы жақсы дамығанының белгісі. Мемлекеттік бюджетке 2 290 миллиард теңге салық түскен. Биыл қаңтар айында негізгі капиталға инвестиция көлемі – 45 891 миллион теңге. Өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 5,2 пайызға артық. 1 ақпандағы дерек бойынша, қалада тіркелген заңды тұлғалар – 129 233. Тұрақты жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар 84 285 болса, оның 82 883-і – шағын кәсіпкерлік нысандары. Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер: – Алматы – еліміздің басты қаржы орталығы болып қалыптасты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қала астана мәртебесіне ие болды. Банк секторына реформа жасау, ұлттық валютаны енгізу, ұлттық валютаны енгізуге байланысты арнайы комитет құру, Ұлттық банктің Қазақстан Республикасының дербес Ұлттық банкі болып қайта құрылуы осы қалада жүзеге асты. Жаңадан коммерциялық банктердің пайда болуы Алматыдан басталды. Алғаш рет елімізде валюталық биржа пайда болып, ол бірте-бірте қор биржасына ұласты. Осылайша, валюта нарығы, банкаралық несие нарығы, қаржы нарығының әлемдік тәжірибеде қызмет ететін барлық институционалдық субъектілері Алматыда пайда болды. Ең алғаш бүкіл қаржы нарығының институционалдық негізін қалыптастырған Ұлттық банктің рөлі күшті болды. Бүкіләлемдік тәжірибеге сәйкес, Ұлттық банк бірінші деңгейдегі, ал коммерциялық банктер екінші деңгейдегі банктер болып аталды. Елімізде тұңғыш рет екі деңгейлі банк жүйесі жұмыс істей бастады. Осы шаһарда Ұлттық банк туралы, екінші деңгейдегі коммерциялық банктер туралы заң дүниеге келді. Алматы астана боп тұрған кездері ұлттық валютаны енгізгеннен кейін Қазақстанның дербес қаржы жүйесі, қаржы нарығы қалыптасты. Сол себепті қаржылық орталық ретіндегі Алматының орны бөлек. Шаһар әлі де болса нақты қаржы орталығы болып есептеледі. Себебі екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің көбінің бас кеңсесі осында. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұмыс істеп тұр. Бұл – екінші деңгейдегі банктерді қадағалау жүйесі қалыптасқан қала. Біріншіден, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Орталық Ұлттық банк пен коммерциялық банктердің қызметінің негізі болып табылатын құқықтық нормаларды қалыптастырған қала. Екіншіден, Алматы қаласында Ұлттық валютаны енгізгеннен кейін дербес Ұлттық банк, қаржы нарығының кейбір институттары құрылды. Сондай-ақ қаржы нарығын реттеудің құқықтық және нормативтік негізі қаланды. Алматы қаласы – республикалық бюджеттің доноры. Республикалық бюджеттің 20-25 пайызын осы қала береді. Бұған қаржы орталығының дамуы, коммерциялық банктердің шоғырлануы оң әсер етері анық. Қалалық бюджеттің қалыптасуына банктердің көп пайдасы тиіп отыр. Айтуар ҚОШМӘМБЕТОВ, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры: – Алматы қаласы еліміздің ғана емес, Орталық Азияның қаржылық орталығы. Қаржы институттарын дамыту шаһарға қосымша қаржы тартуға үлкен септігін тигізеді. Бүгінде бірқатар банк астанаға көшкенімен, жеке тұлғаларды алсақ, қолма-қол емес төлемнің 50 пайыздан астамы осында жасалады. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар бойынша қала үлкен үлес қосып жатыр. Біздің ойымызша, шетелдік қаржы институттарына, микроқаржы ұйымдарына жағдай жасау керек. Олар өз жұмыстарын жүйелі түрде атқарса, кәсіпкерлерге де, жеке тұлғаларға да несие пайызы төмендейді, сонымен қатар несиелердің жаңа түрлері пайда болар еді. Басқа аймақтармен салыстырғанда Алматы қаласында жұмыс істейтін жеке тұлғалар да, кәсіпкерлер де өте көп. Қалада сатып алу-сату, қызмет көрсету салалары өте жақсы дамыған. Мемлекет және қала басшылары жаңа технологияларды қолдануға көбірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Пандемия кезінде жеткізу қызметтері өте жақсы дамыды. Қолма-қол емес төлем жүйесі де 2 есеге дейін өсті. Біз Гонконг, Сингапур сияқты елдерді үлгі етіп алуға тиіспіз. Алдымызға осындай үлкен мақсат қойып, соған жете білуіміз керек. Қаржы саласы дамыса өзге салалар да мультипликативті түрде дамиды. Бұл өз кезегінде қалаға инвестиция тартуға жол ашады.