«Шыңғыс хан»: көрермен театрын, актер сахнасын сағынды
«Шыңғыс хан»: көрермен театрын, актер сахнасын сағынды
324
оқылды

Араға жыл салып, Көк­шетаудағы Шахмет Құ­сайы­нов атындағы драма театр есігі қайта айқара ашылды. Театрдың алғашқы премьерасын асыға күткен көк­ше­лік көрермен «Шыңхыс хан» драмасының билетін ту-тала­қай етті. Сатылымға шық­қан алғашқы күні-ақ би­леттер түгел сатылып кет­кен.

Дегенмен сақтық шаралары ескеріліп, театрдың жиырма пайызына ғана көрермен тол­тырған. «Шыңғыс хан» – ко­ронавирус басталғалы бері қо­йылған алғашқы қойылым. Ре­жиссері театрдың көркемдік жетекшісі,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Пьесаны қазақшаға аударған журналист Серік Жет­пісқалиев. Қойылым сонау орта ғасыр­ларда тұтас Азия мен Еуропаны аузына қаратып, жарты әлемді уысында ұстаған Шыңғыс хан­ның тұлғалық кескін-келбетін ашуға бағытталыпты. Моңғол империясының негізін қалаған Шыңғыс дәуірінің алғашқы қалыптасқан кезеңдерінен бас­тап оның қандыбалақ досы  Жал­мұқамен арақатынасы, көр­ші елдерге жасаған қанды жо­рық­тары қойылымда көрініс тапты. Жалмұқаның сатқындығы, бәйбішесі Бөртенің көрегендігі, бақсының болашақты болжауы, махаббат пен сезім, батыр­лық пен ержүрек­ті­лік шынайы бейнемен көрерменнің қиялына ерік берді. Әрине, бір жыл бойы театрды сағынған көрермен сіл­тідей тынып, сахнасын аңсаған актерлер спектакльге ерекше әзірленгені байқалады. «Спектакль көрерменге өте жақсы әсер қалдырды. Көптен бері қойылым көрмегендіктен, шынымен де бір серпіліп қал­дық. Барлық актер өз рөлдерін тамаша сомдап шықты. Көрер­мен театрын, актер сахнасын сағынып қалыпты. Бұл қойылым өзін көшпенділердің ұрпағымын деп санайтын кез келген адамға өр рух береді. Қайратын шыңдап, алға ұмтылуына әсер етеді, – дейді көрермендердің бірі Гәкку Асылбекқызы. Бас кейіпкер Шыңғыс хан­ның рөлін театр актері Медет Хамзин, Бөртені актриса Ғалия Қорабаева, Жамуханы Зүлкәпіл Батихан ойнады. Көшпенділер тарихында бақсы шамандар айрықша орын алатыны белгілі. Көк тәңірі мен отқа табынып, жерге иелік еткендер бақсыға келіп болашағын болжататын болған. Тіпті, Шыңғыс хандай алып баhадүрлер Табиғат-ана мен Жер-ананың тілін ұғатын бақсыларды іздеп жүріп алдырт­қаны қойылымда сәтті көрініс тапты. Спектакльде бақсының рө­лін мәдениет саласының үздігі, театр әртісі Дархан Әубәкіров сәтті орындап шықты. Қойы­лым­ның соңы дәуірлер бойы жалғасқан қантөгіс пен соғысты тоқтатуды ана мен сәбидің құ­діретіне бас июге негізделді. Қо­йылым соңында әскерлердің қару-жарақтарын лақтырып, сәбиі бар ананы көкке көтеру арқылы бейбітшілік пен тыныш­тықты ана мен баланың ақ адал ниеті ғана тоқтата алатынымен қойылымның шарықтау нүктесі қойылды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы